Қазақстан • 28 Ақпан, 2023

Франция мен Швейцария Қазақстаннан балық өнімдерін сатып алады

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Брюссельге сапары аясында еуропалық комиссарлармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Франция мен Швейцария Қазақстаннан балық өнімдерін сатып алады

Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы жөніндегі еурокомиссар Януш Войцеховскиймен келіссөздер барысында  ел Үкіметінің ЕО-мен сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуге дайындығын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, отандық балық өнімдерін Еуроодақ елдеріне экспорттау туралы сөз болды. Тиісті келіссөздер процестері аяқталып қалды.  Франция және Швейцария қазақстандық балық өнімдерін сатып алатыны туралы келісім бар.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі балық өнімдерінің ЕО елдеріне экспорты 1,5 есеге артып, 8,7 мың тоннаны құраған. Негізгі тұтынушылар Польша, Словакия, Чехия, Нидерланды, Литва, Латвия, Дания, Австрия және Германия  болды.

Сондай-ақ еліміз еуропалық нарыққа бал, жылқы еті, сиыр еті мен сүт өнімдерін жеткізе алады.

Ал еурокомиссар Стелла Кириакидеспен кездесу барысында Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы сауданы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

«Биыл күшіне енген микробқа қарсы препараттарды профилактикалық мақсатта қолдануға тыйым салу туралы Еуропалық заңнамаға енгізілген өзгерістер еуропалық мемлекеттерден Қазақстанға асыл тұқымды малды экспорттау кезінде қиындықтар туғызады», деді кездесуде Ербол Қарашөкеев. 

Осы мәселені реттеу үшін министр екіжақты ветеринариялық сертификаттарға өзгерістер енгізуді сараптамалық деңгейде пысықтауды ұсынды.

Сондай-ақ АШМ басшысы Қазақстанға жануарлар ауруларының әкеліну қаупін азайту бойынша бірлескен шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті. Мал шаруашылығын дамытудың түрлі бағдарламалары аясында елге Еуропалық Одақ елдерінен 57 мың асыл тұқымды мал әкелінді.

Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30%-ы ЕО-ның үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымы 35,6%-ға өсіп, 995,5 млн долларды құраған. Қазақстанда зығыр, бидай, рапс және өңделген дәнді дақылдардың экспорты да ұлғайған.