Семинар-кеңестерге жергілікті атқарушы органдардың, облыстық прокуратураларының өкілдері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды ұзақ мерзімді байқаушылары қатысты.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров уәкілетті мемлекеттік органдармен және облыстық аумақтық сайлау комиссияларымен өткен кеңестерде өңірде жүргізіліп жатқан сайлаушылар тізімдері, ұйымдастыру мәселелері, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасау, сондай-ақ сайлау бюллетеньдерін учаскелерге уақтылы жеткізу және басқа да мәселелер бойынша баяндамаларды тыңдады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Кинигул Бичуинов 26 ақпандағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне өңірдің 499 085 тұрғыны енгізілгенін хабарлады. Облыс халқын сапалы ақпараттандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Сыртқы жарнаманы орналастыру үшін 167 орын анықталып, LED-экрандарда саяси партиялардың ақпараттық бейнероликтері мен үгіт-насихат роликтері көрсетіледі.
– Халықты сайлау учаскелері туралы ақпараттандыру үшін облыстың қалалары мен аудандарында әкімдіктер жанында 12 Call-орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ учаскелерде тіркеудің дұрыстығын «электрондық қызметтер орталығы»порталының «Өз сайлау учаскеңді тап» сервисі және «DigitalEast» мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.
Барлық 533 сайлау учаскелерінің шекаралары нақтыланды. Барлық сайлау округтері мен учаскелері жұмысқа дайын. Олардың жұмыс істеуі қолданыстағы заңнаманы, санитарлық нормаларды және қоғамдық қауіпсіздікті ескере отырып ұйымдастырылатын болады. Стендтермен, қалқандармен және тумбалармен жабдықталған үгіт материалдарын орналастыру үшін 470 орын белгіленген. Оның ішінде облыс орталығында – 33, қалалар мен аудандарда 437 орын нақтыланды. Ал кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 200 орын белгіленді, – деп мәлімдеді Кинигул Бичуинов.
Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 1 784 сайлаушы үшін 264 учаскеде дауыс беруді ұйымдастыру мәселелері шешілді. Олардың қатарында 1 784 сайлаушының 650-і мүгедектер арбасын пайдаланса, 700 адамның көру қабілеті жоқ және 434 адамның есту мен сөйлеу қабілеті нашар екені анықталды. Бүгінгі таңда 495 учаске бірінші қабаттарда орналасқан, 472 – пандустармен, 482 тактильді көрсеткіштермен жабдықталған. Ал дауыс беру күні ерекше қажеттіліктері бар азаматтар тұратын 13 елді мекенде Инватакси қызметі ұйымдастырылып, 113 учаскеде сурдоаудармашылар жұмыс істейді.
Сондай-ақ семинар-кеңесте Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Жандос Қоңыров сөз сөйлеп, сайлау науқанын өткізу кезеңінде сайлау үдерісіне қатысушылардың заңнаманы сақтауын қадағалауды жүзеге асыру туралы хабардар етті.
Абай облысы әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсенбаев облыс бойынша барлығы 416 030 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілгенін хабарлады. Облыста сондай-ақ, облыс әкімдігінің, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің интернет-ресурстарында «Өз сайлау учаскеңді анықта» іздеу сервистері жұмыс істейді.
– Сервистер ЖСН мен мекен-жайды көрсете отырып, сайлау учаскесі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қалалар мен аудандарда Call-орталықтар жұмыс істеп тұр. Облыс аумағында анықтамалық ақпаратты алуды жеңілдету үшін 24/7 режімінде 109 тегін нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 11 аумақтық, 141 округтік және 478 учаскелік сайлау комиссиялары құрылды. Барлық 478 сайлау учаскесі жұмысқа дайындалды, материалдық-техникалық қамтамасыз етілді, – деді Жасұлан Сәрсенбаев.
Ж.Сәрсенбаевтың хабарлауынша, облыста мүгедектігі бар адамдардың саны 2 687 адамды құрайды. Барлық сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайлармен, соның ішінде пандустармен және тактильді көрсеткіштермен жабдықталған. Сондай-ақ азаматтарды тіркеу орны бойынша сайлау учаскелерінде дауыс беру күні қосымша 15 жылжымалы пандус орнатылады. 395 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдар үшін бұрыш ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Кеңес барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Константин Петров пен Сәбила Мұстафина аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне сайлау заңнамасының барлық жаңалықтарын, ағымдағы сайлау науқанының ерекшеліктерін түсіндірді, сондай-ақ сайлау комиссиялары Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі барлық негізгі іс-шараларды бақылауда ұстап, осы ел үшін маңызды және жауапты сайлауды заңға қатаң сәйкес өткізуге дайын болуға тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар семинар-кеңес аясында аумақтық сайлау комиссиялары үшін іскерлік ойын түрінде оқыту тренингі ұйымдастырылды. Тренинг барысында сайлау комиссияларының мүшелері оның барлық компоненттерін қамти отырып, учаскелерде дауыс беру үдерісін көрсетті. Олар сайлау күні учаскелерді ашудан, дауыс берушілерді тіркеуден, бюллетеньдер беруден және барлық жұмыс аяқталғанға дейін учаскелік сайлау комиссияларының қалай жұмыс істейтінін көрсетті.