Қоғам • 02 Наурыз, 2023

Қаламақысы үзілмейтін шығарма

445 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Меценат» әдеби байқауының тұңғыш жеңімпазы, жазушы Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романының тұсаукесері өтті. Тәуелсіз бәйгеде топ жарған дәл осы романы үшін автор өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары мөлшерінде сый­ақы алып отыратынын бұған дейін жазған едік. Ұлт әде­бие­тіне жаңалығымен енген шығар­маның таныстырылымына зия­лы қауым өкілдері қатысты.

Қаламақысы үзілмейтін шығарма

«Күлпет» романы Қазақстанның социализм дәуіріндегі кезеңінен бас­тап қазіргі күнге дейінгі тарихын бас­ты кейіпкер Әбужан Райысовтың өмірі мен тағдыры арқылы суреттей­ді. Роман туған жерге деген махаббат пен шынайы патриотизм, қазақ әйелінің адалдығы, ұлттық дәстүрді сақтау сияқты құндылықтар арқылы бүкіләлемдік мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді.

Автор басты кейіпкердің жан дүниесін ашу арқылы адамның өзін өзі тануы мен мына жалған дүниенің барлық құпияларын зерттеудің қан­шалықты маңызды екенін көрсетеді. Жазушы өзінің философиялық ойларына сүйене отырып, көптеген адамзаттық мәселені батыл қозғай білген.

Жалпы, бұл роман сексен жылдық тарихты қамтиды. Үш ұрпақтың өмірі. Әрине, таза көркем әдебиеттің формасы қазір ескірді. Экспрессия мен эпатия мидай араласып кеткен заманда бес жүз беттік романның оқылуына күмәнмен қарайтындар да табылады. Ақпараттық технология адами қатынастарды басып озған кезеңде роман авторы Шархан Қазығұл роман жанрына өзіндік трансформация жасай білген. Шығарма халықаралық форматта жазылған. Өте жеңіл оқылады.

– Жазушы-публицист Шархан Қазығұл не жазса да ешкімге ұқса­майды. Өзіндік стилі қалыптасқан қаламгер. Тілі шұрайлы. Ең бастысы, ол әбден жауыр болған тақырып­тар мен жылтыр сөздерді қолданудан әсіре қашып отырады. Автордың бұл қасиеті «Күлпет» романында жар­қырай көрінген. Адамзаттың ал­дын­да тұрған сұрақтарға жауап із­деген Шархан – бақытты қаламгер, – дей­ді әдеби шығармаға қатысты пікір біл­дірген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досқан Жолжақсынов.

Романдар көптеп жазылып, олар барынша насихатталған са­йын, аудитория кеңейе түспек. Оқыр­ман­дарымен жүздескен автор бүгінгі әдебиетке қойылып отырған талап, өз шығармашылығындағы бағыт-бағдар туралы ойларымен бөлісті.

– Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті қандай болуы керек деген сұрақтың маңайында аз-кем ойымызды айта кеткеніміз жөн болар. Көркем шығар­ма қалай жазылуға тиіс? Кез келген қаламгер ең алдымен осы сұраққа жауап іздеуі керек. Мына жалған дүниеде мен кіммін? Бұл туралы «Қылмыс пен жаза» романының авторы Федор Достоевский де өз кейіпкері Раскольниковтың аузымен айтып кеткен: «Тварь ли я дрожащая или право имею...». Иә, адам мына өмірге не үшін келеді? Миссиясы не? Бейшара болып өмір сүру үшін бе? Әлде Құдайдың сыйлаған өміріне лайықты жауап беру үшін бе? Адам жанын зерттегісі келген қай жазушы да осы философиялық постулатқа жауап іздеуі керек деп ойлаймын. Қазақ жазушысы енді өз орбитасынан шығып, бүкіл адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтардың жауабын іздеуі керек. Бірақ біз тек өз тамырымыздан үзілмегенде ғана өркениеттің биігіне жете аламыз. Сон­дықтан да қазақ жазушысы өз ұлты­ның бірегейлігін жоғалтпай отырып, басқа ұлттарды мойындата алатынын ешқашан естен шығармауға тиіс, – дейді Шархан Қазығұл.

Еске салсақ, қазір үздік роман үшін жыл сайын берілетін MECENAT.KZ әдеби сыйлығының екінші кезеңі жүріп жатыр. Байқаудың талаптарымен жоба сайтында танысуға болады.

 

АЛМАТЫ