Суретті түсірген Тұрар Қазанғапов
«Астана Арена» стадионында өткен еліміздегі ең мықты екі ұжым арасындағы кездесудің сөзсіз фавориті «Астана» клубы еді. Өйткені олар біріншіден өз алаңында, екіншіден жергілікті жанкүйерлердің қызу қолдауы астында ойнады. Десе де, көпшілік жұрт маусымаралық үзілісте құрамын түгелдей жаңартып, қатарын ұлттық құрама сапында өнер көрсететін мықты футболшылармен толықтырған «Ордабасы» клубынан да ерекше ойын күтті. Шымкенттік ұжымда биылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасы мен бұрынғы «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген, сондай-ақ еліміздің бас құрамасында ойнайтын қорғаушылар Темірлан Ерланов пен Сергей Малый, қақпашы Мұхамеджан Сейсен, шабуылшы Айбар Жақсылықов және тағы басқа футболшылар доп тебеді.
Григорий Бабаян жаттықтыратын «Астана» клубы да трансфер кезеңінде қарап қалған жоқ. Мәселен, еліміздің жеті дүркін чемпиондары өз қатарына сербиялық жартылай қорғаушы Душан Йованчичті, черногориялық қорғаушы Жарко Томашевичті, гамбиялық шабуылшы Дембо Дарбоені, хорватиялық қақпашы Йосип Чондричті және франциялық жартылай қорғаушы Фабен Уреганды қосып алды.
Сөйтіп, Қазақстан суперкубогі аясында тоқсан минутқа жалғасқан тартысты матчта «Астана» клубының мерейі үстем болып, алтыншы мәрте алтын кубогті жеңіп алды. Елордалық ұжым бұған дейін 10 мәрте финалда ойнап, соның тек бесеуінде ғана жеңіс тойын тойлаған болатын. Міне, биыл алтыншы мәрте жаңа маусымды жеңіспен бастап отыр. «Ордабасы» клубына келер болсақ, оңтүстіктен келген команда биыл өз тарихында екінші рет суперкубоктің финалына шықты. Алғаш рет олар 2012 жылғы финалда ойнап, сол жылы-ақ кубокты басынан асыра көтерген еді.
Жеті мыңнан аса жанкүйер тамашалаған биылғы «Астана» мен «Ордабасы» арасындағы матчта алаң иелері айқын басымдықпен жеңіске жетті деп айта алмаймыз. Тең дәрежеде өткен ойын тағдырын 11 метрлік айып добы шешіп кетті. Кездесудің есебін 8-минутта «Астананың» жаңа ойыншысы Алекса Аманович ашты. Қорғаушының алыстан бағыттаған жойқын соққысымен салған әдемі голына жергілікті жанкүйерлер қуанып боламын дегенше «Ордабасыға» қайта оралған Еркебұлан Тұңғышбаев командаласы Асхат Тағыбергеннің пасынан кейін баспен гол соғып, бір минуттың ішінде таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. Кейіннен матч біраз саябырсып қалғандай болды. Бірінші тайм аяқталар тұста қонақтардың ойыншысы Шохбоз Умаров елордалық шабуылшы Дембо Дарбоға қарсы ойын ережесін бұзып, төреші «Ордабасы» қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрлік нүктеде мүлт кетпеген Дарбо өзінің дебюттік кездесуінде гол соғып, командасын жеңіске жетеледі. Ойынның екінші кезеңінде қос команда есепті өзгертуге тырысқанымен, гол соға алмады. Қорытынды есеп – 2:1. Осылайша, «Астана» өз тарихында алтыншы рет Қазақстан суперкубогінің жеңімпазы атанды.
Енді командалар келесі аптада басталатын футболдан Қазақстан чемпионатының матчтарына дайындалады. 4-5 наурыз күндеріне жоспарланған ел біріншілігінің 1-тур ойындарында «Астана» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдаса, «Ордабасы» Шымкентте Ақтаудың «Каспийімен» кездеседі. Сондай-ақ бұл турда «Жетісу» – «Ақтөбе», «Тобыл» – «Ақсу», «Қайсар» – «Қызылжар», «Оқжетпес» – «Мақтаарал» және «Қайрат» – «Атырау» командалары ойнайды.