Қарап отырсақ, шебер әңгімеші қысқа болса да, мағыналы, жап-жақсы өмір сүріпті. Чеховтың ғұмыры еңбекке де, саяхатқа да, тіпті соқыр тәуекелге де толы болды. Ауыр науқас әлпетін адам танымастай өзгерткенге дейінгі сұлулығы да аңыз. Тіпті Ялтада өткізген соңғы жылдарында жазушыға гимназия қыздары әсте тыным бермепті деседі.
Сахалин сапарынан Үнді мұхиты мен Цейлон арқылы қайтқан суреткер барлық қаламдасы сияқты саяхаттағанды ұнатқан. Бірақ Чеховтың отырықшы өмірге, өз «үйіне» деген ұмтылысы бір сұмдық әсер етеді. Ол 44 жыл ғұмырының 26 жылында ғана мүмкіндігі бола тұра, Мәскеу түбінен Мелихово қожалығын, Ялтадан Белая дачаны, жазғы үйді және Гурзуфтан Книпперді сатып алады. Мелиховода тұрғанда хат жазумен (оның хат алмасатын дорбасы әлі күнге дейін Мелихов музейінде ілулі тұр), дәрігерлікпен шұғылданған.
Жалпы, орыс әдебиетінің әлем творчествосындағы үш темірқазығы Толстой, Достоевский һәм Чехов екені сол заманда-ақ мойындалған. Ал атақты Пушкинге келсек, орыс әдеби газет-журналдарынан бақылап көргеніміздей, Пушкин әлемге жете алмапты. Неге десеңіз, оны асқақтату ұлттық мақтаныштан гөрі ұлттық менменшілдікке сайып келеді екен-мыс. Ұранға айналған Аполлон Григорьевтің «Пушкин – біздің барымыз» деген сөздерінде акцент үшінші сөзге түскендігі мақаланың контекстінен аңғарылып тұрғанына да еріксіз иланасың.
Ал суреткер Чехов көптен бері «орыстікі» ғана емес. Әлемдік сахналарда ең көп қойылатыны да Шекспир мен Чеховтың пьесалары. Екеуін де тәуір драматург санамаған Лев Толстой кейін сұмдық таңғалған да болар. Тіпті Чехов үшін іштартып ерекше қуанатын жөні бар. Өмір жолдарына қарасақ, ұлы Толстой Чехов ағайды қатты құрмет тұтқан. Толстой 1901-1902 жылдары Қырымда емі жоқ сырқатқа шалдыққанда, Чеховпен ұзақ әңгімелесіп отырады екен. Ал Гаспрада Толстой тек Чеховпен ғана суретке түскен. Мұңды суретте ауыр дертке шалдыққан қос алып жазушы графиня Панинаның вилласының террасасында отыр. Бұдан кейін қарт Толстойға 10 жылдай өмір сүру бұйырса, әлдеқайда жас Чехов екі жыл өткен соң Баденвейлерде қайтыс болады.
Ендігі бір жайт, 1897 жылдың көктемінде Чеховтың құрт ауруы асқынып, ауруханаға түскенде, алғашқы болып көңіл сұрап келген де Толстой. Оның денсаулығы әзірге сыр бермегендіктен бе екен, мәңгілік өмір туралы сөз қозғаған. Әсерлі сөйлегені соншалық, кеткен соң Чехов тоқтаусыз қан құсыпты.
Жазушы туралы көп естелік жазғандардың бірі – Горький. Жалпы, ол өзінен бұрынғы тұлғалар жайында да көп сыр шерткен кісі.
«Чехов қарапайым сөйлеген адамды, өзіне ғана ұқсаған адамды жақсы көруші еді, – деп бастайды Горький. – Өзінің өресі жетпейтін «биік» тақырыпқа қол сермеп, білгішсініп бәйге ала қоюға құмар жандарды жек көретін ол. Чеховтың алдына келген кісі біраздан кейін қарапайымданып сала беретін, өзінің табиғи кейпіне кіретін.
– Бір күні Чеховтың үйінде отыр едім, – дейді ол, – сонда орасан әдемі киінген үш ханым, иіс майларын аңқытып, торғын көйлектерін сусылдатып кіріп келді де саясат мәселесін күйттеп, аңсап жүрген жандарша «сұрақтарды» үсті-үстіне жаудыра бастады:
– Антон Павлович! Сіз қалай ойлайсыз, осы соғыстың аяғы немен тынар екен? – деп төтесінен тік қойды.
Антон Павлович жөтелгендей болды, азырақ отырды да, байсалды үнмен, майда тілмен:
– Заты, бітісіп тынатын болар, – деп жауап қайырды.
– Әрине, дұрыс айттыңыз! Сонда да қайсысы жеңер екен? Гректер ме, түріктер ме?
– Менің болжауымша, қайсысы күшті болса, сол жеңеді...
– Ал сізше қайсысы күшті?
– Әрине, қайсысы дәмді тамақты мол жейтін болса, кімнің білімі көбірек болса, сол жеңетін шығар, – деп түйді.
– Рас қой, қалай тауып айттыңыз! – деп бір әйел дыбысын ышқына шығарды.
– Ал өзіңіз қайсысын жақсы көресіз – гректерді ме, жоқ, түріктерді ме?
Осы мезетте Чехов әлгі ханымға сүйсіне қарағандай болып, жымия күлді де:
– Мен өзім мармеладты жақсы көрем, ал сіз ше? – деді.
– Ойбай-ау, мармеладты мен де жақсы көрем ғой! – деп біреуі қуана жауап қатты, жүзі нұрланып сала берді.
– Шіркін, мармеладтың иісі жұпардай аңқиды-ау! – деп екіншісі пысықтады.
Мармелад мәселесін үшеуі де жете біледі екен, ауыздарының дәмін алып емешесі құрып сөйледі. Осы мезгілге дейін ойларына кіріп шықпаған түріктер мен гректер жөнінде әңгіме қозғаудың ауыр екенін енді ұқты. Үшеуі қатты ырза болды, үйден шығып бара жатып: «Сізге мармелад жібереміз!», деп уәделерін берді.
Әйелдер кеткеннен кейін:
– Сіз өте әдемі әңгімелестіңіз ғой! – деп қалжыңдадым.
Антон Павлович сылқ-сылқ күлді де:
– Әр адам өз тілімен сөйлеу керек қой, – деді.
Чеховтың басқалардан ерек сыпайылығы ел аузына осылай таралыпты. Тағы бірде революциялық бағытты ұстанатын қыздар Горькийді қоршап алып, оның «марксист», әлде «халықшыл» екенін анықтамаққа бекінеді. Горький өзін тығырыққа тірегенді жек көретіндіктен бір қыздың «Сіз қай платформада тұрсыз?» деген сұрағына: «Қымбаттым, платформада бөрене тасиды», деп бұрқ етіпті. «Мармелад» пен «бөрене» арасындағы айырмашылықтан-ақ бірінің Чехов, бірінің Горький екенінен жаңылысу тіпті мүмкін еместей.