«2023 жылы дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 398,2, майлы дақылдар – 72,2, қант қызылшасы – 10,4, картоп – 11,8, көкөніс пен бақша дақылдары – 61,7, мал азығы 216,7 мың гектар алқапқа егіледі деп жоспарлап отырмыз. Көктемге дала жұмыстарына қажетті 90,2 мың тонна тұқымның 68,9 мың тоннасы дайындалған. Нақтырақ айтар болсақ, қорда қажетті тұқымның 76,4 пайызы бар. Бұған қоса қант қызылшасының, дәндік жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері және күнбағыс дақылдарының тұқымын шет мемлекеттерден, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарынан жеткіземіз», дейді басқарма басшысы.
Н.Жігітековтің айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын уақтылы үйлестіру үшін шаруа қожалықтарын 15,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отынымен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда қажетті дизель отыны жанармай құю бекеттеріндегі арнайы операторлар арқылы шаруаларға төмен бағамен өткерілуде. Сондай-ақ биыл 280 мың гектар алқапқа 54 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылмақ.
«Басқарма тарапынан шаруаларға қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Шаруашылық басшылары 50 пайыз қаражатты өз есебінен, қалған 50 пайыз қаржыны субсидия есебінен жабуы үшін «ҚазАзот» ЖШС және «Қазфосфат» ЖШС-ы зауыттармен меморандум жасалған. Меморандум негізінде облыс шаруашылықтарының егін науқанындағы отандық тыңайтқыштарға деген қажеттілігі мен сұранысы қамтамасыз етіледі», дейді Н.Жігітеков.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің де назарынан тыс қалмақ емес. Оның айтуынша, диқандардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық тарап жан-жақты жағдай қарастыруы қажет.
«Шаруа қожалықтарына операторлар тарапынан бөлінген дизель отыны ай сайын тиісті деңгейде үлестіріліп отыруы керек. Ол Үкімет белгілеген жеңілдетілген бағамен берілуге тиіс. Бұл жұмысты тікелей бақылаймыз. Қазір мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Биыл қант қызылшасы алқабын бірнеше есеге ұлғайту туралы шешім қабылдадық. Қысқасы, өңірде тәтті түбірді өсірудің тиімді екенін бәріміз түсініп отырмыз. Шаруалардың да жұмысқа белсене кіріскені көңіл қуантады. Балтамыр көлемін арттыру бойынша шаруа қожалықтар арасында түсіндіру жұмыстарын тоқтатпаймыз. Былтыр ауыл шаруашылығы құрылымдарына 60 млрд теңгеге қолдау көрсетілген болса, биыл оның көлемі 100 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Сонымен қатар бір ескеретін мәселе, егіс алқаптарына ағын су жеткізу үшін қожалық жетекшілері «Қазсушар» мекемесімен келісімшартқа отыруы керек. Аталған мекеме егіс алқабына су жеткізіп беруді міндетіне алған жағдайда ғана ол алқаптарға суармалы дақылдарды орналастыруға рұқсат беріледі», дейді Н.Нұржігітов.
Қысқасы, жамбылдық диқандар көктемгі егіс жұмыстарына тас түйін дайын секілді. Салалық басқарма басшысы шаруалардың жұмысқа қарқынды түрде кірісуі үшін қолдан келген көмекті аямайтынын айтып отыр. Қожалық басшыларына да керегі сол емес пе?
Кейінгі жылдары өңірде қант қызылшасын өсіруге айрықша басымдық берілгені рас. Шаруа қожалығының басшылары да балтамыр алқабын ұлғайтуға ниетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да басымдыққа ие болатын сияқты.
Жамбыл облысы