Аймақтар • 27 Ақпан, 2023

Озық тәжірибені бірлесіп атқарады

184 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптада Президент Іс басқармасы Медици­налық орталығының Шым­кент қаласындағы күн­дері өтті. Осы іс-ша­раның қоры­тындысында аталған ор­та­лықтың басшысы Алек­сей Цой мен Шым­кент қаласының әкі­мі Мұ­рат Әйтенов өз­ара ынты­мақ­тастық тура­лы мемо­рандумға қол қойды.

Озық тәжірибені бірлесіп атқарады

Үш күн аралығында ПІБ МО-ның 25 білікті маманы шаһар­дың жетекші клиника дәрі­герлерімен бірге жүзден аса нау­­қасқа медициналық кеңес бе­ріп, ондаған күрделі операция­ға қатысты.

Шектеусіз мерзімге жасалған меморандумдық келісім қала тұрғындарына дәрігерлердің тегін консультацияларын, сана­торий-курорттық емдеу және медициналық оңалту бо­йынша қызметтерді алуға, ал қа­жет бол­­ғанда жағдайы ауыр нау­қас­тарды емдеуге мүм­кіндік бе­реді. Сондай-ақ ортақ ке­лісім­нің нәтижесінде, өңірдің ме­дициналық мекеме қызметкер­леріне инновациялық технологияларды оқыту, аурулардың ал­дын алу, диагностикалау, жаңа ме­дициналық технологиялар мен инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов медициналық ор­талықтың бұл бастамасын қолдап, меморандумның алда­ғы уақытта өңірдегі медици­на саласының дамуына айтарлық­тай ықпал ететінін атап өтті.

«Үшінші мегаполисте тегін ме­дициналық көмек көрсету­дің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның 13-і – мемлекеттік, 32-сі – же­ке­меншік ұйым. 2022 жылы өлім-жітім саны мың тұрғынға шаққанда 36 пайызға азайған. Оның ішінде нәрестелер, қан айналымы аурулары мен қатерлі ісік салдарынан болатын өлім-жітім саны біршама төмендеді. Біз өңір медицинасын әрі қарай дамыту мақсатында Президент Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты мекемелермен байланыс орнатып, олардың диагностикадағы заманауи мүмкіндіктерін қолданып, тә­жірибе алмасуды көздеп отыр­мыз. Қазір мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік шеңберінде онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауға қол жеткіздік. Яғни қалалық аурухана жаны­нан құрылған ядролық медицина орталығында ПЭТ/КТ құрылғысының көмегімен жылына 3 500 адамға диагностика жасауға мүмкіндік бар. Ал сәулелі емдеу құрылғысының көмегімен жылына 10 мыңнан аса адамға ем жүргізуге болса, осы күнге дейін 180 науқас құрылғының көмегімен емделіп шықты. Сондай-ақ күрделі ме­ди­циналық құрылғылардың көме­гімен операцияның барлық түрін өзіміз жасай бастадық. Ал­дағы уақытта көпбейінді кли­­никалық аурухана мен пери­наталдық ор­та­лық ашу көзделіп отыр. Меди­циналық орталықпен ынты­мақ­­тастық меморандумына қол қою­дағы мақсаттың бірі – жоғарыда атал­ған жоспарларды бірлесіп жү­зеге асыру», деді шаһар басшысы.

Өз кезегінде Медициналық орталық басшысы Алексей Цой Президент Іс басқармасы Ме­ди­циналық орталығының ға­сырға жуық – 90 жылдан аса уақыт еліміздің денсаулық сақ­тау жүйесінің ірі мекемесіне ай­налғанын айтты.

«Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы бі­лім беру, ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын, санитарлық-эпи­де­мио­ло­гиялық зерттеулер, ин­новациялық әдістерді іздестіріп, оны тәжірибе жүзінде қолданып жатыр. Олар республиканың практикалық денсаулық сақтау саласына трансфертін жүргізеді. Кейінгі үш жылдың өзінде кли­никаның мамандары 150-ден аса жаңа технологияны республиканың тәжірибесіне алғашқылардың бірі болып енгізді. Бүгінде облыстың 130-дан аса азаматы Медициналық орталық ұйымдарында көмек алып, емдеу-сауықтырудан және оңалтудан өтті. Біз бұдан әрі өңірдің тұрғындарына прак­тикалық медициналық көмек көрсетуді арттыруды жоспарлап отырмыз», деді.

Сондай-ақ іссапар аясында ме­гаполистегі Santo фарма­цев­­тикалық компаниясы мен ПІБ Медорталығы арасын­да медициналық және фарма­цев­тикалық технологиялар бо­­­йынша ынтымақтастықты арт­­тыратын екіжақты меморандум түзілді. Қол қою рәсі­мінен соң журналистерге бер­ген сұхбатында Алексей Цой мен «Химфарм» АҚ Бас дирек­торының міндетін атқарушы Әділхан Темірбеков медицина мен денсаулық сақ­тауды дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді бірге шешуге күш салатындарын жеткізді.

Сонымен бірге тараптар өзара ынтымақтастықтың бір­қатар бағытын айқындады. Мәселен, оның ішінде ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті бірлесіп жүзеге асыру, клиникалық зерттеулер жүргізу саласында әріптестікті дамыту мақсаттары бар.

Сондай-ақ бұл құжат тарап­тардың ұзақ мерзімді өзара ұтымды серіктестігін нығайтуға, ғы­лыми-зерттеу зертханаларында ПІБ Медициналық орталығы мен Santo компаниясының қыз­меткерлерінің жұмысын қол­дауға, практикалық тәжірибе ал­масуға және клиникалық тиім­ділікті ескере отырып, дәлелді медицина қағидаттары негізінде денсаулық сақтау технологияларын бағалау мен іріктеуге бағытталған.

Келіссөз барысында орталық пен фармацевтикалық зауыт басшылығы жұмыс тиімділігін арттыруға, ол үшін түрлі тиімді әрекетті пайдалануға, тұрақ­ты түрде ақпарат алмасып оты­руға және көбірек халықаралық тәжірибеге сүйенуге уағдаласты.

Меморандум аясында делегаттар фармацевтикалық ком­панияның дәрі-дәрмек шыға­ратын жоғары технологиялы және тәртіп пен тазалық қатаң режімде сақталатын цехтарында болып, жұмысымен танысып шықты. Орталық басшысы дәрілік препаттар өндірісіндегі отандық кәсіпорынның алға бас­қан қадамдарын оң бағалап, атқарып жатқан еңбегінің нәти­жесі өте жоғары екеніне сенім білдірді.

«Ұлт саулығын нығайту – елдің басты міндеттерінің бірі. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ден­саулық сақтау жүйесін дамы­тудың басты бағыттарын айқын­дап берді. Сондықтан ең бірінші міндет – озық медициналық технология мен әлемдік стан­дарттарға сай сапалы медици­налық көмек көрсетудің қол­жетімділігін арттыру. Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының жоспары бойынша еліміздің әр өңірінде осындай тәжірибе алмасу күндері өтеді. Әлбетте, өңірлік денсаулық саласы туралы ой айтсақ, Шымкентті медицина кадрларын даярлайтын ұстахана деуге болады. Ал орталықтың басты қызметі – халыққа медициналық қызмет көрсетумен қатар әлемдегі озық тәжірибелерді елімізге әкеліп, жергілікті емдеу мекемелеріне қолданысқа енгізуге жәрдем­десу», деді А.Цой.

Айта кету керек, 140 жылдық та­рихы бар «Химфарм» АҚ компаниясы Қазақстанның фармацевтикалық нарығындағы көшбасшы кәсіпорындардың үштігіне кіреді және дәрі-дәрмектің бөлшек саудасында бірінші орынға ие.

 

ШЫМКЕНТ