Қоғам • 26 Ақпан, 2023

Ерекше жандарға арналған ереже

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған жиын барысында мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қолжеткізу мәселесі жан-жақты талқыланды.

Ерекше жандарға арналған ереже

Жиынға қатысушылар жар­нама, киноматография, телера­дио­дағы ақпарат тарату, ақ­паратқа қолжетімділік, ақпа­рат­тандыру сынды бірнеше заңға өзгеріс енгізуді ұсынды. Өйткені мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамда еркін өмір сү­ріп, оларға кез келген ақпарат қолжетімді болуы қажет. Заң жобасын талқылау барысында отандық телеарналарға сурдоау­дарма мен субтитрді міндетті түрде қосу ұсынылды. Өйткені ста­тистикалық деректерге сүйен­сек, елімізде көру қабілеті нашар 85 мыңға жуық азамат бар. Ал 29 мыңға жуық жанның туылғалы құлағы естімейді немесе жүре бара есту қабілеті бұзылған.

– Өкінішке қарай, есту және көру қабілетінен айырылған азаматтар үшін еліміздегі мем­лекеттік мекемелердің сайтын­дағы ақпарат қолжетімсіз. Егер қасында мәліметті оқып беретін адам болмаса, олар өздігінен қарай да, оқи да алмайды. Бұл азаматтардың құқығын шектейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2050 жылға қарай шамамен 2,5 млрд адамның, яғни әлемдегі әр төр­тінші азаматтың құлағының естуінде қиындық болуы мүмкін. Демек бұл адамдарға қоғамға бейімделу үшін қазіргіден де бірнеше есе шара қабылдауды қажет – деді «Дара» орталығының өкілі Айгүл Табергенова.

Халықаралық тәжірибеде көру және есту қабілеті нашар адамдарға ақпаратқа қолже­тімділікті қамтамасыз ету үшін жаңа технологияның жетістіктері мен қызметтерін қолданылады. Осы ретте орталық өкілі елі­міз­­дегі жарнама туралы заңға осындай тәжірибені енгізуді ұсын­­ды. Мұны дижитал-инклю­зия бойынша сарапшы Зият Әб­діқаймов та қолдады. Бұған қоса ол басқосуда қолжетімді цифр­лық орта қалыптастырудың ма­ңыздылығына тоқталды.

– Заңда мемлекеттік орган­дардың ақпараттық жүйелеріне қатысты қолжетімділік және қауіпсіздік туралы бап бар. Жүр­­гі­зілген зерттеулерге сүйен­­­сек, электронды Үкімет пор­та­лы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз. Заңның осы бөлігі тереңірек талдауды, әлі де нақтылауды қажет етеді. Электронды ақпараттық ресурс­тарға қатысты, оның ішінде элек­тронды құжаттардың қолже­тімділігіне қатысты біраз мәселе бар, – деді З.Әбдіқаймов.

Жиында Қазақ саңыраулар қоғамының төрағасы Жангелді Бек­батыров егде жастағы құлағы естімейтін азаматтар үшін суб­титрдің маңыздылығына тоқтал­ды. Ол сондай-ақ еліміздегі ерекше жандарға телеарналардағы барлық бағдарламаға сурдоаударманы міндеттеу керек деген көзқарасын ортаға салды. Мәселен, ресейлік «Рыжий» теле­ар­насында 4-12 жас аралы­ғындағы балалар үшін сурдоаударма жасалады. Яғни есту қабілеті бұзылған немесе туабітті естімейтін балақайларға мультфильм, анимациялық және көркемдік сериалдарды, шоуларды көру мүмкіндігі бар. Ал бізде бұл мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

– Түркияның Ыстанбұл қала­сындағы музейлерде болған­мын. Онда көру қабілеті нашар адам­дарға арнайы аудиоқұ­ры­л­ғы­лар беріледі. Музейдегі құн­ды­лықтардың әрқайсысында QR кодтары бар. Осылайша түрік халқының құндылықтарымен ағылшын-орыс тілдерінде ер­кін танысуға болады. Өте ыңғай­лы. Біздің жүйеге де аудио­дескрип­ция­ны енгізу керек, – дейді Жан­гелді Бекбатыров.

Бұған қоса қоғамдық бірлестік төрағасы мемлекеттік органдар көру қабілеті нашар немесе мүлдем көрмейтін азаматтарға ұсынылатын бейнетаспалардың орнына заманауи ақпараттық технологиялардың әлеуетін тиім­ді пайдаланып, You Tube желісіне ойысу керек деген пікірін білдірді.

Ал «Internews Network» ха­лық­аралық ұйымы өкілдігінің заңгері Ольга Диденко заң жобасында қоғамның бұл санатындағы азаматтар үшін телеарналар, спутниктік және кабельдік операторлар арқылы ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылғанын айтады. Осы ретте құжаттың әлі де сараптап, же­тілдіретін тұстары бар. Өйт­кені алдағы уақытта заң осы күйінде қабылданса, бүкіл отан­дық телеөнімдерге сурдоаударма мен субтитрді міндетті түрде қосу, аудиодескрипцияны енгізу қаржылық қиындықтардың, өзге де проблемалардың туындауына әкеліп соғуы мүмкін.

Бұл конструктивті ойды жи­ынға қа­тысушылар да қолда­ды. Сон­дай-ақ жиында сала мамандарын даярлау мәселесі де көтерілді. Өткен аптада заң жобасын талқылау мақ­сатында түрлі форматта бірнеше жиын өткізілді. Заң жобасы азаматтық сектор және сарапшылар қауымдастығының мүдделі өкілдерімен әлі де тал­қы­ланады. Жалпы, Қазақстан Орхус конвенциясына және БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қосылған. Сондықтан ерекше жандарға арналған ереже шеңберінде қолдау көрсету маңызды.