Экономика • 26 Ақпан, 2023

Базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды

322 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жылдық 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Жаңартылған болжам, деректерді талдау, инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау осы шешімге негіз болған. «Геосаяси жағдай және оның қалай аяқталарының әлі де белгісіз күйде қалуына, азық-түліктің әлемдік бағасының түспей тұрғанына байланысты проинфляциялық факторлар сақталып отыр», деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды

Ақша-несие саясаты комитетінің хабарлауынша, инфляциялық ішкі тәуекелдер ішкі сұраныстың орнықты­лы­ғына, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталан­ды­рушы фискалдық саясатқа және әлі де жоғары қалыптасып отырған инфля­ция­лық күтулерге байланысты.

ап

Биыл қаңтарда да жылдық инфляция өсу қарқынын жалғастырып 20,7% болды. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі басты қозғаушы күш болып тұр (25,7%-ға дейін жеделдеген). Айлық инфляция төрт ай қатарынан 1,1%-ға дейін баяулаған (2022 жылғы қыркүйектегі 1,8%-дан), бірақ әлі де орташа тарихи мәннен жоғары. Айлық инфляция сияқты база­лық инфляцияның көрсеткіштері де баяу­лап келеді, бірақ жоғары деңгейде қа­лыптасуда.

Ұлттық банк мәлімдемесінде инфля­ция­лық күтулердің шырқау шегі 2022 жыл­дың желтоқсанында тіркелгені, бірақ халықтың әлі де қымбатшылық болады ау деген қорқынышының сейілмей тұрғаны айтылады.

«Жаһандық инфляция баяулай бас­та­ды, бұған энергия ресурстарына баға­ның төмендеуі мен жеткізу тізбегіндегі жағдайдың біршама жақсаруы әсер етті. Сонымен қатар белсенді еңбек нарығына, күшті тұтынушылық сұ­ра­нысқа және пандемиядан кейін Қы­тайдың ашылуына байланысты әлем­дегі инфляцияның жеделдеу тәуе­ке­лі артып келеді. Болжам бойынша, жаһандық инфляция болжамды кезең ішінде біртіндеп баяулайды, ол орталық банктердің қатаң монетарлық саясат жүргізуімен және әлемдік эконо­ми­каның әлсіз өсуімен қатар жүретін болады. Сауда әріптес елдердегі (негізінен Ресейдегі – ред.) инфляцияның күтілетін төмендеуінің әсерінен Қазақстандағы тұтыну бағасына қысым әлсірейді», деп мәлімдейді Ұлттық банк.

Болжамға сәйкес, биыл базалық сце­на­рийде жылдық инфляция – 9-12%, 2024 жылы – 6-8%, 2025 жылы 4-6% шегінде қалыптаспақ.

«Өткен жылғы жоғары база әсерінен жылдық инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың I тоқсанында күтілуде. Инфляция болжамдарының жақсаруы ФАО астық өнімдері индексінің болжамды төмендеуіне, Қазақстанда өнімнің жақсы болуына, теңгеге қатысты нақты айыр­бастау бағамының нығаюына, сон­дай-ақ қызметтерге миграциялық шок­тың ұстамды әсер етуіне байланысты», делінеді хабарламада.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, инфляцияның ай­тарлықтай өсуіне және халықтың нақты табысының төмендеуіне қара­мас­тан, тұтынушылық сұраныс әлі де оң қалпында қалып отыр.

«Тұтынушылық кредиттеудің өсуіне, жоғары инфляциялық күтулерге орай азық-түлікке жатпайтын тауарлар сауда­сы­ның өсуі сақталуда. Бұл азық-түлікке жатпайтын импорттың артуына әкеледі. Қаңтарда негізгі капиталға инвестициялар 18,3%-ға (ж/ж) дейін өсті. Атап айтқанда, өнеркәсіпке қа­ра­жат салу көлемі – 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларында – 33,7%-ға, көлік пен қоймада сақтау саласында 31,8%-ға өсті.

Геосаяси жағдайдың айқын болмауы және азық-түліктің жоғары ба­ғасы – сыртқы ортаның негізгі про­инфляциялық факторлары болып қал­ды», деді Ғ.Пірматов.

ҰБ ел ішіндегі проинфляциялық фак­­торлар күшеюі мүмкін екенін жоқ­қа шығармайды. Жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы ұсыныстың күтпе­ген өзгерістеріне байланысты азық-түлік бағасы тез өсуі мүмкін деген тәуе­кел­дер де сақталып отыр. Тұрғын-үй ком­му­нал­дық шаруашылығының рет­те­летін қызметтеріне тарифтердің және жанар-жағармай бағасының уақыты келген реформалары тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына баға өсімін жеделдетіп жібе­руі мүмкін.

Дегенмен сыртқы инфляциялық орта жақсара бастады. Көптеген елде, оның ішінде, Қазақстанның сау­да әріптес елде­­рінде инфляциялық про­цес­тердің баяу­ла­ға­ны байқалады. Бұған шикізат пен тауар нарығындағы қы­сымның төмендеуі мен тауар жет­кізу тізбектері жағдайының жақ­саруы ықпал еткен.

«Жалпы алғанда, жаһандық инфляция одан әрі төмендейді деп күтіліп отыр. Бұған астық өнімінің мол алынуы, астық мәмілесін сақтау нәтижесінде астық бағасының төмендеуі және әлемдік экономикадағы өсудің баяулауы ықпал ететін болады. Нәтижесінде, бұл Қазақстандағы бағаларға да қысымның әлдеқайда әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Соған қарамастан, алдағы екі жылда көптеген елде инфляция нысаналы таргеттен жоғары болады. Осыған орай сыртқы монетарлық жағдай қа­таң қалпын сақтап, көптеген елдегі экономикалық белсенділікті тежейді», дейді Ұлттық банк басшысы.

Айтуынша, ұсынылып отырған болжамдар жағдайдың оң қырына қарай аунап келе жатқанына меңзейді. Атап айтқанда, жылдық инфляция біртіндеп төмендеп (жоғарыда көрсетілді), ел эко­номикасы өсім көрсете бастайды. Мәселен, алдағы үш жылда ішкі жалпы өнімнің 3,5-4,5% деңгейінде өсуі болжанады.

«Базалық сценарий кезінде тауар экспорты деңгейін мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы қолдайды. Тауар импорты өсуді жалғастырып, біздің болжамымыз бо­йынша, тарихи макси­мумдардан асады. Импорттың арту деңгейі халық пен бизнестің сұранысын қамтамасыз етуге ішкі өндірістің жеткіліксіздігіне, мем­лекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асыруға байланысты. Сыртқы орта болжамының тәуекелдері геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен азық-түлікке әлемдік бағаның жоғары болуына байланысты сақталып отыр. Сыртқы ортаның инфляциялық тәуекелдері мем­лекеттік бюджет шығыстарының өсуіне, рубльдің әлсіреуіне және санкция­ға қатысты Ресейдегі инфляцияның айлық көрсеткіштерінің жеделдеуіне бай­ла­ныс­ты», дейді.

Осы факторлардың барлығын ескере келе Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған. Бұл инфляцияны тұрақ­тан­дыру және оны орта мерзімді перс­пек­тивада біртіндеп төмендету үшін қажет болмақ. Ғ. Пірматовтың айтуынша, Ұлттық Банк инфляциялық қысымды төмендетуге және бағаның өсу қарқынын баяулатуға бағытталған ақша-кредит саясатын жалғастырады. Бұл реттегі Ұлттық Банктің негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге сәйкес базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдауды жалғастыру. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 7 сәуірде Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.