Софиядағы сайысқа ел біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ халықаралық байрақты бәсекелерде әлем және Азия чемпионатының, Олимпия ойындарының жүлдегерлерінен жасақталған 12 боксшымыз қатысты. Тіпті олардың қатарында ұлттық құрамаға бір жарым жылдан кейін қайта оралған 2019 жылғы әлем чемпионы дейтін дардай атағы бар Бекзат Нұрдәулетов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев бар. Бірақ бұл боксшылардан еш қайран болмады.
Тек аталған жарыстың финалында жұдырықтасқан 57 килодағы Оразбек Асылқұловтың ғана өнері жанкүйерлердің көңілінен шықты. Ақмолалық боксшы Болгариядағы бәсекенің финалында тек жарыс қожайыны Хавьер Ибаньеске төрешілердің шешімімен жол берді (1:4) демесеңіз, жарыс бойы айдарынан жел ескен кіл мықтыларды тұғырдан тайдырды. Мәселен, ширек финалда Өзбекстанның даңқты боксшысы, жастар арасындағы әлем және Олимпиада чемпионы, ересектер арасындағы сары құрлық біріншілігінің жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Абдумалик Халоковты, былтырғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Артур Базеянды күмәнсіз жеңді. Ал финалда шыққан тегі кубалық, бірақ Болгария құрамасы сапында жұдырықтасатын Хавьер Ибаньестен төрешілердің аралас шешімімен ғана ұтылды.
Жартылай финалда жұдырықтасқан 75 килодағы Нұрқанат Райыс дәстүрлі турнирдің қола жүлдегері атанды. Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Нұрқанат финалға берілер жолдаманы жергілікті боксшы Рами Киванмен сарапқа салып, қарсыласына жол берді.
Жасыратыны жоқ, Қазақстанның бокс жанкүйерлері София шаршы алаңында ұлттық құрамаға қайта оралған Бекзат Нұрдәулетов пен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтан алтын күткен еді. Өкінішке қарай, ел үміт артқан екі боксшымыз да Болгариядан құралақан оралып, сенім үдесінен шыға алмады. 80 кило салмақта жұдырықтасқан 2019 жылғы әлем чемпионы ширек финалда аты көпшілікке беймәлім, Өзбекстан құрамасының екінші әлде үшінші нөмірлі боксшысы Жасурбек Юлдошевке есе жіберді. +92 килодағы Қамшыбек Қоңқабаев алғашқы айналымда Нидерланд өкілі Стэн Бертенсомды екінші раундта нокаутқа жіберген соң жанкүйерлер Қоңқабаев пен Жалолов екеуінің арасындағы тартысты жекпе-жектің куәсі болуға асықты. Бірақ ширек финалда отандасымыз өзбекстандық қарсыласымен жұдырықтасудан бас тартып, рингке шыққан жоқ. Мұның себебіне үңілсек, Қоңқабаев жарақатына байланысты жарысқа шықпапты. Бірақ бұл уәжге жанкүйерлер сенбейді. Олар мұның астарында басқа гәп бар деп есептейді...
Осылайша, әлемнің 38 елінен келген 400-ге жуық боксшы жұдырықтасқан сайыста Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қоламен жалпыкомандалық есепте 7-орынға тұрақтады. 7 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль жеңіп алған Өзбекстан медаль кестесінде жеке-дара көш бастады. Кейінгі орындарға Болгария (4+1+1) мен АҚШ (1+2) құрамалары жайғасты.
Былтыр дәл осы турнирде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте Ресей боксшыларымен екінші және үшінші орындарды өзара бөліскен еді. Бас жүлде әдеттегідей Өзбекстан құрамасының еншісінде кеткен болатын. Оңтүстіктегі көршілеріміз биыл бізден әлдеқайда ұзап кетті. Медаль саны жағынан да, деңгейі жағынан да.