Пікір • 01 Наурыз, 2023

Жазу да жазу

513 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы күні жаның жақсы кітап із­дейді. Сөредегі сағыныса көрісетін шы­ғармалар түгесілген соң жаңа бір дүниеге аңсарың ауады. Өзіңді толық­қанды бақытты сезінуге сол ғана жетпей тұрғандай аласұрасың. Тулап-тулап басылған соң сәл тереңдей һәм сәл мұңая ойланасың. Бұл ойыңыз қазіргі қазақ прозасындағы тыныштықтан басталып, дүкендегі сықиған шетел әдебиетіне барып тіреледі. Әлқисса.

Тәуір әңгіменің шеті көрінсе, бір деммен оқып шығуға асығатын біз осы, жазушы­ның ой еңбегін бар жанымызбен сезіне бермейтін сияқтымыз. Кірпияздығымыз тағы бар. Оған белгілі бір дәрежедегі эгоизмді қосыңыз. Әманда тек классика оқы­ғымыз келеді. Рахатқа бергісіз ләззатқа бөленіп, көркем шығармадан сұмдық әсер алсақ дейміз. Алакөңіл күйімізді кітаптан тауып, құшақ айқаса қауышсақ, ғажап бір сезімге бөленгенің. Көңілдің жыртығын жамап, дәтке қуат етерлік жүрекке жып-жылы сәуле іздеп, үмітің ақталса, қанеки. Адамның жан-дауасын көркем шығармадан іздеп, Жер бетіндегі барша ләззат атаулыдан жалығып, баз кешіп, түбі жұлма-жұлма көңілін сүйрелеп, кітаптың алдына келуі – ішіңді толтырып, рухани байытатын әдебиеттің құдіреті. Осы құдіретке бас игеннен болар, оқырманның талғамы ала­сарған емес. Әлімсақтан биік қалпында. Жазудың машақатын түсіне алмадың деп оларды тағы кінәлай алмайсыз. Оқырман классика оқығысы келеді және онысы заң­ды. Содан болар, ақынның бәрінен Абай­ды, жазушының денінен Әуезовті іздей­міз. Ара-тұра Толстойдың таланты мен Дос­тоевскийдің дарынын сағынып қоямыз. Өлеңді «тақпақ», ақынды «ақынсымақ», жазушыны «қатардағы жауынгер» деп келеке ететініміз де шын. Суық ақылмен қарасақ, жазудан асқан ауыр қызмет жоқ. Жазудың бар азабын тартып, тоқпағын жейтін жазушы ғана. Ал оны түсінетін қоғам бар ма?..

Жазушы – талант болғанда, оның жаз­ғаны – өнер. Жалпылама айтудан аулақ­пыз: «шимайлағанның бәрі шедевр емес» және қағазға түскен «шимайдың» бәрін шын таланттың шығармасы демесіміз тағы анық. Десек те осы бір асыл өнерде кеудесіне жан бітіріп, сөз айту, ой қармап, қиюы келіскен оқиға құрау, шығарманың өн бойынан өмірді, шынайы тіршілікті көрсете алу әсте қиын болса керек. Тіпті жазушы емес өзіміз де кейде ешқашан ештеңе жазып көрмегендей тұралап қала­мыз. Жайшылықта туған ойды қанын сор­ғалатып қағазға түсіру, сыздықтатып баян­дау, тағысын тағы сынды жазудың мың-сан жұмысы хақында тура сөзді кесіп айтып, әділ бағасын беру мүмкін емес, оған қауқар да жетпейді. Ал осы жазудың азабын ештеңеде ісі жоқ рахаттана оқып отырған жан қайдан түсінсін.

Қасиетті жазу пайда болғалы әдебиеттің әйдік тақтасына қаншама мың-миллион қаламгердің ізі түсті. Бәрі шама-шарқынша, қадари-халінше жазып бақты. Өкініштісі сол, бәлкім әділі болар, уақыт сүзгісінен «жаза аламын» дегеннің бәрі өткен жоқ. Кім қай ғасырда өмір сүрді – сол дәуірдің жылнамасында қалып қойды. Арасында шын таланты да, кем таланты да бар. Уақытқа айтар уәжіміз болғанымен, сөзіміз қазақтың қалың сахарасына сіңіп кетерін білген соң, іштен тынамыз.

Сөз өнеріне имене кіріп, талабы мен талантын тоғыстырып, жазуға бар қызық өмірін сарқыған, «ардың ісіне» балаған мехнатты жұмысын ар сотына салып, жазуына адал жазушы болып өмір сүру – жанкештілік. Тағдыр тәлейі жазуға бұ­йыртқан соң, қашып кетуім жоқ. Көркем сөзге деген ыстық пейіл, бағытсыз үміт жа­зуға отырғызады. Міне, осы сәттен жазу­­­­шылықтың тәтті азабына енген қа­лам­­­­гер өзінің әдебиет жасап жүргенін де бай­қамайды. Ойы мен ойы таласып, бірін-бірі төпелеп, шығарға саңылау таппай, не қағазға түспей, не санадан жоғалмай жазушыны сарсаңға салған жазу да бір қиямет. Осындайда жазушының еңбегі еңбек-ақ дейсің. Мехнаты ауыр ой еңбегінен туған жақсы шығарманың еленбеуі, тіпті оқыл­мауы, авторы суреткер бола тұра беймәлім күйде қала беруі үлкен қасірет. Еңбегің еш болып, түу жүрек түкпірінен толқып, толғатып шыққан шығармаң топыраққа құйған судай сіңіп кете барады. Әдебиетте әділеттіліктің әманда болатынына осы сәтте күмәнданасың. Санада беймаза бір сауал туады: ұлардай шулаған ойын түн күзетіп, күн түзеткен қаламгер еңбегінің оқырман алдында ештеңеге татымай қалуының обалы кімге?.. Ал біздің сонда да классика оқы­­ғымыз келеді.