Жамбылдықтар өндіріс орындарынан шығатын зиянды заттардың зардабын шегіп отырғаны белгілі. Бір жағынан химия өнеркәсібі өркендеген өңір болған соң, мұндай мәселенің болуы заңдылық та секілді. Ал облыстағы қалдық суды биологиялық тазартудан өткізу кезек күттірмейтін мәселе екені рас. Оның зардабын тартып отырған Тараз қаласы маңындағы ауылдардың тұрғындары жанайқайын жайып салудан бас тартқан емес. Былтыр М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Химия және химиялық технология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Маржан Қалмаханованың «Қазақстандағы қалалық тазарту құрылыстарының ағынды суларындағы қауіп тудыратын ластаушы заттарды анықтау және тазарту» тақырыбындағы жобасы байқау нәтижесі бойынша үздік деп танылғанда, үміт оты тұтанғандай көрінген. Жамбылдық ғалым ұсынған жоба мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болып, 38 мың доллар көлемінде грант ұтып алған-ды. Енді осы қаражат жоба аясындағы жұмыстарға жан бітіру мақсатында жұмсалмақ. Ол қазір жобаны өндіріске енгізу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғалым зертханалық зерттеулерді қолға алу үшін наурыз айында Португалияға аттанбақ.
«Тараз халқы тұрмыстық жағдайда қолданатын су қалдығының бәрі Жамбыл ауданындағы Аса ауылының сыртындағы алқапқа құйылады. Шайынды су талай жылдан бері өңірдің экологиялық проблемасына айналғаны белгілі. Оның қоршаған ортаға зиян келтіріп отырғанын тұрғындар да біледі. Көктем шыға ауыл маңына бара қалсаңыз, қолқаны қабатын иіске шыдау мүмкін емес. Жалпы, қалдық су бірнеше сүзгіден өтіп, залалсыздандырылған соң жерге сіңуі керек. Табиғаттағы судың айналымы үздіксіз жүретін үдеріс екені белгілі. Тұрмыстық немесе өндірістік жағдайда пайдаланған су болса да, ол қайта жерге сіңеді. Оның белгілі бір бөлігі күн энергиясының әсерінен буға айналса да, жаңбыр, қарға айналып, қайта жерге түседі. Ал қалдық сумен бірге ағып шыққан зиянды заттар топырақта қалады. Шайынды су құйылатын сүзу алаңының маңында егістік алқаптары бар. Тура соған жақын жерге көктемде пияз егеді. Енді мәселенің қандай масштабты қамтып отырғанын ойлай беріңіз. Жүргізіп жатқан зерттеулер, қолға алған жоба толықтай аяқталғанда, осы проблеманы шешудің жолын ұсынатын боламыз», дейді ғалым.
М.Қалмаханованың айтуынша, жоба қатардағы көп бастаманың бірі емес. Өйткені бұл мәселені төрт бірдей оқу орнының ғалымдары жұдырықтай жұмылып зерделеп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ-тағы Небраска, Португалиядағы Браганса политехникалық университеттері мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық және Тараз өңірлік университетінің ғалымдары бірлесіп іске кіріскен халықаралық жобаның халыққа пайдасы көп болмақ.
Атап өтерлік жайт, әр университет ғалымдары қолға алған жұмыстардың өз сатылары бар. Мәселен, жамбылдық ғалым өткен жылы АҚШ-қа аялдап, мұхиттың арғы бетінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ол кезде Аса ауылынан және Алматы қаласынан апарған судың құрамындағы заттарға айрықша назар аударылған. Анықтау жұмыстары аяқталғаннан кейін арнайы материал әзірлеген. Қажетті реакцияларды жүргізген. Енді жүргізілген реакциялар ішінен ең тәуір екі үлгіні Португалияға апармақ ниеті бар.
«Жуырда жолға шығамын. Бір ай бойы Браганса политехникалық университетінде зертханалық жұмыстар жүргіземін. Сәуірде елге оралып, Дулати университетінің зертханасында зерттеу жұмыстарын жалғастыруға бекініп отырмын. Мен оралғанша Португалиядан тапсырыс берген зертханалық құрылғылар қалаға жеткізілмек. Сөйтіп, қолға алған жұмыстарды үздіксіз жалғастыруға толық мүмкіндік тумақ. Жоғарыда айтқанымдай, эксперимент негізінен екі ошаққа жүргізіліп жатыр. Сынамаға Алматы және Жамбыл облысындағы қалдық суларды алып отырмыз. Шайынды сулар ағып баратын тұндырғыш тоғандарға арнайы позис – полиорганикалық қондырғыны үш мәрте жіберіп, судың құрамындағы заттарды анықтадық. Алған нәтижені АҚШ-қа жібердік. Ол жақтан тиісті нәтижелер келді. Көңіл көншітерліктей емес. Қалалық тазарту құрылыстарының ағынды сулары сүзгіден өткенде тек 30 пайызы ғана тазаланып шығады екен. Ал шайынды су құрамындағы зиянды заттар залалсыздандырылмаған күйі жерге сіңіп жатыр. Оны біз қайта тұтынып отырмыз. Қалдық суларды сүзу алаңдарындағы проблеманың қандай деңгейде екені анықталды. Ендігі мақсат – соларға дұрыс фильтр жасау. Ол мембрана фильтрі деп аталады. Мұндай сүзгілер тек полимер заттардан жасалады. Ал полимерлер өте қымбат. Сондықтан оған өзіміз жасаған органикалық адсорбенттерді араластырып көрмекпіз. Табиғи заттарды пайдаланамыз. Бірнеше тәжірибеден кейін мақта, қарақұмық, өрік сүйегінің қабығынан алынған белсендірілген көміртектер жақсы нәтиже бергенін көрдік», дейді М.Қалмаханова.
Ғалымның пікіріне ден қойсақ, бүгінде антибиотиктер сатып алып, адсорбент катализатор жасау жұмыстарын қолға алынған. Арада аз уақыт өткенде оны тәжірибе жүзінде зерделеп көрмек. Жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін фильтрдің ішіне салатын мембрана жасауды қолға алмақ ниеті бар. Ол жұмысты Португалияда реттеуді көздеп отыр. Өйткені наурыз айында сол жақта зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргізетінін жоғарыда айттық.
«Португалияға екі материал алып кетемін. Бірі – табиғи топырақ, екіншісі – қалдықтардан жасалған белсендірілген көміртегі. Солармен фильтрдің моделін жасаймыз. Оның бәрін Португалияда жүргенде реттеуге тырысамын. Елге келген соң зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырамын. Біраз уақыт бұрын сұйық храмотографқа тапсырыс бергенмін, оны Португалиядан алдық, жуырда салып жіберді. Біз бірінші кезекте мембрана фильтрінің пайдасын ғылыми тұрғыда дәлелдеуіміз керек. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, халықаралық жобаның бірінші кезеңінде ғылыми дәйектемелерді тәжірибелік зерттеулер арқылы тиімділігін көрсетуіміз қажет. Содан кейін оған патент алып, өндіріске енгізу үшін осы бағытта жүргізілетін қаржылық конкурстарға ұсынамыз. Осы кезеңдерден өткеннен кейін оны тұндырғыш алаңдарға қоя аламыз. Бұл жоба 2022-2024 жылдарға арналған. Қазір 8 айын артқа қалдырдық. Алғашқы қағаз жүзіндегі теориялық дәлелдемелер жасаған жоба бойынша есеп бердік. Тиісті ресімдеу жұмыстарын атқардық. Ендігі міндет – тәжірибелер, зерттеулер жүргізу. Қаржыландыру жағынан мәселе жоқ. Бүгінгі таңда алғашқы жартыжылдыққа белгіленген қаржының 50 пайызы түсті. Соған зертханаға қажетті колба, пробирка, тағы басқа құрылғыларға тапсырыс бердік. Жоспарда екі жұмыс сапары бар, бірі Португалияға, екіншісі Прагаға. Прагаға зерттеу нәтижесінде алған заттарды апарып, қорғауға ниеттімін», дейді жамбылдық ғалым.
М.Қалмаханова бакалавриатты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыса, магистратура мен докторантураны М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде тәмамдапты. Маржан осы оқу орнында білім алып жүрген шақта алғаш рет химиядан диссертациялық кеңес құрылған. Ол өзінің докторлық жұмысын ағылшын тілінде жазып шыққан. Бүгінде аталған оқу орнында қауымдастырылған профессор қызметін атқарып жүр.
Ғалым АҚШ-тың Небраска университетінің грантын ұтып алған кезде де өзі еңбек ететін оқу ордасын ұмытпаған. Биыл АҚШ-тың ғылыми жобалар конкурсында тағы да бақ сынап жатыр. Осы конкурстың нәтижесі алдағы бір айдың бедерінде белгілі болмақ.
«Ең алғаш АҚШ-тың Небраска университетінің грантын ұтып алған болатынмын. Қаржы көлемі 38 мың доллар. Мерзімі 10 айға белгіленген еді. Бұл жоба біздің университетке зор пайдасын тигізді. Осы грант арқылы зертхана құрылғыларын алдық, АҚШ-қа барып зерттеулер жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл жобаға студенттерді де тарттық. Олар, әрине, тек тәжірибелік жұмыстарға ғана қатысты. Есесіне біздің топ бірнеше айға Еуразия ұлттық университетіне арнайы курсқа жолдама алды, оның қаржылық шығынын түгелдей Небраска университеті төледі. Жоба аяқталғанда белсенді студенттерге бір реттік стипендия берілді», дейді ғалым.
Жамбыл облысы