Қоғам • 02 Наурыз, 2023

Жұмысшылар неге дүрлікті?

173 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жалақының төмендігін айтып, мәселе көтергендер қатары соңғы уақытта Жамбыл өңірінде жиі байқалады.

Жұмысшылар неге дүрлікті?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды ап қойды деп болма қапа», деп жырлаған Жамбыл ақын атындағы өңірдің халқы жарытымды жалақы алмайтынын айтып қапа болып жүр. Дотациялық өңір болған соң ба, әлде басқа бір себебі бар ма, кім білсін... Соңғы бірнеше айдың бедерінде өңір тұрғындарының біразының жүйкесі сыр бере бастаған сыңайлы.

Былтырдан бері Жамбылда жұрт неге дүрліге бере­тін болды деген сауалға бас ауырта бастадық. Себе­бі мен салдары­на үңіліп көрейік. Ә дегенде «Қазфос­фат» ЖШС-ін­дегі еңбек дауы еске оралады. Қар­­лы қарашада сол кездегі серік­тес­­тік­тің цифрлы трансформация басқармасын басқарған Олег Кули­ковтың дөрекі сөзі жұмыс­шылардың жүйкесіне ши жүгіртті. Соңы еңбек дауына ұласты.

Рас, О.Куликов артынша-ақ қыз­ме­тінен кетті. Осы бір оқиға дер кезінде серіктестіктегі біраз мәселенің бетін ашты. Қызметкерлер іс-қағаздың мемлекеттік тілде жүр­гізілуінен бас­тап, емделуге берілетін төлемақыны қалпына келтіру, кәсіби киіммен қамтамасыз ету, 15 шағын ауданнан және қала іргесіндегі елді мекендерден жұмысшыларды сапа­лы қоғамдық көлікпен қамту, қызмет­керлердің санын арттыру, екінші агломашинаға қаражат бөлу секілді мәселелерді көтерді. Ұзын саны 13 пункттен тұратын талапты жауапты басшылар қадағалауына алған.

Иә, «Қазфосфат» десе 7 мыңға жетеғабыл азаматты жұмыспен қамтып отырған, еліміздегі химия өнеркәсібінің локомотиві саналатын серіктестік бірден ойға оралады. Мұнда мыңдаған адам еңбек етіп жат­қанын ескерсек, серіктестіктегі әрбір ұсақ мәселе уақыт өте келе іріле­нетінін, соңы еңбек дауына әке­ліп соғатынын ілкі сәтке де ұмыт­паған дұрыс-ау.

Күн сайын болмаса да, ай са­йын жалақы мәселесін алға тартқан әлеуметтің әуелгі талабы алдымыздан шығып жатады. 2022 жыл жабылар тұста «Тараз локомотив жөндеу депосы» ұжымының қызметкерлері «Айлық көтерілсін!» деген ұранмен бас көтерді.

Жалақысының жыртықты жа­мау­ға жетпейтінін жайып салған жұрт­тың базынасы түсінікті. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде жалақыға мардымды сома қосылмағанын айтқан жұмысшылардың уәжін тыңдағандар мәселені оңынан шешуге уағдаласты.

«Анығын айтсақ, шыдамның да шегі бар. Біз жалақының көтерілгенін жыл басынан бері сарыла күтіп жүрміз. Олар 7-10 пайыз қосылды дегенді алға тартады. Алайда өзгерген түк жоқ. Бәрі бәз-баяғы қалпында», деп әріптестерінің жанайқайын жеткізген «Тараз локомотив жөндеу» депосының жұмысшысы Данияр Өмірбаевтың даусы құлағымыздан кетер емес. Әрине, бұл мәселеге де мекеме басшысы, жергілікті атқару­шы билік тарапынан ресми жауаптар берілді...

Жүздеген жұмысшылардың бас көтеруі мұнымен толастаған жоқ. Облыс орталығындағы «Тараз энерго орталығының» қызметкерлері де қымбатшылықтың қос бүйірден қысқанына қарамастан, жалақының көтерілмейтінін айтып, жанайқайын жеткізді. 120-130 мың теңгенің көлеміндегі еңбекақы жан бағуға жетпейтінін айтып шырылдаған слесарь мен басқа да мамандардың уәжі қалай десек те орынды.

Қызметкерлер бас көтерген сәтте жұмысшылардың жанынан табыл­ған мекемедегі бас инженердің орын­басары Мақсат Сәрсенбаев әріптестерінің 10 пайызды қанағат тұтпайтынын айтып, айлықты 30 пайызға дейін көтеру үшін тарифті жоғарылату маңызды екенін тілге тиек етумен шектелген еді. Иә, осылайша, әулиеталық әлеумет қаңтарда да қарап қалмай, мәселені төтесінен қойды...

Бұдан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қызметкерлері айлықтың шайлыққа жетпейтінін айтып, жанайқайын БАҚ өкілдеріне жайып салды. Президент Жолдауынан кейін жалақының көте­рі­летінінен үміттенген олар онсыз да аз еңбекақыдан ақша ұсталғанын да күйіне жеткізген еді. Жоғарыдағы өзге мәселелермен қатар бұл дау да барлық тараптардың пікірі қамты­лып, «Өңірлік университеттегі өмір­лік дау» тақырыбымен «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланды.

Әлеуметтік мәселені алға тартқан ағайын ақпан айында да айылын жиған жоқ. Бірер күн бұрын шаһар тазалығына жауапты қызметкерлер әкімдік алдына жиналып, мәселені төтесінен қойды. Онсыз да айдан-айға жалақысын әзер жеткізіп жүрген жұртты соңғы айдың жалақысынан қағыламыз ба деген ой мазалапты. Бас көтерген бұқара қоғамдық қызметкерлердің ешқайсысы еш жерде тіркелмегенін тілге тиек етті. Алайда ай бойы шаһар көшелерін тазалап келген. Сөздеріне сенсек, ай бұрын жауапты серіктестік басшысы жұмыстан шығу туралы өтініш жаздырып алыпты. Жұмыспен қамту бөлімінің жолдамасына сәйкес жұмысқа қабылдайтындарын да айтқан. «Жауаптылар жалақының жартысын жұмыспен қамту бөлімі, жартысын өздері төлейтінін айтқан. Енді не ана жақта, не мына жақта жоқ­пыз. Бірақ біз әлі жұмыс істеп жатыр­мыз», деген «Жасыл Ел Тараз» ЖШС-нің қызметкері Нұрлан Чаппаевтың уәжін өзгелер де қолдады.

Жұмысшылар дауының қасынан табылған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков техникалық ақаудың салдарынан базаның істен шыққанын айтып, мәселені оңынан шешуді өзі қадағалайтынын жеткізді.

Әкім мәселені реттеймін деген­ше «жасыл елдіктер» тағы бір мәсе­ленің шетін шығарды. Олар шаһарды тазалайтын, күл-қоқысты жинайтын қарапайым құрал-жабдықтардың жетіспейтінін айтып, қайта бас көтер­ді. Бір күрекке таласқан жұмысшылар мен тісі жоқ тырмамен іске кірісетін қызметкерлердің жанайқайы кімді де болсын ойландырмай қоймайтыны анық. Қысқасы, санаулы күнде бір мекеменің қызметкерлері екі рет шу шығарғаны өңір басшыларына абырой әпермесі анық. Әріптестерінің дауына үн қатқан «Жасыл Ел Тараз» ЖШС директоры Азамат Әбішов жұмысшылар сәл шыдаса, мәселе оңынан шешімін табатынын айтумен шектелді.

Халқының саны миллионнан асатын өңірдің аудандарын қайдам, облыс орталығында жұртшылық жағдайдың мәз емес екенін айтып бас көтеріп тұрады. Ал облыс әкі­мі Нұржан Нұржігітовтің төраға­лы­ғы­мен өткен алқалы жиындарда басқарма басшылары жұртты жұмысқа орналастыруда жан салмай еңбектеніп жатқандарын алға тартады...

 

Жамбыл облысы