Үкімет • 24 Ақпан, 2023

Күн тәртібінде – көкейкесті мәселелер

221 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы мәселелері және салық саласына қатысты құжат қаралды.

Күн тәртібінде – көкейкесті мәселелер

Отырыста алғаш қаралған мәселе – «Қазақстан Республи­касы­ның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Құжатта кондоминиум нысанын басқарудың жеке үлгісі – тікелей бірлесіп басқаруды қалыптастыру қарастырылған. Сондай-ақ ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығын­дарын субсидиялау мәселесі енгізіледі. Бұл норма Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша әзірленді. Сенаторлар заң жобасындағы жаңашылдықтар­ды тұжырымдамалық тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар толықтыру енгізуді ұсынды. Осылайша, Сенат депутаттары құжатты жаңа редакциясымен мақұлдады.

«Заң көппәтерлі тұрғын үйлер­ді басқару тетігін жақсартуға жә­не тұрғын үй қатынастары субъек­тілерінің кейбір функцияла­рын нақтылауға, кондоминиум объектілерін басқару және кү­тіп ұстау жөніндегі қызметте ашық­тықты қамтамасыз етуге және осы үдеріске пәтер иеле­рін, тұрғын емес үй-жай­лар­ды бел­сен­ді тартуға бағытталған. Бүгін­гі таңда елімізде көппәтерлі тұр­ғын үйлердің тұрғындары алдын­да бірқатар проблема бар: тұр­ғын және тұрғын емес үй-жай­лар иелерінің белсенділігінің төмен деңгейі, кондоминиум объек­ті­лерін тіркеудегі мәселелер, сер­вистік компаниялармен шарттар және басқа да кемшіліктер», деді құжат жөнінде баяндама жасаған сенатор Бауыржан Қаниев.

Оның айтуынша, 2019 жылы қабылданған мүлік меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық көлемде іске асырылмаған. Басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлердің 85 пайызы жай серіктестік нысанына көшті, ал мүліктің меншік иелері бірлестігін небәрі 11,5 па­йызы таңдады. Сонымен қатар 1436 көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ.

Заң жобасында кондоминиум объек­тісін басқарудың жеке нысанын – тікелей бірлесіп басқару нысанын құру көзделеді. Бұл нысан пәтерлер саны он алтыдан аспайтын тұрғын үйге қатысты қолданылады. Жай серіктестік құру үшін де пәтерлер санын шектеу ұсынылады. Ол отыз пәтерден аспайтын тұрғын үйлерде құрылуы мүмкін. Қалған көппәтерлі тұрғын үйлер үшін мүліктің меншік иелері бірлестігі нысаны қолданылуға тиіс.

«Осыған орайда құжатта қарапайым серіктестік құру кезінде пәтерлер саны бойынша 30 пәтерге дейін шектеу енгізу ескерілген. Бұдан басқа, республика бойынша шамамен 10 211 аз пәтерлі үй бар. Мұндай үйлерде пәтерлердің санының аз болуы себепті мүліктің меншік иелері бірлестігіне немесе қарапайым серік­тестікке тиімсіз. Бұл тұрғыда басқарудың жаңа нысанын, яғни тікелей бірлесіп бас­қару ұсынылады. Бұл нысанды пәтерлер саны 16-ға дейінгі үйлер үшін жасауға болады», деді Б.Қаниев.

Өз сөзінде Палата спикері Сенат енгіз­ген негізгі өзгерістерге тоқталып өтті. Бұл қа­тарда көлік қоятын орындардың және қойма иелерінің мүдделерін қорғай­тын, оларды қолданудың шарттарын айқын­дай­тын нормалар бар. Сонымен бірге бюд­жет қаражаты есебінен көппәтерлі үйде лифтіні ауыстыруды немесе жөн­деуді қаржыландыру ережелері бекітілді. Осы саладағы уәкілетті орган­ның құзы­рет­тері және көппәтерлі тұр­ғын үйді салу­шының міндеттері нақты­ланды. Сондай-ақ жиналыстың, үй кеңесі­нің және ревизиялық комиссияның мүше­леріне қатысты талаптар белгіленді.

«Бұл заң Парламент депуатат­тары­ның бастамашы болуымен әзір­ленді. Ол тұрғын үй қаты­нас­тары және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық саласы бо­йынша қолданыстағы заңнаманы жетіл­діру­ді көздейді. Жалпы, мақұлдан­ған заң көппәтерлі тұрғын үйлерді қолайлы және тиімді басқару үшін құқықтық негіз қа­лыптастырады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Әскери полиция органдары тура­лы» және «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары және қорғанысты ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына бірқатар түзету енгізіп, оларды мақұлдады. Бұл заңдар әскери полицияның мәртебесі мен қызметін айқындау үшін әзірленді.

«Осы заңдар арқылы әскери полиция органдарының құзыреті мен өкілеттіктері белгіленеді. Әскери қызметшілердің құқықтық жағдайы, оларды қаржылық және материалдық қамтамасыз ету мәселелері де реттеледі. Алдағы уақытта бұл заңдар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеу­меттік-құқықтық қорғалуын қамта­масыз етуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да мін­детті төлемдер туралы» Қазақ­стан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да мін­дет­ті төлемдер туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Талқылау кезінде Салық кодексіне енгізілген түзетулер қазақстандықтардың өзекті қаржылық мәселелерін шешуге арналғаны айтылды. Мәулен Әшімбаев қарызын қайтара алмайтын азаматтарға кепілсіз несие беруді шектеуді ұсынды. Сенат төрағасы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң осы жылдың наурыз айында толық күшіне енуге тиіс екенін атап өтті. Ол өмірде қиын жағдайға тап болған борышкерлер­ге мемлекет тарапынан көмек көрсетуге бағыт­талып отыр. Спикер болашақта банкрот­тық жағдайдың көбеймеуі үшін қар­жы ұйымдарына қарыз алушылар­дың төлем қабілеттілігін тексеруге жауапкер­шілікпен қарау маңызды екенін айтты.

«Біз тұтынушылардың қарыз­дары көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша несие беру 25%-ға артып, оның көлемі 7,7 трлн теңгеге жетті. Бұл жерде сөз бизнеске емес, тұтынушыларға несие беру жөнінде болып отыр. Сондықтан болашақта банк­тер кепілсіз несие алатын тұтыну­шыларды мұқият тексеруі үшін заңнаманы қатаңдату мәселесі туындайды. Егер біз осы бағытта нақты қадамдар жасамасақ, тұты­ну­шыларға несие беру көбейіп, одан туындайтын экономикалық және әлеуметтік жағдайдың салдарынан банкротқа ұшыраушылардың қатары да арта береді», деді М.Әшімбаев.

Палата отырысында бірқатар депу­тат­тық сауал да жолданды. Сенатор Ернұр Әйткенов ма­ман­­дандырылған кәсіп­орын­дар­дың материалдық-техника­лық базасының әлсіз болуына байланысты өңірлерде сумен жабдықтау мен су бұру бағыттары бойынша жүйелі проблемалар туындағанын атап өтті. Осыған байланысты республикалық деңгейде желілер мен жергілікті су құбырларына қызмет көрсететін бірыңғай оператор құру ұсынылды.

Депутат ауылды сумен жаб­дықтау жүйесі мен су құбыр­ларының құрылы­сына қарамастан, проблемалық мәселе­лердің бірі – оларға қызмет көрсету бойынша мамандандырылған кәсіп­орын­дардың жоқтығы және іс жүзінде салынған су құбырлары әкімдіктердің есебінде қала­ты­ны немесе білікті мамандары мен мамандандырылған техникасы жоқ салаға қатысты емес кәсіпорындарға берілетіні туралы атап өтті.

«603 ауылда сумен жабдықтау желісіне тән емес саладағы кәсіп­орын­дар қызмет көрсетеді немесе су құбырлары әкімдіктердің қара­ма­ғында болады. Дұрыс емес және сапасыз техникалық қыз­мет көрсетудің салдарынан мембра­налық суды тазарту жабдықтары үнемі істен шығады және сынып қалады. Бұл – суды тазарту жүйесінің толық құруына алып келеді. Мұндай қызмет көрсетуден кейін осы су құбырлары бірнеше жылда толығымен істен шығады. Сал­дарынан тазартылған судың орны­на халық қайтадан тазар­тыл­маған су ішеді. Яғни халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдар­ламасы өз мәнін жоғалтады және бөлінген бюджет қаржысы бостан бос жойылып кетеді», деді сенатор.

Ақмарал Әлназарова Бай­қоңыр қаласындағы ахуалға алаң­дау­шылық білдірді. Онда мың­даған қазақстандық зейнеткер еліміздің Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ақпа­раттық базаларында өздері тура­лы деректердің болмауына бай­ланысты МӘМС аясында тегін ме­ди­циналық көмек ала алмай отыр.

Депутаттың айтуынша, елі­міздің 4 мыңға жуық Ресей азаматы заңнамасының ережелері бо­йынша оның ішінде 1996 жылғы үкіметаралық келісімге сәйкес зейнетақы алады. Ал қазір бұл адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек ала алмай жүр. Себебі олар туралы деректер еліміздің Еңбек министрлігінің ақпараттық базасында жоқ.

«Қазақстан Республикасының осы санаттағы азаматтары медици­налық көмекті тек қазақ­стан­дық медициналық ұйымда тегін меди­ци­налық көмектің кепілдік бе­ріл­ген көлемі аясында және Ре­сей Фе­де­рациясы ұйымында шұ­­ғыл көмек ала алады. 2022 жылы 2 мың­­нан астам науқас кон­суль­та­ция­лық-диагностикалық кө­мек, 600-ге жуық науқас жоспар­лы ста­­­цио­нарлық көмек, оның ішін­де ко­р­о­нарографиялық және оф­таль­­­мо­­хирургия көмегіне қол жет­кізе ал­май отыр», деді Ақмарал Әлназарова.

2016 жылдан бастап қалада Байқоңыр қаласының, сон­дай-ақ Төретам және Ақай ауыл­дарының тұрғындары тіркел­ген қазақстандық аурухана жұ­мыс істейді. Алайда бұл аурухана қажетті көлемде тегін медици­налық қызметтерді Қазақстанның сақта­ндырылған азаматтарына ғана көрсетеді.

«Қарттарға қатысты мемлекет­тік саясаттың негізгі ережелерін және аталған проблеманың ерекше әлеу­мет­тік маңыздылығын ескере отырып, осы азаматтарды еліміздің ақпарат жүйе­сіне енгізу, тиісті қаржыландыру мәсе­ле­сін шешуді және мемлекеттік жарна төлей­тін адамдардың жеңілдетілген сана­тында болуын қамтамасыз етуін қарас­тыруды сұраймыз», деді Ақмарал Әлназарова.

Евгений Болгерт gosagro.kz ақпарат­тық жүйесіндегі техни­калық ақауларға қатысты мәселеге назар аударып, осыған байланысты қазір шаруалар субсидия алуға өтініш бере алмай отырғанын жет­кізді. Депутаттың айтуынша, qoldau.kz платформасына қай­та оралу арқылы бұл проблеманы уақытша болса да шешуге мүм­кіндік бар. Закиржан Кузиев өз сауа­лында тұқым шаруашылығына қатыс­ты проблемаларды көтерді. Ол сұрыптау саясатындағы мем­ле­кеттік реттеу тетіктерінің жойылуы агроөнеркәсіптік кешен­дерге кері әсерін тигізетінін атап өтті. Осыған орай депутат селек­циялық жетістіктер мен тұқым шаруашылығын реттеуге және қорғауға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.