Қоғам • 26 Ақпан, 2023

Тұжырымдаманы тиянақтайық

402 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел Президенті ұсынған «Әділетті Қазақстан» – әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуымызда қордаланған мәселелерді еңсеріп, дамудың соны сүрлеуіне түсуге жетелейтін идея. Бірақ оның ішкі мазмұны неден құралады, оны жүзеге асырудың жолы қайсы, тетіктері қандай? Осы сұрақтар бәрімізді мазалайды. Халықтың белгілі бір бөлігінде сенімсіздік бары да жасырын емес. Көкейді тескен көп сұраққа дайын жауап күтіп отырмай, әрқайсымыз өз бетімізше ойлануға, ізденуге тиіспіз. Әсіресе бұл көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауымның, ғалымдар мен педагогтердің парызы.

Тұжырымдаманы тиянақтайық

Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Біз елді түзетуді әуелі баланы оқытуды түзетуден бастауымыз керек». Ұлт ұстазының ұлғатты өсиетін ескеру маңызды. Елімізде білім беру саласына мемлекет тарапынан қамқорлық зор. Педагог мәртебесі туралы арнайы заң қабылданып, ұстаздардың айлығы еселеп өсті, заманауи мектептер салынып жатыр. Жабдықталу, цифр­ландыру жағынан да қара жаяу емеспіз. Таяу жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында үлкен өзгерістер болмақ. Талай халықаралық олимпиадаларда, жобалар сайысында балаларымыз топ жарып, жүлделі орындар алып жүр.

Алайда біз еліміздің рухани-зияткерлік тәуелсіздігінің негізі, адам капиталының басты құраушысы болып саналатын білім беру саласының орнықты дамуына қол жеткізе алмадық. Асығыс және ғылыми дәйектелмеген, ұлттық ерекшеліктер мен құндылықтарға негізделмеген реформалар өз нәтижесін бермей, керісінше әртүрлі келеңсіздіктерге ұшыратып келеді. Соның бір көрінісі Кембридж үлгісіне сәйкес әзірленген «Жаңартылған білім мазмұнына көшу» реформасы. Сынақтан өткізілмей, балалардың жас ерекшеліктерін ескермей бірінші сыныптан бастап үш тілді оқытудың енгізілуі, пәндер санының және апталық жүктеменің көбейтілуі, оқу мақсаттарының шамадан тыс көп қойылуы ғылыми-педагогикалық тұрғыда қате қадамдар болғанын практика дәлелдеді. Барлық дерлік пәндердің құрылымы мен мазмұнын ғылыми тұрғыда дәйексіз күрделі өзгерістерге ұшырату орта білім беру жүйесіне айтарлықтай теріс ықпалын тигізді. Мұның өзі оқулықтардың асығыс әзірленуіне және сапасының төмендеуіне әкеліп соқты.

Мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады. Жаңартылған бағдарламада білім берудің жүйелілік, ғылымилық, бірізділік, сатылай оқыту ұстанымдары ескерілмеді. Қазақ тілі пәнін оқытудың ғылыми дәйектелген дәстүрлі жүйесі бұзылып, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін қосып оқыту енгізілді. Бұл қазіргі кездегі орын алып отырған балаларымыздың сөйлеу және жазу сауатсыздығына алып келді, рухани дамуына залалын тигізді.

Ел Президентінің өзі жаратылыстану пәндерін оқытуды жақсарту, инженерлік-технологиялық мамандарды даярлауға басымдық беру талаптарын қойып отырғанда, «қысқартылған оқу жоспарының» енгізілуі салдарынан химия, биология, география, физика жүктемелері 1 сағатқа дейін кемігені ақылға сыймайды. Бастауыш мектептегі «Бейнелеу өнері», «Еңбек» пәндерін біріктіру балалардың моторикасының дамуына, еңбекке дағдылануына, психологиясына кереғар шешім болды. Талай мұғалім қысқартуға ұшырады. Балалардың денсаулығын ойласақ, «Денешынықтыру» пәнін сапалы өткізу маңызды. Бірақ сағат санын көбейтіп, сапасын төмендетіп отырғанымыз бәрімізге белгілі. Бір ғана спорт залы бар мектептерде аптасына 3 сағат денешынықтыру өткізу үшін мұғалімдер екі, тіпті кейде үш сыныпты залға жинауға мәжбүр. Мұндай сапасыз сабақ денсаулыққа зиян екені айдан анық. Келешекте аталған жүктемені екі сағатқа азайтып, оның орнына 5-11 сыныптарда қыздар, ұлдар тобына бөліп оқытса, құба-құп болар еді. Денешынықтыру сабақтарында ұлдар мен қыздарды қосып оқыту мұғалімдерге де, оқушыларға да қолайсыз, тәрбие талаптарына да кереғар. Жоғары сыныптарда қыздарға арнап аэробика/ритмика сабақтарын ұйымдастырған дұрыс болар еді. Бұл шешім қыздарымыздың сыпайы да сымбатты болуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Спорттың кейбір түрінен оқушылардың бейімі және қалауына орай үйірмелерді көбейту қажет.

Оқушылардың білімін бағалау жүйесін толықтай өзгерту оқу-тәрбие үдерісінде, мұ­ғалімдердің жұмысында зор дүрбелең тудырды. БЖБ, ТЖБ-лардың енгізілуі, интернеттің мүмкіндігі мен ата-аналардың әлеуетін ескермей электрондық күнделікке жаппай көшіру оқушылардың білім сапасының артуына оң ықпалын тигізді деп ойламаймын. Бұл менің ғана тұжырымым емес, орта білім саласындағы білікті сарапшылардың да пікірі. Бұған ата-аналармен, ғалымдармен, педагогтермен болған кездесулерде көзім жетті. Тәжірибелі ұстаз ретінде мұны бірнеше жыл бойы әртүрлі деңгейдегі басшыларға үздіксіз айтып келемін. Бес күндік оқу аптасы болғанын қолдаймын, бірақ оған сәйкес жүктеме де өзгертілуі керек еді. Ең қынжылтатыны – ауыр жүктеме, бес күндік оқу аптасы, жеті-сегіз сабақ салдарынан мектептердегі тәрбие жүйесінің әлсіреуі. Пәндер мазмұнының тәрбиелік әлеуетінің төмендеуі, академиялық көрсеткіштерге басымдық беру, тәрбие жұмысының екінші қатарға ысырылуы оқушы балалар арасында тәрбиесіздік, анайы сөздер айту, қазақ тілін қажетсінбеу, зиянды әрекеттер мен әдеттерге ұрыну, буллинг, суицид сияқты қатерлі құбылыстардың көбеюіне жол ашты.

Сонда не істеу керек? Жаһандану жағ­дайын­дағы рухани қорғанымыз, адастырмайтын шамшырағымыз ретінде ұлттық құндылықтарымызды, ұрпақ тәрбиесіндегі асыл қағидаттарды балалар мен жастарымызға берілетін білім мен тәрбие мазмұнының тұғырнамасына айналдыруымыз қажет. Осыған сәйкес білім беру жүйесін, мемлекеттік білім стандарттары мен оқу бағдарламаларын қайта құру керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз Абайдың «Толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», деп жазуы тегін емес. Ұлыларымызды ұлықтап, даналарымызды дәріптесек, әл-Фараби мен Абай мұрасын зерделесек, Алаш ардақтыларының ақыл-өсиетін арқау етсек қана күре тамырымызға байланамыз.

Біздің рухани әлеміміздің алтын арқауы, ұлтымыздың ең басты құндылығы, әрине, ана тіліміз. Көпшілік балалар мен жастардың қазақ тілінде сөйлемеуі жанымызға батады. Жағдайды түзеу үшін елімізде Қазақ тілін дамытудың арнайы тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламаларын толықтай қайта қарау маңызды. Қазіргі шетелдік үлгіде жасалған оқу бағдарламалары өзінің тиімсіздігін көрсетті. Сонымен қатар қазақ тілі пәнінің контент қорын ұлттық құндылықтар, даналар сөзі, ұлттық тәрбие қағидаларымен толықтыру, кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі көркем және танымдық әдебиеттер үлесін арттыру, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, цифрлық ресурстарда қазақ тілін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, тәрбиелік мәні жоғары контенттің үлесін, танымдық-интеллектуалдық бағдарламалар қатарын көбейту мемлекеттік деңгейде қолға алатын, кезек күттірмейтін мәселелер деп ойлаймын.

2021 жылы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті Орта білім берудің тұжырымдамасын, мемлекеттік стандарты мен оқу жоспарын, оқу бағдарламаларын қайта әзірлеу бойынша мемлекеттік тапсырыс берді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында еліміздің ең тәжірибелі де білікті ғалымдары мен педагогтерінен жұмыс топтары құрылды. Олар осы кезге дейінгі ұстаздар мен ата-аналардан түскен ұсыныстарды, Дүниежүзілік банктің жаңартылған оқу бағдарламаларына жүргізген арнайы зерттеулер қорытындыларын ескере отырып, мемлекеттік білім стандарттары мен оқу бағдарламаларын қайта әзірлеу бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізді. Орта білім берудің елдік мүддеге, ұлттық құндылықтарға, заманауи технологияны игеру талаптарына лайықталған кешенді тұжырымдамасы әзірленді. Онда Қазақ тілін, Қазақ әдебиетін, Қазақстан тарихын, Қазақстан географиясын оқытудың жаңа бағдарламалары, Абайдың «Толық адам» концепциясы, халқымыздың рухани қазыналары негізінде оқыту, тәрбиелеу, дамыту үрдістерінің біртұтастығына қол жеткізу қарастырылды. Оқушылардың жас ерекшелігін ескеру, денсаулығын сақтау, тұлғаның мүмкіндіктеріне ыңғайластыру, оқу-тәрбие үдерісінің психологиялық жай­лылығы мен ауыртпашылықты болдырмау, инклюзивтілігі, ерте кәсіби бағдарлығы сияқты ұстанымдар осы тұжырымдамада ғылыми-әдістемелік негізделе отырып көрініс тапты.

Өкінішке қарай, батыстық үлгінің, кеңестік идеологияның ықпалынан арылып, тәуелсіз Қазақстанның өзіндік білім беру моделін құруға бағытталған осы тұжырымдаманы әзірлеу жұмыстары академия басшылығы ауысқаннан соң тоқтап қалды. Сол бұрынғы Кембридж моделі аясында қалдыру шешімі қабылданып, бағдарламаларды үстірт түзету жұмыстары жалғастырылды. «Өз еліңнің көкжалдарын құртар болсаң, өзге елдің иттеріне таланарсың», деген сөз бар. Мұны бізге тарих талай рет дәлел­деген. Осы сөздің байыбына бойлап, балала­рымызға берілетін білім мен тәрбиенің қағидат­тарын алыс-жақын шетелден көшіру әдетінен арылып, ұлттық білім беру моделіне көшетін кез келді. Сонда ғана ел жастарының елжандылық сезімі артып, рухани қуаты молаятын болады, әр елдің үлгісіне алаңдаудан арыламыз.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жоғарыда аталған өзі бастаған тұжырымдамаға, білім беру стандартына қайта оралып, білікті, тәжірибелі мамандарды жұмылдыра отырып, оның жүзеге асуына жол ашса деген тілегім бар. Бұл Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың маңызды бір қадамы болар еді.

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері