Жастар • 26 Ақпан, 2023

Талабымен танылған тігінші

576 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мектеп партасымен қош айтысқан әр­бір жастың алдында ма­мандық таңдау дей­тін маңызды қадам тұра­ды. Аттай қалап түс­кен мамандығынан мән таппай, яки жібі түзу жұмыстың реті кел­мей жол ортадан ба­ғыты басқа арнаға бұ­рылатындар жетерлік. Профориентологтер мұның себебін түрлі жағдаймен түсіндіреді. Жаны сүймеген жұ­мыс адамды келе-келе қажытса, кейде ке­рісінше кездейсоқ таң­даған кәсіп жұлдызын жағады.

Талабымен танылған тігінші

Бұл тұста баса мән берер тірек – адамның жігері мен ынтасы һәм өзіне деген сенімі. Құлшына кіріскен кішкентай кәсіптің өзі тау­дай табыс әкеліп жатса таң­ғалмаңыз. Ал өз ісіңізді жаныңызбен сүйіп, армандай алмасаңыз, бәрі бекер. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері талай замандасына үлгі болар алматылық тігінші бала – Бағдәулет Пар­саханов. Бағдәулет 19 жаста. Кәсіби курстың кө­мегімен-ақ мықты маманға айналған. Оның қолынан шыққан классикалық үлгідегі ерлер киімдері кә­дімгідей сұранысқа ие. Мек­теп бітірер тұста бала күннен ынтасы ауған кәсіпке қадам басқан.

– 2020 жылы Алматы қаласындағы №86 мектеп- гимназияны бітірдім. Оқу үлгерімім ойдағыдай еді, ҰБТ-дан жинаған 91 балмен бірқатар оқу орнына грант­қа түсуге мүмкіндік болды. Алайда жиған балым өзім қалаған мамандыққа жет­кіліксіз болғандықтан құжат тапсырудан бас тарт­тым. Әкем ерте дүние сал­ғандықтан ақылы бө­лімде оқып жалғыз анама жүк түсіргім келмеді. Тігін ісіне қызығатынмын. Әсіресе ерлерге арналған қым­бат костюмдер тігетін та­быс­ты дизайнерлердің па­рақ­шасына жазылып, жұ­мыс барысын бақылап жүр­дім. Бірте-бірте өзіме керегі осы екенін түсініп, ақылы курсқа жазылуға бел байла­дым. Анама бұл кәсіп үл­кен сұранысқа ие екенін, мық­ты маман болсам далада қалмайтынымды айтып көндірдім әйтеуір. Оның үстіне ақылы түрде оқуға түссем, бір жылдың өзінде миллион теңге төлеуіме тура келеді, құны 600 мың тұратын курсты оқу да біздің отбасымыз үшін үлкен тәуекел болды. Десе де анам мен ағам мені қолдады. Бұл саланың қыр-сырына баулып жүрген Әсет Айманов – еліміздегі мықты тігіншілердің бірі. Болашақта ателье ашып, өз кәсібімді өрге сүйреуді мақсат етемін, – дейді Бағ­дәулет Парсаханов.

Талантты жастың талабы сүйсіндірді. Көзінен өз ісіне деген адалдығы ұшқындап тұр. Тігін өнерінің түрлі әдісін меңгерумен шектелмей, салаға қатысты әлемдік нарықта сұранысқа ие тренд­терді тізбелеп, соңғы үлгідегі киіну мәдениеті туралы сараптап айтып берді. Таза қол еңбегінен шыққан өнім қашанда бағалы. Дейтұр­ғанмен халықтың әл-ауқаты оны толық түсінуге жете қоймағанын айтады.

– Біздің елдегі көп тігін шеберханаларында негізгі басымдық әйелдер киіміне берілген. Ерлер костюмдерін тігетін санаулы орындардың өзі әлі күнге дейін баяғы кеңестік технологияның әдіс­­терін қолданады. Біз клас­сикалық киімдердің ежелгі отаны ағылшын технологиясын негізге аламыз. Көп отандастарымыз бұл технологиядан хабарсыз. Әлемдік трендте күн сайын түрлі жаңалықтар болып жатса да, классикалық киім өз биі­гінен түспейді. Сапалы өнімді бағалайтындар, мұн­дай айрықша әдіспен тігі­летін киімдердің артық­шы­лық­тарын жақсы түсінеді. Нағыз сапалы костюм жүріс-тұрысқа ыңғайлы әрі жеп-жеңіл болуы керек. Тіпті тігістерінің қыртыстарына дейін білінбейді. Терлетпеуі керек. Базардағы көп өнім үлкен цехтарда тігі­летін­діктен желім пайдала­нады. Көп жағдайда желім­нің әсерінен костюм тер­лет­кіш әрі ауыр болып келеді. Біздің әдісте желім мүлде қолданылмайды. Қол жұмыстарының тігісі созыл­ғыш болғандықтан, үстіңе ыңғайлы отырғанын соншалық, сезбей де қаласың. Бұл істен мүлде хабары болмаса да екі өнімді салыстыра киіп көрген адам жер мен көктей айырмашылықты бірден байқайды, – дейді Бағдәулет.

Танымал тігінші Әсет Аймановтың қол астында жұмыс істейтін талапты жас заманауи медианың мүм­кіндіктерін пайдалана отырып, желі оқырмандарына костюм тігудің әдістері мен бұл бағыттағы түрлі технологиялар туралы ақпарат беруді әдетке айналдырған. Біз де Бағдәулетті инстаграм желісіндегі bakdaulet_tailor парақшасы арқылы кездейсоқ тауып алдық. Жас маман же­ліде оқырмандарына өз жұмыстарын таныстыра отырып, тігін барысын­да өздері қолданатын «Bes­po­ke» мәдениетінің ерек­шеліктерін танытуды көз­д­ей­тінін айтады.«Жақсы киіну адамның талғамын қалыптастырып қана қоймай, өзін кез келген ортада еркін сезінуге көмектеседі. Бұл тұрғыда талғам үлкен рөл ойнайды. Көп дүкендердегі тауарлар өз сапасына татымай жатады. Кейде 50-60 мыңға алған костюм мен 150 мың теңгеге алған костюмнің сапа тұрғысынан пәлендей айырмашылығы болмауы мүмкін. Халыққа осыны түсіндіргім келеді. Негізі костюм киюдің өзіндік мәдениеті бар. Қандай іс-шараға қандай костюм кию керек, жеңінің, шалбарының ұзындығы қандай болуы қажет, осының бәріне мән беруге үйретеміз», деп ой бөлісті жас тігінші.

Бағдәулеттің бойынан өз кәсібіне деген жігер-жалынның тасқынын байқа­дық. Болашақта жоғары білім иесі атану да жоспарында жоқ емес. Әзірге тігін ісінің қыр-сырын терең меңгеріп елге белгілі тігінші болуды армандайды. Жай ғана армандап емес, талпынып, талаптанып жүр.

Өткенде бір танысымыз: «Көршінің баласы аз уақытта автоэлектрик кәсібін меңгеріп еді, ауласынан көлік үзілмейді, адвокат болам деп алты жыл оқыған біздің жүгермек жеті жылдан бері желкесін қасып әлі жүр», деп еді. Жұрттың бәрі мұғалім мен дәрігер, полиция мен прокурор болмасы тағы анық. Әрине, академиялық білім алып, көкжиегіңді кеңейткенге не жетсін. Десе де ата-анасы аузынан жырып оқытқан дипломын місе тұтпай, қиял қуып жүрген жастар қаншама?! Талапқа сай маман тасада қалмайды. Бұл сөзіміздің жарқын мысалы – Бағдәулет Парсаханов.

 

АЛМАТЫ