Денсаулық • 27 Ақпан, 2023

Тұмаумен ауырған бала көп

413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елде коронавирус инфекцисы саябырлағанымен, қыс айларында тұмаудың өршитіні белгілі. Сондықтан дәрігерлер сырқаттың белгілері байқалса, бейқам жүрмей, дәрігерге жүгініп, аурудың алдын алу аса маңызды екенін ескертеді.

Тұмаумен ауырған бала көп

Қазір елдегі барлық өңір – КВИ таралу жиілігі бойынша «жасыл аймақта». Науқастардың 99%-ы сауығып шыққан. Десек те кейінгі 2 аптада алдыңғы 2 ап­та­­­мен салыстырғанда ауру жұқтыру 1,4 есе көбейіп, 754-тен 1 075 жағдайға дейін жеткен. Бұл туралы Санитариялық-эпи­де­миологиялық бақылау комитетінің жұқ­палы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова тарқатып айтып берген еді.

«КВИ жұқтырған пациенттерге стационарлық көмек көрсету үшін 2 056 төсектік орын ашылған. Оның ішінде инфек­циялық төсектік орын – 1 747. Қамтылғаны – 104 (6%), бос тұрғаны – 1 643 (94%). Реанимациялық төсектік орын – 309, қам­тылғаны – 8 (3%), бос тұрғаны – 301 (97%). Вирус штамдарын сәйкестендіру нәтижесі індеттің «Омикрон» нұсқасының айналымда жүргенін көрсетіп отыр. Республикада жіті респираторлы вирустық инфекциялары және тұмаудың маусымдық өсімі байқалды. Эпидемиялық маусым басталғалы ЖРВИ-дің 3,5 млн жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2 млн 300 мың жағдай анықталды. Өткен аптамен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауырғандар 1,5 есе төмендеген. Сонымен қатар тұмаудың 3 213 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1 299 жағдай анықталған»,  деді Р.Қожапова.

Ресми дерекке жүгінсек, ел аумағында қазан айынан бастап тұмау өрши бастаған. Елде оның H3N2, H1N1 және В тобына жататын түрлері кездесіпті. Осыған қоса вирустардың да бар екенін қаперден шығармаған ләзім. Мысалы, мұндай вирустардың бокавирус, парагрипп, респираторлы-синтициалды вирус деген түрлері қатар жүреді екен.

«Астана медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешеваның айтуынша, желтоқсан-қаңтар айларында тұмаумен ауырған балалар көп.

«Салыстырмалы түрде алып қарасақ, былтыр коронавируспен ауырған балалар саны басым болса, биыл тұмаумен ауырған балалар көп. Ал оның салдарына тоқталсақ, тұмау бұрын коронавируспен ауырған балаларда ауыр өтті. Тұмау болсын, мейлі ЖРВИ болсын, кішкентай балалар үшін өте қауіпті. Әсіресе екі жасқа толмағандарға қиын. Сондай-ақ бұл аурулар ересектерге қарағанда балаларда жиі кездеседі. Сырқаттанған балалардың ішінде жағдайы ауырлағандар да бар. Сондықтан тұмауратып жүрген балаларды мектепке, балабақшаға апармауға шақырамыз. Егер науқастың дене қызуы түспесе немесе құсу, лоқсу, тамақ, су ішпеу, ентікпе секілді белгілер байқалса, мін­детті түрде дәрігерге бару керек. Не­гізі, бұл ауру балалардың 80%-ында жеңіл түрде, 17%-да орташа деңгейде өте­ді. Ауыр жағдайлар көп емес», дейді ол.

Медицина ғылымдарының докторы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционисті Бақыт Көшерова халықты скринингтен, медициналық тексеруден уақтылы өтуге, коронавирустан кейінгі синдром нәтижесінде туындауы мүмкін асқынуларды болдырмау үшін профилактика үшін екпе алуға шақырды.

«Интоксикацияның айқын белгілері – әлсіздік, көп терлеу, тез шаршау. Кейбір науқастарда пневмония, іріңді синусит, тонзиллит, отит сынды қайталама бактериялық инфекциялар болуы мүмкін. Сонымен қатар созылмалы инфекциялық емес аурулары бар науқастарда жеке көрсеткіштердің жоғарылауы байқалады. Мысалы, қант диабетімен ауыратын науқастарда қандағы глюкоза деңгейі көтеріледі»,  дейді Б.Көшерова.

Осылайша, дәрігерлер тұрғындарды тұмау, КВИ және ЖРВИ-дің алдын алу үшін профилактикалық шаралар қабылдап, дәрігерлерге уақтылы қаралуға шақырды.