Саясат • 02 Наурыз, 2023

Ақорда мен Ақ үй арасы: Серіктестіктің маңызы мен мәні

184 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Мемлекет­тік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға ат басын бұрды. Мұхит асып келген мейман Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­был­­дауында болды. Кез­де­сулер барысында бір­қа­тар маңызды мәселе тал­қы­­ланды. Осы орайда, мұ­хит­­тың арғы бетінен кел­ген қо­нақтың сапары қан­ша­лық­ты маңызды екенін біл­мек мақсатында сарап­шы­лардың пікірін білген едік.

Ақорда мен Ақ үй арасы:  Серіктестіктің маңызы мен мәні

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Айта кетерлігі, Э.Блинкен Орталық Азия елдері мен АҚШ сырт­қы саяси ведомстволары бас­шы­ларымен бірге С5+1 фор­ма­тындағы сыртқы істер ми­нистр­лері кездесуіне қатысты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Барак Обаманың президенттігі тұсында Ақ үй С5+1 диалог алаңын құру­ды ұсынған-тұғын. Яғни Орта­лық Азиядағы бес мемлекет пен АҚШ аймақаралық әріптестікті ны­ғай­тып, экономиканы дамытып, қауіп­сіздікті сақтауға күш салмаққа келіс­ті. Содан бері осы алты елдің Сырт­қы істер министрлері тұрақты түрде кездесіп тұрады. Биылғы келіссөздер Сарыарқаның төрінде өтті.

чсчс

Астанада өткен іргелі жиын­да Ортал­ық Азия мен АҚШ ара­сын­дағы серіктестікті одан әрі дамыту, экономика, энергетика, экология және өңірлік қауіпсіздік мәселелері кеңі­нен талқыланды. Кездесуден ке­йін Э.Блинкен журналистерге сұхбат беріп, АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі әрі батыл реформаларын әрқашан қолдайтынын жеткізді.

«Біз, әрине, Қазақстан қабыл­дайтын іс-шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап, саралап отырамыз. Мәселен, елдегі адам құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның тамырын жою секілді. Сондай-ақ президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформалардың орны ерекше. Бұл өзгерістер өз кезе­гінде Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көр­се­теді. Біз 1991 жылдан бері Қазақ­стан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құй­дық. Болашақта да АҚШ тікелей инвес­тиция көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр», деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.

АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен келіссөздер жүргізуге ниет білдіруінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, аймақ географиялық және геосаяси тұрғыдан үлкен маңызға ие. Бес мемлекет мұхитқа тікелей шыға алмаса да, Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байла­ныстырып тұр. Екіншіден, Ауған­стан­нан аузы күйген АҚШ үшін Орта­лық Азияның тыныштығы, басына күн туғанда сөзін сөйлеуі қажет. Үшіншіден, Украинадағы соғысқа байланысты аймақтағы мемлекеттердің бейтарап саясат ұстанғанына Ақ үй де мүдделі.

Төртіншіден, Қазақстан америка­лық тарап үшін басты экономика­лық серіктесі атанбаса да, тауар айна­лымы айтарлықтай деңгейде. Елімізде АҚШ-тың көптеген компаниясы жұмыс істейді. Мәселен, Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда айналымы 2022 жылы 3 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға артық. Экспорт көлемі 1,15 млрд долларға, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 1,89 млрд долларға жеткен.

Сондай-ақ АҚШ – Қазақстан эко­номикасындағы ең ірі инвес­торлар­дың бірі. 1993 жылдан бері АҚШ-тың Қазақстанға тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 62 млрд доллардан асты, ал 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында Америка инвестициясының көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ған­да 58,8 пайызға, яғни 5 млрд долларға дейін өсті. Елімізде мұхит асып келген капиталдың қатысуымен 590-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаевтың айтуынша, АҚШ Мемлекеттік хатшысының елімізге ат басын бұруының маңызды бірнеше себебі бар. Сарапшының пікірінше, С5+1 форматы жемісті жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда министрлер 14 мәрте кез­десіп үлгерген.

«Платформа сауда-экономика­лық, инвестициялық әріптестікті, қауіпсіз­дік саласындағы ынтымақтастықты нығай­туға арналған. Сондай-ақ көлік, энер­гетика, экология салаларына да басым­дық беріледі. АҚШ – әлемнің бірін­ші державасы. Қазақстанның страте­гия­лық әріптесі деп атауға болады. Сон­дық­тан ынтымақтастығымыз тиімді дамы­ғанына бәріміз мүдделіміз. Бұдан бөлек, қазіргі таңда халықаралық геосаяси жағдай күрделі. Санкциялар, қарымта санк­циялар салынды. Ресей көрші ор­налас­қандықтан, оған салынған санкция тікелей болмаса да, жанама түрде әсер етеді. Сол себепті АҚШ әрдайым санк­циядан Қазақстанның зардап шек­пеуіне мүдделі екенін білдіреді және соған талпынады», дейді С.Көшкімбаев.

Әлемдік экономика және саясат инс­ти­тутының сарапшысы Ерсұлтан Жан­­сейітов те мұндай пікірмен келі­седі. Оның сөзіне сүйенсек, АҚШ Мем­лекет­тік хатшысы Энтони Блин­кеннің Қазақ­станға келгенін саяси белгі ретінде қарастырған жөн.

«Бұл сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдай стратегиялық деңгейде екенін, Астана мен Вашингтон арасында ешқандай түсініспеушілік жоқтығын көрсетеді. Қазіргі таңда геосаяси ахуалға қарамастан Қазақстан көпвекторлы ұстанымын әлі де сындарлы жалғастырып отыр. Екіншіден, Блинкен мырзаның елімізге келуі басқа стратегиялық серік­тестері­мізге көрсетілген белгі емес. Қазақстан олардан теріс айналып, Вашинг­тонның ықпалына жығылады дегенді білдірмей­ді. Ресеймен, Қытаймен және басқа да серіктестерімізбен бұрын қалай қарым-қатынас жасасақ, әрі қарай да солай болып қала бермек», дейді Е.Жансейітов.

Мұндай пікірге негіз бар. Бұған дейін әлеуметтік желіде осы тақылетті пікірлер айтылды. Көрші елдердегі кей сарапшы Блинкеннің сапарынан кейін Қазақстан АҚШ-тың ықпалына беріледі деп сәуегейлік танытты. Е.Жансейітов мұның бәрі шындыққа жанаспайтынын алға тартады. Өйт­кені Э.Блинкеннің Қазақ­станға келуі алдын ала келісілген. АҚШ Мемлекет­тік хатшысының С5+1 кездесуіне қатысатыны күні бұрын белгілі болған.

С.Көшкімбаев та түрлі алыпқашпа әңгімеге қарамастан көрші елдердің Қазақ­станға қатысты саяси көзқарасы өзгермеуге тиіс деп есептейді. Өйткені платформа ала­ңын өткізетін жер былтыр таңдалған. Яғни Э.Блинкеннің Астанаға ат терлетіп келе­ті­нін саясаттан хабары бардың бәрі білді.

«Қазақстанға көрші елдер тарапынан ешқандай қысым болмайды. Өйткені біздің ұстанымымыз анық. Оның үстіне, Украина жағдайына қатысты да көзқарасымызды ашық білдіргенбіз. Мұны Мемлекет басшысы да атап айтқан. Қазақстан тарапы Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдайды. Яғни ұстаны­мымыз айқын. Сондай-ақ Қытай да бізге ұқсас көзқарас ұстанған. Кремль билігі мұның бәрін біледі, Қазақстанды түсінеді. Сондықтан ешқандай «тосынсый» болмайды деп ойлаймын. Оның үстіне, Қазақстан геосаяси бәсекелестік жүргізілетін алаң ретінде саналмайды. Еліміздің көпвекторлы сая­сатын әлемнің бүкіл державасы жақсы біледі», дейді С.Көшкімбаев.

Ал журналист Асхат Қасенғалидің айтуынша, АҚШ тарапы да Қазақстанның жағдайын жақсы түсінеді. Э.Блинкеннің сапары барысында мұны тағы бір мәрте атап өткен.

«Бірнеше күн бұрын Ресейдің Украи­наға басып кіргеніне бір жыл болды. Ал төрткүл дүниені билеп тұрған АҚШ Орталық Азияға бас дипломатын жіберді. Орталық Азияның маңызы қазір артып тұр. Блинкен Қазақстанның Украинаға қатысты позициясын қолдай­ды. Әрине, Ресейге қарсы дауыс бере алмайтынымызды түсінеді. Шекара ортақ, халық аз, ортақ экономикалық кеңістік пен ҰҚШҰ-да да біргеміз. Айта берсе көп. Оның барлығын Блин­кен түсінеді. Ал бізге Блинкеннің түсін­гені, қолдағаны керек. Қазақстан БҰҰ жарғысына сәйкес Украинаның аумақ­тық тұтастығын қолдайды. Э.Блинкен Орталық Азия елдерінің ішінде жалғыз Қазақстанның басшылығы Зеленскиймен тікелей байланыс ұстап отырғанын да жоғары бағалайтынын айтқан. Бұл да маңызды», дейді А.Қасенғали.

АҚШ Мемхатшысының сапары барысында инвестиция салу мәселесі тал­қыланды. Әлемдік экономика және сая­сат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітов осы сапардан кейін АҚШ-тан Қазақстанға жаңа технология мен инвестиция әкелуге мүмкіндік туатынын айтады.

«Мұнай секторындағы ең үлкен компаниялар АҚШ-қа тиесілі. «Шеврон», «ExxonMobil» – Қазақстанға ең көп салық төлейтін компаниялар. Осы тұрғыдан Блинкен мырзаның сапарына байланыс­ты жақын уақытта тағы инвестиция келуі мүмкін. Сондай-ақ жаңа, заманауи технологиялар әкелуге жол ашылады. Қазақстан тарапынан нақты ұсыныстар дайындауымыз керек. Қай салада, қай жерде Вашингтонмен әріптестік орната аламыз? Мысалы, жасыл технологиялар АҚШ-та танымалдыққа ие. Әрі жасыл экономикаға негізделген. Бізде соларды елімізге трансферт-технология ретінде жеткізуімізге мүмкіндік бар. Амери­ка­ның инвестиция­сын көлік-логис­­тикалық жобаларға тартқан жөн. Мысалы, Транскаспий маршрутына қолдануға болады. Қазіргі геосая­си жағдайда Қазақстанның транзит жолдарын әртараптандырғаны бізге ғана емес, АҚШ-қа да тиімді. Екіншіден, Оңтүстік бағытта Үндістанмен қарым-қатынасты нығайтуға жол ашылмақ. Э.Блинкен Астана мен Ташкентті аралаған соң, Делиге барып G20 самми­тіне қатысады. Негізі қазіргі таңда АҚШ пен Үндістан арасындағы байланыс нығайып келеді. Дели билігі Вашингтон үшін Азиядағы ең үлкен серіктес саналады. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстан да Үндістанмен байланысты ілгерілетсе, сыртқы саясатымызды одан әрі әр­тараптандырамыз. Мысалы, Тран­сау­ған дәлізін Үндістанмен бірлесе оты­рып жүзеге асыруға жағдай жасалады. Өйткені бұл жобаны Өзбекстан жүргізіп жатыр. Мазари-шариф – Кабул – Пешавар темір жол жобасы дайын. Бірақ ең үлкен мәселе – қаржыландыру, яғни ин­вестиция тарту. АҚШ тікелей Ауған­станмен жұмыс істей алмайды. Ал Үнді­стан секілді мемлекеттік инвес­тор ретін­де атсалысуына жол ашылады. Осы тұр­ғыдан алғанда да Э.Блинкеннің келуі жаңа мүмкіндік береді», дейді Е.Жансейітов.

Қорыта айтқанда, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға келуі саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да ерекше маңызға ие. Әлбетте, еліміз бір тарап­тың ықпалына жығылмайтыны түсі­нікті. Тоғызыншы территория үшін көп­­векторлы саясат басымдыққа ие болып қала береді. Сол себепті тараптар­мен аймақаралық ынтымақтастық пен стра­тегиялық серіктестікті нығайту әрдайым бірінші орында.