Кәсіпорын жұмысшылары алдында партияның сайлауалды бағдарламасы туралы әңгімелеген Сергей Вишняк жаңа жұмыс орындарын ашу үшін партия қандай шараларды қолға алатынына тоқталды.
Тұрақты жұмыс орындарын құру – партияның басым бағыты. Әр адам өз отбасын асырау үшін лайықты табыс табуы керек. Осы мақсатта партия жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту және жұмыс орындарын құру үшін жыл сайын кемінде 300 кәсіпкерлік субъектісіне қаржылай қолдау көрсетуге ықпал етеді. Жыл сайын кемінде 22 мың адамды бос жұмысқа орналастыруға жәрдемдесеміз. Сонымен қатар 3,5 мың жұмыссыз адамды кәсіптік оқытудан өткіземіз, – деді кандидат.
Қабылданған шаралар орташа жалақыны 264,2 мың теңгеден 320 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту мүмкіндіктерін арттыру арқылы 105 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 100 мыңға, ал онда жұмыспен қамтылғандар саны 192 мың адамға дейін артады.
Күлпаршын Айдарханова сайлауалды бағдарламада жастардың мүмкіндігін кеңейтуге көмектесетін шаралар бар екенін айтты.
– Партия жастарды жұмыспен қамту және оларды баспанамен қамту мәселесін көтереді. Жыл сайын кемінде 8 мың жасты жұмысқа орналастыруға көмектесеміз. «Жасыл ел» жобасы аясында жастарды уақытша жұмыспен қамту шаралары қолға алынады. Жыл сайын 1 500-ге жуық жас азамат жобаға қатыса алады, – деді ол.
Кездесу барысында сайлаушылар үміткерлерге өз сауалдарын қойды. Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасын әзірлеу кезінде халықтың 200 мыңнан астам ұсыныс-пікірі ескерілген. Бұған дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 55 заң жобасына бастамашылық еткенін атап өткен жөн.