Елорда • 01 Наурыз, 2023

Ауданның абат келбеті

189 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының коммуникациялар қызметі ала­ңында Байқоңыр ауда­нының даму жоспары туралы жан-жақты мағлұматқа қанықтық. Аталған аудан әкімі Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, көгалдандыру жұмыстарына баса көңіл бөлінеді.

Ауданның абат келбеті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Спикердің айтуынша, Бай­қоңыр ауданының жалпы ауданы 18 129 га құрайды. Тұр­ғындар саны – 233 375 адам. Ау­дан аума­­ғында «Өндіріс», «Кир­пич­­ный», «Казгородок» тұр­ғын алап­тары және 12 саяжай қауым­дастығынан тұратын «Қоянды» саяжай алабы орналасқан. 2022 жылы 55 аула абаттандырылды, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 аула­ны абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Абаттандыру барысында 13 футбол алаңы, 3 бас­кетбол алаңы, 1 хоккей корты, 304 көше тренажерлері, 600 шағын сәулет нысандары, 70 жарықтандыру бағанасы, 30 мың шаршы метр төсеніш жабыны, 45 мың шаршы метр асфальтбетон жабыны, 7 қоғамдық кеңістік орналастырылды.

Ал 2023 жылы 8 қоғамдық кеңістікті, 25 ауланы, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 ауланы абаттандыру жоспарла­нып отыр. Жарықтандыру жабдықтарын орнату бойынша жұмыстар ауданның барлық көшесінде жүр­гізілді. 446 көппәтерлі тұр­ғын үйдің кіреберістері, балалар алаң­дары, орамішілік кіреберістер мен өтпелер жарықтандырылды, жарықтар саны – 1 251.

Сонымен қатар биыл Алаш тас жолы, Әл-Фараби даңғылы, Пушкин көшелерінде ұзындығы 18,81 км болатын 10кВ кабель желілері ауыстырылады. Бұған қоса Уәлиханов көшесі, Пушкин көшесі, Иманов көшесі, Кенесары көшесі, Жаңажол көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Алаш тас жолы көшелерінде уақытша әуе кабель желілері жаңаланады.

Ал көгалдандыру жұмыс­тарына келсек, биыл 10 200 түп ағаш отырғызылады.

– Жол және көлік инфрақұ­рылым бойынша көшелер саны – 216. Оның ішінде асфальт төселгені – 177 көше (194 км), 39-ы – асфальтсыз (32 км). 2022 жы­лы 11 көше, ұзындығы 6,426 км жолдар орташа жөндеуден өтті. Осы жылы ұзындығы 11,7 км құрайтын 11 көше жөнделеді. Аудан аумағын санитарлық тазартуды 21 мердігерлік ұйым жүзеге асырады. Жиналатын аумақ­тың жалпы ауданы – 16 млн шаршы метр. Даңғылдар, көшелер, тұйық көшелер – 216. Даңғылдардың, көшелердің, тұйық көшелердің, орамішілік өткелдердің ұзындығы – 309,3 км. Арнайы техника саны – 257 бірлік. Жол жұмысшыларының саны – 403 адам. Шұңқырлар саны – 48 бірлік. ҚТҚ жинауға арналған нүктелер саны – 599 бірлік. Қоқыс контейнерлерінің саны 2 399 бірлікті құрайды. 2022-2023 жылдардағы қысқы ке­зеңде 114 900 текше метр қар шы­ғарылды, – дейді Е.Жау­лыбаев.