Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Соңғы жылдары ел нарығында экспортқа бағытталған жаңа брендтер мен компаниялар ашылып, қордаланып қалған жеңіл өнеркәсіп жандана бастады. Бүгінде сала кәсіпкерлері өзекті мәселеге айналған ұлттық брендті жетілдіру ісі Үкімет пен ұлттық компаниялардың мүддесіне айналуын қалайды. Тауар өндірушілер кейбір шеттен келетін заттарға қарағанда отандық өнімдердің сапалы екендігін айтады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жеңіл өнеркәсіп нарығындағы отандық өнім 8 пайызға азайып, заттай өнім өндіру көлемі бір жылда 6 пайызға өскен. Бұл – төмен көрсеткіш. Сондықтан саланың қарқынды дамуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қажет.
Осы ретте Алматы технологиялық университетінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен және «Qaz Textile Industy» (өзін-өзі реттейтін ұйым) жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлері ұлттық қауымдастығы және «Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары» қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жалпы съезі өтті.
Іс-шарада Алматы технологиялық университеті ректорының орынбасары, техника ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Нұрахметов қатысушы делегаттарды құттықтады. «Қазақстанның қорғаныс өнеркәсіптік кешені кәсіпорындары қауымдастығының» атқарушы директоры Найзабек Олжабайұлы жиынды жүргізді.
Саладағы өндірістік проблемалардың ауқымы жылдан-жылға ұлғайып отырғандығын, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында жеңіл өнеркәсіп ісін тиімді дамытуға және кәсіпорындардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған бірлескен қызмет аясында «Жеңіл кәсіпорындар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, қазақстандық жеке қорғаныс құралдарын өндірушілер» одағы және «Qaz Textile Industy» жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлері ұлттық қауымдастығы арасында Меморандумға қол қойылып, ұйымдардың биылғы жұмыс жоспары бекітілді.
Бюджет қаржысы шетелдік тауарларға жұмсалады
«Жеңіл кәсіпорындар қауымдастығы» ЗТБ президенті Наталья Ахшабаева елімізде жеңіл өнеркәсіп саласындағы тігін өнімдері, оның ішінде мектеп формасы, республиканың қарулы күштері құрылымдарына, медицина және техника саласының қызметкерлеріне арнайы киімдер импортталатын өнімдердің аналогтерінен кем емес екенін жеткізді. Дегенмен отандық киім және аяқкиім нарығында негізінен реттелетін сатып алулар мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысының қажеттіліктерін қанағаттандыруда нарыққа шыққан өнімдер өте аз.
«Отандық өнім дегенімізбен, оның өзі отандық шикізаттан тігілмейді, сәйкесінше бағасы да жоғары. Сондықтан отандық киім өндірушілеріміз импортпен бәсекеге түсуге мәжбүр болып отыр», деді Н.Ахшабаева.
«Qaz Textile Industy» жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлері ұлттық қауымдастығының басқарма басшысы Гүлмира Уақитова елдегі жеңіл өнеркәсіпке көбінесе мемлекеттік тапсырыс беру арқылы қолдау көрсетілетінін, соның нәтижесінде кәсіпорындардың жұмысы әупірімдеп ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылар тапсырыс берушінің бағасының төмендігіне қарай сапасыз импорттық тауарларды алатындықтан отандық кәсіпкерлердің өнімі нарықта қарқындылық таныта алмай отырғанын жеткізді. Яғни еліміздің бюджет қаражаты өзге елдердің экономикасын дамытуға үлес қосып отырғанын көруге болады.
«Қазақстан жеке қорғаныс құралдарын өндірушілер» одағының басшысы Надежда Шабаеваның айтуынша, компания жеке қорғаныс құралдарын енгізу нарығына қатысушыларды біріктіру және қызметін үйлестіру мақсатында ерікті негізде құрылған. Ол өнімдерді өндіру, әзірлеу, жеткізу саласындағы жаңа технологияларды енгізуде және еңбекті қорғау, қызметкерлердің еңбекке қабілеттілігі мен денсаулығын сақтау, әлеуметтік саясат, кәсіпкерлікті құру бөлігінде стандарттар мен құжаттарды бекітіп, отандық инновациялық әзірлемелерді қолдауға және енгізуге арналған инфрақұрылымды құру туралы бастама көтерді.
Жоғары қорғаныс киімдері шығарылмайды
Саладағы өндірістік проблемалардың ауқымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Іске кіріскен кәсіпорындарда өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, қазақстандық өндірушілер түрлі қиындықтарға тап болып отыр. Мәселен, Қазақстанда электр доғасына қарсы сертификатталған комбинезондар, жоғары қорғаныс класындағы металлургтерге арналған костюмдер шығарылмайды. Нарықтағы ішкі сұраныстың айтарлықтай жоғары болуына қарамастан ел аумағында өнімдерге сынақ орталықтарының жоқтығы тағы бар. Нарыққа қатысушылар жабдық өндірушілердің шетелде жинақтаған тәжірибесін пайдалана отырып, бастапқыда тәуекелдерді анықтауды, инженерлік құжаттамаларды дайындауды, оқытуды ұйымдастыруды, қажетті жабдықты орнатуды және оған қызмет көрсетуді қамтитын аталған бағытта кешенді тәсіл құруы қажет. Бұл үшін кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, электр доғалық костюмдер үшін сынақ орталықтарын ашу, кадр даярлау және халықаралық сертификаттаудың салалық жүйесін құру саладағы кәсіпорындарды кешенді басқару үшін барлық бизнес-процестерді автоматтандырудағы салалық стратегияны әзірлеу ұсынылды. Бұл ұсыныстар орын алған келеңсіздіктің алдын алуға, өндірістегі тәуекелдерді тиісінше азайтуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ел экономикасында лайықты орын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары» қауымдастығы және UPC FIZ арасында «Qazaqstanda Jasalgan» экономикалық ұлттық қозғалысы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бірлестікке қатысушылар, қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін нақты өзгерістерге қол жеткізуді көздеп отырғандығын айтқан қозғалыс жетекшісі Айбек Барысов жаңа қоғамдық бірлестікті ұйымдастырушылардың қатарында осы сала бойынша 100 мың жұмысшының мүддесін қорғайтын бизнес өкілдері қазақстандық өндірушілерді қолдау қажеттігін, мемлекеттік органдар үшін басымдыққа айналуға тиіс екендігін атап өтті.
«Жиһаз және ағаш өңдеу өндірісінің кәсіпорындары» қауымдастығының президенті Қанат Ибраев жұртшылық назарында жүрген жетістіктер мен озық технологиялар арқылы жұмысын дөңгелетіп отырған салада жиһаз өндірісін дамыту, дизайнды жетілдіру де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.
Қолдау тетіктері қандай?
Осыдан екі жыл бұрын қазақстандық өнімді экспортқа шығару кезінде қолдау және 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бекітілген Жол картасында кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымымен күресу, қазақстандық қамту үлесін арттыру сияқты экономикалық ынталандыру мен жүйелі қолдау шаралары бойынша 52 іс-шара қарастырылған болатын. Десек те түрлі мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден жиі несие алуға мәжбүр.
«Кезінде қирандысы ғана қалған Қарағанды облысындағы Абай фабрикасы бүгінде тамаша тоқыма бұйымдарын шығаруда. Өнімдері табиғи сұрыптаудан өтіп, сапалы жұмысымен танылып отырған фабриканы Kaspi Bank-тен несиеге сатып алдық. Бүгінде табысы мемлекеттік тапсырыстардың 0%-ын құрап отыр», дейді Қарағанды облысы Абай қаласындағы тігін фабрикасының басшысы Нұрхан Жұмабек.
Былтыр жыл соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, бекітті. Онда шикізат базасын дамыту, шикізатты қайта өңдеу, отандық өндірістің қуатын арттыру, инвестиция тарту, әлемдік тәжірибені енгізу және экспортты дамыту жөніндегі шаралар қарастырылған. Жалпы, жеңіл өнеркәсіпте 2025 жылға дейін мақта бойынша отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ иірілген жіп, мата, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған 7 негізгі жобаны іске асыру жоспарланған.
Өткен жылы елімізде жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 6%-ға артып, 178 млрд теңгеге жеткен. Тоқыма бұйымдарының өндірісі – 5,3%-ға, киім өндірісі – 7,8%-ға, сондай-ақ былғары және онымен байланысты өнімдердің көлемі 3,7%-ға өскен. Сонымен қатар мақта, жүн, тері және былғарыны өңдеу мәселелеріне ерекше назар аудару, бұдан бөлек отандық брендтерді ынталандыру бойынша ұсыныстар қарастырылды.
«Анықталған табысты бағыттар мемлекеттік шығынды азайтып, бірақ сала өндірісіне айтарлықтай әсер ететін киім өндірісі сегменттерін дамытудың мүмкіндігін көрсетіп отыр. Осыған орай шетелде отандық мамандарды оқытуға субсидия беру және отандық брендтердің мемлекеттік деңгейде ақпараттық сүйемелдеуін қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет. Қазір Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы бағытында жұмыс істейтін 1 420 кәсіпорын тіркеліп, шамамен 30 мың адам еңбек етеді», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы Айжан Әділова.
Кадрларды қалай даярлайды?
Қазақстан жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлердің басын қосқан 65 жылдық тарихы бар Алматы технологиялық университеті – тағам, қайта өңдеу, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп салалары, бизнес, инжиниринг, IT, қызмет көрсету индустриясы және қонақжайлылық бағыттарда мамандар мен ғылыми кадрлар даярлайтын Қазақстан мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет ректорының орынбасары Бауыржан Нұрахметовтің айтуынша, білім ордасында 2005 жылдан ИСО 9001-2015 халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес сертификатталған сапа менеджменті жүйесі (СМЖ) жұмыс істейді.
Қазір жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша елімізде Алматы технология университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Рудный индустриялық институты, Қазақ технология және бизнес университеттерінің «жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және құрылымдастыру», «тоқыма материалдары технологиясы және оны жобалау» мамандықтары бойынша білім алушыларға кәсіптік тәжірибе мен тағылымдамалардан өтуге жағдай жасалған. Дегенмен осы салаға мамандар даярлайтын оқу орындары жеткілікті екендігіне қарамастан, көптеген түлек еңбек жағдайы мен жалақының аздығына байланысты өз мансабын өндіріспен байланыстырғысы келмейді. Бұл да қазіргі күннің өзекті мәселесінің бірі.