Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Көшіріп алушылармен күрес
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЙ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі:
– Алдымен отандық ғылымның ауылында тайрандап жүрген ғалымсымақтардан арылу керек. Ғылымға ақша көп бөлінген сайын бұл төңіректе ғалымсымақтар көбейіп кетеді. Шамалы уақыттан кейін қарасын батырады. Соған қарағанда, басқа жақтан да нәпақа табатын секілді ғой. Ал нағыз ғалымдар саланың отымен кіріп, суымен шығуға бел байлап, қала береді. Солардың арқасында ғылым дамиды. Мен Ұлттық ғылым академиясының бірнеше басшысын көрдім, біразымен қатар жұмыс істедік. Бұл ретте Өмірзақ Сұлтанғазиннен кейінгі басшылар академияның жұмысын ақсатып алды дер едім. Ғалымдардың ішінде мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайтын, ақты ақ, қараны қара деп әділін айтатын адамдар бар. Міне, көп жағдайда солар мекеме басшыларының «жоспарын» жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Оларды айналып өту үшін академия президенттері ғалымдарды президиум арқылы өткізу деген талапты ойлап шығарды. Алдымен осыны тоқтату керек. Атақты оңды-солды тарата берудің жөні жоқ. Мәселен, Ресейдегі ұшқыштардың бірде біреуі академик емес, ал біздегі ұшқыштардың бәрі – академик. Оларды халық онсызда сыйлайды, құрметтейді. Ендеше, мұндай атақтың оларға не керегі бар?
Академияның жұмысы оның басшысына тікелей байланысты. Ендігі жерде ел Президентінің өзі тақта жеті жыл ғана отыратын болды. Сол секілді академия президентінің ұйымды басқару мерзіміне қатысты да ортақ талап керек. Меніңше, Ғылым академиясының басшысы және ректорлар бір орында 4-5 жылдан артық отырмауы керек. Басшы ұзақ отырған сайын оның айналасына ылғи «тілалғыштар» топтасады. Олар президиумда отырып, кім көрінгенді мүшелікке қабылдай береді. Айталық, өзім білетін математика бағыты бойынша да кандидаттыққа жарамайтын «ғалымдар» қабылданып кетті. Осының бәрі ғылымға жасалған қастандық. Олар ғылыми жұмыстарын басқалардан көшіріп алу арқылы қатарға қосылады. Көшірмемен айналысатындарды ашық жариялап, академияның ғылыми сессиясында кешірім сұратқан жөн. Бір мысал айтайын. Бір шәкіртімнің шәкірті маған математикадан қазақша жазылған ғылыми жұмысын көрсетті. Өте жақсы жазылған екен. Қуанып қалдым. Сөйтсем ол басқа бір ғалымның ғылыми жұмысын ұрлап, шет тіліне аударып, өз атымен жариялап жіберіпті. Кейін әлгі жігіт менің тағы бір шәкіртімнен кешірім сұрады. «Менен кешірім сұрағаның түк емес, өзгелерге үлгі көрсеткің келсе, ел газеті «Егемен Қазақстанға» мақала жазып, жалпақ жұрттан кешірім сұра», дедім. Шыр ете түсті де: «Мен неге кешірім сұраймын, мақтаулы ректорлар да ғылыми жұмысын көшіріп алады ғой, алдымен солар кешірім сұрасын» дегенде аузыма құм құйылды. Мұндайлармен күресу мүмкін емес. Осындай ғалымсымақтар болашақта алдымен академияның, сосын қазақ ғылымының жұмысына, дамуына кедергі жасайды.
Ғылым – қоғам үшін
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі:
– Гуманитарлық ғылымдардың өкілі ретінде мыналарды айтқым келеді. Ұлттық ғылым академиясы ұлттың қазіргі сұранысына жауап бере алатын деңгейде болғаны дұрыс. Біздің заманымыз – жай емес, күрделі де қайшылықты заман. Ғылымның әр саласы бойынша қорытынды, тұжырым болуы керек. Ал бұдан ада болса, ол ешқашан Ғылым академиясы бола алмайды. Біз осы үрдістен кейінгі жылдары айырылып қалдық. Бұл жақсы нәрсе емес. Соны мойындауымыз қажет. Сондықтан Ұлттық ғылым академиясы қазақ қоғамы қандай бағытта дамуы керек, оның алдында қандай міндеттер тұр деген мәселелерді анықтап алғаны жөн. Әйтпесе, ол өз міндетін орындай алмайды. Гуманитарлық ғылым саласында Тарих институты, Саясаттану институты, Философия институты, Тіл білімі институты, Әдебиет және өнер институты сияқты ғылыммен айналысатын ұйымдар бар. Осылардың бәрі қосылып, аталған мәселелерді қорытып, анықтай алса – онда өз міндетін ойдағыдай атқарғаны. Ал керісінше болса, олар туралы қандай пікір айтуға болады? Кезінде Ғылым академиясы қалыптасқан кезде осындай функцияларды орындаған. Бірақ көп өтпей ғылым ордасының қолын қағып, жолына кесе көлденең тұрды. Соны орындауға кіріскен ғалымдарды 25 жылдан соттады. Ал қазір ондай жағдай жоқ. Қалай болғанда да, бұл ұйым ұлттың алдында рухани, саяси, әлеуметтік тұрғыда қандай міндеттер тұр, соны анықтағаны абзал. «Ғылым – ғылым үшін емес, ғылым – қоғам үшін» деген көзқараста жұмыс істеуі керек.
Сын айтқанның сағын сындырады
Айгүл ІСІМАҚ,
филология ғылымдарының докторы:
– Өркениетті елдерде біздегі сияқты ғылыми еңбектері танылмаған, өз елінде ғалым ретінде мойындалмаған адамдарды академияға мүше етіп қою мүмкін емес. Осы тұрғыдан қазір кім болса сол академикпін деп өзін жария еткенде қайран қаламын. Қасымда жүрген, өзі ғана білетін бір-екі диссертациялық монографияның авторы да баяғыда академик болып алыпты. Мені шетелде дәріс бергенде «қазақ ғалымы» деп таныстырады. Бұдан артық абырой жоқ деп санаймын. Шетелдіктер кейде мені «қазақтың біз білетін академигі» деп жатады. Сонда «мен қазақ Ғылым академиясының мүшесі емеспін» деп жауап беремін. Академия басшыларының ыңғайына жақпаған соң, Әдебиет теориясы бөлімінен ығыстырылғанымды бәрі біледі. Соның салдарынан бірнеше ғылыми диссертация қорғалмай қалды. Олар маған емес, мен таңдаған тақырыптарға қарсылық білдіріп отыр. Сондағы ойлағандары – сол кездегі ресми биліктің және өздерінің жағдайы. Бұлардың ең басты шарты – жүйенің тәртібімен жүру. Ғылым академиясын өзгертеміз десек, алдымен осындай дүниені тыю керек. Бұл жердің «Академияға сын айтқан ғалым ешқашан оған мүше болмайды» деген жазылмаған заңы бар. Мұндай заңға Әділетті Қазақстанда орын жоқ. Заман өзгерсе де академия жүйесіндегі кеңестік тәртіп өзгерген жоқ. «Академик» атағын иелену – оны алуға ықпал еткен адамның өмір бойы құлы болу деген сөз. Одан кейін еңбекақы өле-өлгенше жүреді, президенттік емхананың қарауында болады, қайтыс болса Ғалымдар үйінен шығарылады, академикке көше, мектеп, жоғары оқу орны атауы тезірек беріледі. Осынша «жеңілдіктерге» ие болуды өз басым ұят санаймын. Мемлекет бюджетінен, жетім мен жесірдің ақысынан бүгінге дейін өз елімізде ғылыми еңбегімен танылмаған академиктерге аталған бонустарға қоса, стипендия берілуіне қарсымын. Сондықтан академияға түбегейлі өзгерістер қажет деп санаймын.
Материалдық-техникалық база маңызды
Қуатбек ДҮЙСЕН,
жас ғалым:
– Ғылым ордасының мемлекеттік мәртебеге ие болуы елеулі оқиға. Дегенмен бұл мәртебенің артында ауқымды жұмыс бар екенін ұмытпайық. Ғылым ордасының заңды тұлға ретінде өзгеруі алдымен оған құқықтық деңгейде трансформациялануына әкеледі. Себебі ұйымның жаңадан алған мәртебесі заңнама шеңберінде мемлекет тарапынан қоятын талаптарға сай болуды міндеттейді. Соған сәйкес ғылым ордасында ішкі өзгерістер әлдеқашан басталып кеткен сияқты. Бұл істің қандай нәтиже берерін алда көре жатармыз. Қазіргі таңда Ғылым академиясы шеңберінде ғылымды дамыту үшін жұмыс үдерістерін ғылыми қызметкерлер үшін қолайлы жұмыс ортасын қалыптастырудан бастаған жөн сияқты. Бұл жұмыстар инфрақұрылым, ғимарат, коммуникациялар, зертханалар және олардың жабдықталуы, виртуалды жұмыс ортасы, ғалымдарға арналған цифрлық өнімдер, құқықтық қолдау және өзге де бағыттарды қамтуы қажет. Себебі қазіргі жаһанданудың даму барысы ғылым саласында аса күрделілігімен және әртараптануымен ерекшеленеді. Бұл жағдай ғылым ордасынан ішкі үдерістердің автоматтандырылуын талап етіп отыр. Сондықтан әлемдік ғылымдағы жоғары бәсекелестік жағдайында жылдам әрекет ете біліп, жұмыс үдерістерін мейлінше автоматтандыру маңызды.
Қалай айтсақ та, Ғылым академиясының басты міндеті ғылымды дамыту екені анық. Ал біздің академия ұлтымыздың, мемлекетіміздің ғылым саласының аяқ алысын жеделдетуіне қандай қадамдар жасайтынын болашақ көрсете жатар. Қайталап айтайық, ғылымсыз ел – қанатсыз құс. Тұтас елдің ғылымының тағдыры қолында тұрған Ұлттық ғылым академиясы өзге озық елдердің тәжірибесінен түйін түйіп, қазақ ғылымын дамытуға таудай үлес қосса дейміз. Өйткені ғылым – ұлт, ұлт – ғылым.
Дайындаған
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»