Сайлау • 28 Ақпан, 2023

Саяси науқан алдындағы дайындық

352 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Жиында сайлау комиссияларына сайлаушылар тізімдерін ұсыну, дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері, сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарды ұйымдастыру мен өткізу және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселелері қаралды.

Саяси науқан алдындағы дайындық

Отырысқа облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары­ның аумақтық сайлау комиссия­лары­ның төрағалары мен мүше­лері, сондай-ақ осы өңірлер әкім­дері аппараттарының (БКБ режі­мінде) басшылары, саяси партия­лар, бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдері қатысты. Сон­дай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму, Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­лерінің орынбасарлары мен «Хабар» Агенттігі» АҚ бас­шылығы шақырылды. Дәстүр бойын­ша отырысқа ЕҚЫҰ ДИАҚБ сай­лауды байқау жөніндегі Мис­сиясының өкілі қатысты.

Отырыстың трансляциясы сурдоаударманы қамтамасыз ете отырып, интернет-ресурс және Youtube арқылы өтті. Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров осы сайлау науқаны аясында 21 ақпан мен 14 наурыз аралығында ОСК мүшелері барлық өңірге инспекциялық сапарлармен және аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін шыға бастағанын хабарлады.

Бүгінгі таңда олар 6 өңірге – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алма­ты, Маңғыстау, Жетісу облыстарына, Алматы қаласына барып, сайлауды өт­­кізуге дайындық барысымен, аумақ­­тық сайлау комиссиялары жүргі­зетін шаралармен танысты, сайлау үдерісіне қатысушыларда туын­дай­тын мәселелер бойынша түсінік­темелер берді, сондай-ақ практи­калық кейстерді талдады.

Ортсайлауком төрағасы сайлау­шылар тізімімен жұмысты ұйым­дастыру сайлауға дайындық кезін­дегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сайлау комиссия­лары бекіткен Парламент Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шара­лар­дың күнтізбелік жоспарларына сәйкес 26 ақпанда әкімдіктер әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімін тиісті аумақтық сайлау комиссияларына ұсынды.

Нұрлан Әбдіров бұл мәселе­нің маңыздылығын атай отырып, дауыс беру күні сайлауды сапа­лы ұйымдастыру сайлаушы­лар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығына тікелей бай­ланысты екенін айтты. Себебі сай­лаушылар тізімін қалыптасты­ру – сайлау үдерісінің маңызды ұйым­дас­ты­ру­шылық элементтерінің бірі.

Осы мәселе бойынша баяндама жасаған комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров науқан басталғаннан бері азаматтарды республикалық телеарналар, радиостансалар және баспа басылымдары арқылы сайлаушылар тізіміне енгізу тәртібі туралы кеңінен хабардар етілгенін хабарлады.

Әрбір азамат сайлау тағайын­­далған сәттен бастап және сай­лауға дейін 30 күннен кешіктір­мей, яғни 17 ақпанға дейін тиісті жергі­лікті атқарушы органда сайлау­шы ретінде тіркелу мүмкін­дігіне ие. Жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу мүмкіндіктері туралы хабардар етуді және сайлаушылар тізімдерінде, оның ішінде олар­дың интернет-ресурстарында орна­ласқан онлайн сервистер және Call-орталықтар арқылы өздерін нақтылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Азаматтардың жазбаша өтініштерінің негізінде жергілікті атқарушы органдар 48 мыңнан астам адамды тізімге енгізді.

Республиканың барлық өңір­лерін­де сайлау науқаны бастал­ған­нан бері 230 Call-орталық жұмыс істейді, оған 17 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады.

Константин Петровтің мәлім­деуінше, жергілікті атқарушы орган­дар учаскелерге берген сай­лау­шылар тізімінде 26 ақпан­дағы жағдай бойынша 12 млн 32 мың 550 азамат енгізілген. «Сай­лау­шылар туралы мәліметтер цифр­лық қорғалған түрде азаматтарды SMS арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізу туралы хабардар ету үшін оларды ұйымдастыру үшін ЦДИАӨМ-ге беріледі», деп мәлімдеді комиссия өкілі.

Дауыс беру күніне он бес күн қал­ғанда, 4 наурыздан бастап сай­лау учаскелері бойынша сай­лау­шылардың тізім­дері сайлаушыларға танысу үшін ұсынылады. Сайлау комиссия­ларының үй-жайларында сайлаушылардың тізімдерімен танысу, сондай-ақ оларға енгізілген деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Отырыс барысында жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды.

Нұрлан Әбдіров сайлау комиссиялары түрлі ақпараттық ресурстар арқылы сайлаушылар тізімінде өз мәртебесін нақтылау үшін адамдарға мүмкіндіктер жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Бұл жұмысқа Ақпарат және қоғамдық даму, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері де қатысты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов 6 наурызда МО ИРБП мен еGov-та «ЖСН арқылы сайлау учаскесін іздеу» сервистері, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары арқылы СМС-тарату іске қосылатынын хабарлады.

Мобильді банкингтің қосым­шаларында тиісті хабарламаларды іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Электрондық үкімет» порталында – азаматтарды тіркеу және азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру онлайн-сервистерін іске асыру мәселелері пысықталуда.

Нұрлан Әбдіров отырыста сон­дай-ақ сайлау үдерісін құжат­та­ма­лық қамтамасыз етуде сайлау бюл­летеніне үлкен рөл бөлінетінін атап өтті. Бюллетень арқылы дауыс берген әрбір сайлаушының ерік-жігеріне заңды күш беріледі, өйт­кені бюллетень ؘ ең маңызды сай­­лау құжаттарының бірі. Бұл бюл­­­летеньдердің нысанын, мә­тінін, шы­ға­­ры­лымын бекітуге байла­ныс­ты барлық аспектілерді мұқият құқық­тық реттеу қажетті­лігін тудырады.

Осы мәселеге қатысты жан-жақты тоқталған ОСК мүшесі Сәби­ла Мұстафина дауыс беруге арнал­ған бюллетеньдердің нысаны мен мәтінін, оларды дайындау тәрті­бін, қорғалу дәрежесін сайлау бюл­летеньдерінің саны және оларды аумақтық сайлау комиссияларына жеткізуді белгілейтінін атап өтті.

Парламент Мәжілісі мен бар­лық деңгейдегі мәслихаттар депутат­тарын сайлау жөніндегі бірлес­кен науқанның ерекшелік­терін, сондай-ақ жекелеген сайлау округтері бойынша жоғары бәсекелестікті ескере отырып, осы науқанға сайлау бюллетеньдерінің түрлері бойынша ОСК-ның жеке шешімін қабылдау ұсынылды.

Отырыста дауыс беруге арнал­ған 5 бюллетень нысандары мен бланкілеріне қойылатын талаптар, оның ішінде екі жақты формат, бюллетень бланкісінің түсі мен мөлшері бекітілді:

  1. Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Мәжілісінің партия­лық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлау бо­йынша: түсі – көк, форматы – А5;
  2. Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің бірман­даттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлау бойынша: түсі – жасыл, А5 форматы – 16 үміткерге дейін, қиылған формат – 16-дан астам;
  3. Облыстардың, республи­ка­лық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша: түсі – қызыл күрең, A5 форматы;
  4. Облыстардың, республи­калық маңызы бар қалалардың және астананың бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша: түсі – қызғылт сары, A5 форматы – 16 үміткерге дейін, қиылған формат – 16-дан астам;
  5. Облыстық маңызы бар қалалар, аудандар мәслихаттары­ның бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлау бойынша: түсі – сұр, A5 форматы – 16 үміткерге дейін, қиылған формат – 16-дан астам.

Осылайша, 17 облыстың аумағын­да орналасқан әрбір сайлау учаскесінде бюллетеньдердің 5 түрі, ал 3 мегаполисте – 4 бюллетень беріледі.

Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын, Қазақстан Респуб­ликасын­дағы сайлау­шылардың жалпы санының бір пайызын қоса алғанда, өңірлерге дайындауға және жеткізуге жататын Парла­мент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерінің саны 12 152 876 дананы құрайтынын анықтады.

Мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюл­летень­дерінің санын өңірлердің тиісті сайлау комиссиялары белгі­лейді, олардың дайындалуын және сайлау учаскелеріне уақты­лы жеткі­зілуін қамтамасыз етеді.

ОСК төрағасы ұсынылған бюллетень форматы бекітіл­ген бюл­летень мәтінін сурет сапасы мен оқылымдылығына нұқсан келтірмей орналастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ көру қабілеті нашар адамдар үшін сайлау учаскелері барлық қажетті жағдай­лармен, соның ішінде қосым­ша жарық­тан­дырумен және үлкей­ткіш­термен жабдықталатынын атап өтті.

Мәселені қарау қорытынды­лары бойынша Нұрлан Әбдіров ОСК аппараты мен аумақтық сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерін дайындау және сайлау учаскелеріне уақты­лы жеткізу жөнінде шаралар қабыл­дауды тапсырды.

Үшінші мәселе бойынша ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Ол сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлаушылардың тізімдерін көпшіліктің назарына ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің тұрған жерін ауыстырған кезде учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының өтіні­ші бойынша және оның жеке ба­сын куәландыратын құжатты ұсын­ғаннан кейін сайлаушыға дауыс беру құқығын беретін есептен шы­ға­ру куәлігін беретінін хабарлады.

Есептен шығару куәліктерін беру 4 наурыздан басталады және дауыс беру күнінің алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша сағат 18.00-де, яғни 18 наурызда тоқтатылады. Бірлескен сайлау науқанын және оның ерекшеліктерін ескере отырып, сайлаудың әрбір түрі бойынша бюллетеньдердің түсіне сәйкес дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерінің 5 түрі әзірленді.

Дауыс беру құқығын бере­тін есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру күні сайлаушыны өзі тұрған жердегі сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді.

Бұл ретте дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді. Яғни басқа өңірлерден, оның ішінде есептен шығару куәліктерімен келген, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде дауыс беретін азаматтар тиісті округ шегінде ғана дауыс береді.

Комиссия төрағасы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес Парламент Мәжі­лісінің депутаттығына канди­­дат­тар­дың партиялық тізім­дерін ұсын­ған саяси партиялар сайлау ал­дындағы пікірсайыстарға қатысу­ға құқылы екенін хабарлады. Оларды өткізудің тәртібі мен шарттарын Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

Ал сайлау алдындағы телеви­­зия­лық пікірсайыстарды ұйым­дас­тыру және өткізу туралы ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасап, пікірсайысты ұйымдастыру үшін Орталық сайлау комиссиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен тиісті телеарнаны анықтау бойынша консультация өткізгенін хабарлады. Телеарнаның функционалдық және техникалық мүмкіндіктері, сондай-ақ аудиторияны барынша қамту маңызды факторлар болды. Ақпарат және қоғамдық даму ми­­нистрлігі «Хабар» мемлекеттік жал­­пыұлттық телеарнасының эфи­­рінде сайлау алдындағы теле­ви­зия­лық пікірсайыстар өткізуді ұсын­­ды. Арна бүкіл ел бойынша теле­хабарлардың кең спектрінде ха­бар таратады. Сайлау алдындағы теле­ви­зиялық пікірсайыстарды өткізу күні 16 наурыз болып белгіленді.

Парламент Мәжілісі депутат­тары­ның кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқауға қатысуға аккредиттеу жөніндегі қорытынды мәселе бойынша ОСК хатшысы Мұхтар Ерман сөз сөйледі. Ол бүгінгі күнге дейін 11 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан 111 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады. Бүгін аккредиттеуге 2 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан 52 байқаушының кандидатурасы ұсынылды: Үндістаннан – 3 кандидатура, Молдовадан – 2 кандидатура, ТМД-дан байқаушылар Миссиясынан – 17 кандидатура, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясынан – 28 кандидатура және Шанхай ынтымақтастық ұйымынан – 2 кандидатура.

Отырыстан кейін БАҚ үшін дәстүрлі түрде брифинг өткізіп, онда комиссия мүше­лері жур­налистердің сұрақтарына жауап берді.