Қоғам • 27 Ақпан, 2023

Жәрдемақымен демеу іркілмейді

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған азаматтарға жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 45 млрд теңге төленді. Биылдан бастап бұл санаттағы жәрдемақылар көлемі 8,5%-ға артты.

Жәрдемақымен демеу іркілмейді

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің хабарла­уынша, биыл мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюд­жеттен 40 млрд теңге жұм­салды. Бұған қосымша Мем­­лекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қорынан еңбекке қабілет­тілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 5 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер берілді.

1 ақпандағы дерекке сүйен­сек, шамамен 531,3 мың адам – мүгедектігі бойынша, 190,8 мың адам – асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша МӘЖ алушылар санатында.

Мүгедектігі бойынша МӘЖ көлемі мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Ал асыраушысынан айырылу жағ­дайы бойынша жәрдемақы кө­лемі қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс дең­гейіне байланысты.

Сонымен қатар мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәр­демақылардың көлемі 2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өсті. Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы ауру­дан мүгедектігі бойын­ша МӘЖ көлемі 1-топ үшін – 77 889 теңгені, 2-топ үшін – 62 068 теңгені, 3-топ үшін 42 190 теңгені құрайды.

Бұған қоса міндетті әлеумет­тік сақтандыру жүйесіне қаты­сушыларға әлеуметтік тәуекел­дер туындаған жағдай­да МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, биыл қаңтар айында 83,3 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 56 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айы­рылу бойын­ша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің көлемін бел­гілеуде кейінгі екі жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргі­зілген орташа айлық табыс, еңбек­ке қабілеттілігінен айырылу коэф­фициенттері, асырауындағы адам­дар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру сияқты дерек­тер қаперге алынады. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда еңбекке қабі­лет­тілігінен айырылу бойын­ша әлеуметтік төлемдер­дің орташа мөлшері – 33 146 теңгені, асырау­шысы­нан айырылу бойынша 34 349 тең­гені құрайды.

Сонымен қатар 67,1 мың отба­сындағы 350,4 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайын­далды. Биыл бұл бағыт­қа бюджеттен 73,9 млрд теңге бөлінді.

АӘК отбасының әрбір мүше­сіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең тө­менгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен азаматтарға тағайындалады. Биыл 1 қаңтар­дан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама көмектің табиғи нысанынан монетизациялау форма­тына, қосымша төлем түріне 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда 1,5 АЕК мөлшеріне (2023 жыл – 5 175 теңге) ауыстырылды. 1 ақпан­дағы деректі келтірсек, АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда 106,4 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.

Қазіргі уақытта азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, ауыл округінің әкім­дігінде, сондай-ақ egov.kz электрон­дық үкімет порталы арқылы бере алады.