Саусағынан емес, көңілінен дегеніміз дұрыс шығар. Тәкен Әлімқұлов: «Домбыраны саусақ сөйлетпейді, көңіл сөйлетеді» демеуші ме еді. Дәл солай. Күй тартқанда маңдай тері бұрқырап, арқаланып алатын Жұбекең екпінін одан сайын үдете түсті. Жанарын бірде ашып, бірде жұмып күй ырғағымен бірге теңселіп, тебіреніп барады. Қоңыр үннің қойнауына еніп, сайын даланы шырқау биіктен шарлап келе жатқандаймыз. Күй құдіреті дегеніңіз – осы шығар...
Айтпақшы, Жұбекең деп отырғанымыз, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің күйшісі, «Мәдениет саласының үздігі» – Жұбатқан Тәжбенов. Тағылымды ұжымда отыз жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан өнерпаз қасиетті қара домбыраның арқасында әлемді шарлаған азамат. Қазақ өнерінің қарашаңырағына жиырма жасында қабылданған ол «өмірім домбырамен егіз өрілген» деп толғанады. Өнерпаздың өмір өрнегіне көз салсақ, расында да балаң шағынан қолынан домбыра түспеген, ән мен күйден бөліп қарауға болмайтын тағдыр иесін көреміз. Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданына қарасты Жиделік ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз 2-сыныпқа аяқ басқанда ата-анасымен бірге сол өлкенің «Жаңадәрия» кеңшарына көшіп барған. Арғы атасы Қорғанбай елге аты мәлім айтыс ақыны болыпты. Бәдік айтыста бәсі биік тұрған оның қалжыңдары ел арасында «Қорғанбайдың қағытпалары» деген атпен ауыздан-ауызға тарапты.
«Берген шайың суық па,
Жетіп барды қуыққа.
Мен келгенше жігіттер,
Домбырамды суытпа»,
деп қағытатын бабасының қанында бар қасиет Жұбекеңе дарыпты. Мектепте «домбырашы бала» атанып, кеңшар директоры Оразалы Иімбетов пен белгілі өнерпаз Рүстем Дәрібаевтың бастамасымен құрылған аймақтық «Сарыжайлау» ансамблінің белді мүшесі болды. Мектеп бітірер шақта ағалардың алқауымен Алматыға келіп өнердің қайнаған ошағына қосылған. Емтихан тапсыру кезінде П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге түсуге бір ғана ұпайы жетпеген жалынды жас, Қаскелеңдегі мәдени-ағарту училищесінің домбыра бөліміне қабылданады.
Алғашқы курсты енді аяқтағанда әскерге шақырту алып, азаматтық борышын өтеуге аттанады. Сарбаздық сапары қилы кезеңмен тұспа-тұс келіп, кеңес әскерінің құрамында Ауған даласындағы іс-қимылдарға қатысуына тура келеді. Екі жылға жуықтаған қатерлі қақтығыстың бірінде аяғынан жараланып, елге оралған ол кәсіби білімін қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетінде жалғастырады. «Сол бір сын сағатта жаныма жалау болған домбыраның қоңыр үні еді», дейді ол.
Қу ағаштың қойнынан құпия үн құйылып түсе салмайды. Шебер күйші болу үшін тек талантты болу жеткіліксіз, асқақ рух керек адамға. Тағы бір күй тыңдап алып әңгіме ауанын күй құдіреті, күйшілік өнердің өрісі тақырыбына бұрдық. Жастарды ұлттық мұраға баулып жүрген кәсіби шебердің бұл тұрғыдағы ойлары да көңілге қонады.
– Әріден бастау алған күй өнері халқымыздың тарихымен астасып жатыр. Қорқыт, Ықылас, Қазанғап, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сүгір, Дина, Нұрғисалардың арман-тілегі елімен егіз, халқымен қанаттас. Күйшілер халықтың мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін домбыраның қоңыр үнімен жеткізе білді. Күй болмысынан дәуірлердің айнасын көреміз. Құрманғазы күйлеріндегі екпін мен жігер, Дәулеткерей шығармашылығындағы терең толғаныс пен романтикаға толы лирика, Тәттімбет күйіндегі әсем әуен мен қоңыр саз, Қазанғап қолтаңбасындағы ойнақы, құбылмалы ағыстар біздің рухани дүниеміздің діңгегі. Заман арнасы қалай бұрылса да, діңгегімізден ажырамауымыз қажет. Күйдің рухын жанымен сезіне алған адам нағыз парасат иесіне айналады. Домбырадан құр күмбір емес, сезім саулауға тиіс. Өзім домбыраға баулып жүрген жастарға қояр басты талабым осы. Музыкант болу үшін адамға ең алдымен есте сақтау қабілеті мен ырғақты сезіне білу қасиеті керек. Шеберлік жылдармен шыңдалады, ал күй ырғағын, даусын, тынысын сезіну бір басқа, – дейді Жұбатқан Тәжбенов.
Күй дауысын нағыз таланттар тоғысқан сахнадан тыңдау айрықша әсерге бөлейді. Үн ырғағымен бірге қалықтайсың. Кейде шемен шерге ілесіп орман ойдың ортасына түсесің. Сырлы сазбен өмір жолағыңның өткен шақтары тізбектеліп, санаңда сан тарау сезімдер сапырылысып жатады. Ал осы сәттің әсерін сахнада сән түзеген оркестр мүшелері қалай сезінетіні бәрінен қызық. Отыз жыл бойы осы дүбірдің ортасында жүрген орындаушыдан сөз арасында мұны да сұрадық.
– Дирижердің нұсқауынан кейін оркестр шығармаға ене бастайды. Әріптестеріңе қарап өзіңді бәйгеге қосылған тұлпардай сезінесің. Бәрін ұмытып, туындының ішіне кіресің. Көз алдыңа сурет келеді. Күйші кейіптеген кезеңге, сол мекенге өтесің. Әсіресе Қазанғаптың – «Көкілін», Ықыластың «Жезкиігін» ойнағанда еміреніп кетемін. Оны тілмен жеткізу мүмкін емес, ішкі түйсікпен ғана сезінетін кеп. Ұжымды ұятқа қалдырмауың керек. Елу адам отырса да бір аспаптың рөлі зор. Мұны әрбір оркестр мүшесі жақсы түсінеді. Шығарма аяқталғандағы халықтың қошемет-ықыласы өнерімізге көрсетілген баға деп қабылдаймыз. Әр аспапшы шығарманың болмысын сезінбесе, беріліп ойнамаса күй мазмұны ашылмайды, құр әншейін сыңғырлаған құрғақ музыкаға айналады. Оркестріміздегі білікті мамандар мұны жан-жүйесімен сезінеді, – дейді өнер иесі.
Аспабың жақсы болмаса, бәрі бекер. Мың жерден шебер орындаушы болса да домбырасы мыңқылдап, шіңкілдеп, шаңқылдап тұрса күйшінің күйі қашады. Қолыңа жақсы аспап түссе – жарты бақыт. Сирек те болса сәтті жасалған ғажап домбыралар бар. Жұбатқан күйшінің қолына да мұндай көне домбыраның бірі оркестрге алғаш барғанында ілінген. Нақты қай шебердің қолынан шыққаны белгісіз айрықша үнді аспап, заманында оркестр басшылығының тапсырысымен Мәскеуде жасалған болуы мүмкін. Рысбай Ғабдиев бастаған алатаудай ағалар қиылып сұрағанда да қимапты. Оның айтуынша, домбыраның да киесі болады, әлгі домбыраны қолына қонған құт деп жориды Жұбекең. Кие мен қасиетті елемей көр. Көңіл көрігін күй күмбірінен тапқан өзі де Бесқала жерінде аты мәшһүр болған Наурызбек жырауды пір тұтып, Бөрші таудың баурайында Қарасай шалдың иірімінен қуат алып өнерге қадам басқан.
– Өмір бойы өнерім өрге сүйреп келеді. Алла Тағала біздің ризығымызды домбыраның пернесіне байлап қойғандай. Өзім еңбек ететін Құрманғазы оркестрінде жүріп, ата-бабамыз аяқ баспаған қаншама елді араладық. Жүрген жерімізде халқымыздың кеңдігін, кемелдігін, тереңдігін өнер арқылы дәріптеп келеміз. Германия, АҚШ секілді алып державалардың сахнасында қазақ күйі күмбірлегенде көрермен орнынан тұрып қол соғып, мәдениеті қандай бай ел деп тамсанып жатады. Шетелдің алып сахналарында симфониялық оркестрмен қатар өнер көрсеткен кездеріміз аз болған жоқ. Көзіқарақты көрермен қобыз бен домбыраның үніне нағыз ғажап дүние деп тамсанғанда, бізге де қанат біткендей болды. Өнер – ұлт пен ұлтты, ел мен елді жақындастыратын ұлы көпір. Ұлттық мұрамызды ұлықтап, ұрпағымызды осы рухта тәрбиелеуге тиіспіз. Өнер әлемінде Қошқарбек Тасбергенов, Айтқали Жайымов, Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Қайрат Байбосынов секілді атпал ағалардан көп дүние үйрендік. Бойымдағы титтей ұшқынды жандандыруға жиен ағам Ерғали Отаралы да мол үлес қосты. Олардың әрқайсысы – бір-бір мектеп. Күй мұхитынан нәр алып, ұлт руханиятына аз да болса үлес қосуыма жол ашқан қазақ өнерінің қасиетті қарашаңырағы – Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі, – дейді Жұбатқан Тәжбенов.
Көнеден жеткен асыл мұраны ардақтаған азамат мәдени байлығымыз келешекке керуен тарта берсе дейді. Өзі өнерге баулыған шәкірттері де күй құдіретінің терең сырына үңіліп, айтулы байқауларда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Биыл тоқсан жылдығы тойланатын ордалы ұжымның талантты өкілі ортамызға күнде келе бермесі анық. Жұмыс бөлмеміздегі жосығы бөлек жүздесу жалғаса берсе дейміз іштей. Кейіпкеріміз перне бойынан толқындап шыққан керімсал күйді ағылтып отыр. Тыңдаған сайын тынысың кеңейеді.
АЛМАТЫ