Дана қазақ айтқан: «Шеткі үй көшіп кетсе, ортаңғы үй шет болады», деп. Солай болды. Туған ағам Насифолла таяуда дүниеден озды. Енді мен «шеткі үйге» айналдым. Ағамның үлкен болған соң, атқарар істері, сөздері маған қосымша жауапкершілік болып ауысты. Аға қазасы мені есейтті. Қалған туыстар алдында жауапкершілігімді арттырды. Ойға қалдым. Аға дегеннің туыстықтағы орны, оның елдік деңгейдегі ұғымы арнайы әңгімені талап ететін тақырып екеніне көзім жеткендіктен осы дүниені жазуға ниет еттім.
Атам қазақтан сөз қалған ба, аға-іні туралы: «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», деген. Керемет сөз. Кімнің ағасы, кімнің інісі жоқ, әңгіме бәрімізге ортақ. Бұл аталы сөзді иісі қазақтың бәрі айтады. Туыс, жекжаттар бас қосқанда мен де айттым.
– Ағасы бардың жағасы бар, Нәсекең менің жағам еді, інісі бардың тынысы бар, мен оның тынысы едім.
Рас, ағам жаға болды, мен оның тынысы болдым, көп іске қажет болдым, барымша қолғабыс жасадым. Бұл туыстық парыз, анығында, о дүниелік болған ортақ әке мен шешемнің алдындағы – қарыз іс. Мұсылмандық дүниетанымда қарыз деген Жаратушы алдындағы парыз болып, мағынасы мүлдем тереңдеп кетпек. Анығында, қарыз бен парыз бір ұғымның екі жағы, олардың мазмұны ортақ, былайша айтқанда, бірлігі – субстанция, қарыз және парыз болып аталуы акциденциялар. Сондықтан туыстыққа жасалған қызмет әрбір жаны жомарт жанның міндеті болып айқындалады. Әркімнің туысқа туыстық жасауы қасиетті міндет. Қазақтардың ауыр қазаға жан-жақтан құйылып, шама-шарқынша азалы жанға көңіл білдірулері де жан жомарттығы. Тілек, жақсы сөз айту, көңіл білдіру – мұсылмандық. Дүниеден өткен туысыма Алла жар болсын дей келе, аға деген ұғымның өрісіне шолу-ойымды білдірмекпін.
* * *
Иран еліне іссапармен бірнеше рет қатынадым. Тарихы, мәдениеті бай ел. Алғашқы сапарымда осы аты әйгілі елдің бүгінгі біздің замандастарымыз қалай екен дегенде, үміт пен күдік араласа берді. Бұл елге сапарға шығар алдында көптеген біздің кеңес дәуірінде қалыптасқан әдет-қылықтарымыз, тіптен сөз сөйлеу мәнісі де өзгеруі керек деген ескертпелер естігенбіз. Әрине, ол ескертпелер ер азаматтарға қарағанда, әйелдерге қиындау екен. Ислам тәртіптері тым қатал, бірақ менің айтпағым, жасы кішілердің бәрі бір ауыздан біздерге «ағай» деп тұрғандары жанымызға жақты. Кәдімгі аға деген сөзге й – жалғауын қосып «ағай» дейді бәрі. Қандай мәнді, мағыналы, ретті сөз. Мен бас сұққан дүкендердің бәрінде бәрі «ағай» деп иіліп тұр. Иә, Иран тарихы терең, мәдениетті ел. Елдік құндылық ұрпақтан-ұрпаққа жұқармай, үзілмей, жұлмаланбай бүгінге жеткен.
Елге оралған соң, дүкендерге, супермаркеттерге баc сұқсаңыз, еститініңіз дөрекі сөз, мысалы, дүкеннен әлдене алмақ болып сатушыға тіл қатсаңыз, ол «Мужчина, не туда...» дейді, яғни сізге еркек екеніңізді бетіңізге басып отыр. Мен: «Айналайын, мені неге «мужчина» дейсіз», десем, ол: «Сонда, сізді кім деуім керек», деп бажырайып тұрғаны. Иә, солай, бізде бәрімізді еркек-мужчина, әйел-женщина деп атау сіресіп, сіңіп, дөрекі әдетке айналған. Сіз еркексіз, яғни бұқасыз, айғырсыз деген мәністе, тым анайы. Бұл қайдан, қалай тұрмысқа енген қазақ үшін жат әдет. Мәселенің ауырлығы, сізге «мужчина» деп өзіміздің тілі орысша шыққан қаракөз қыздарымыз да бажырая қарап, сөзді боратып тұр емес пе?
Аға деген үш-ақ әріптен тұрмай ма?
Қазақта қаратпа айтылатын ұғымдардың дені үш әріптен тұрады: аға, ата, әке, апа, әже, іні т.б. Дүкенге тауар алуға келушілерге сатушы-қызметшілер ер азаматқа жасына қарай: аға, ағатай, ата, іні деп, әйел затына жасына қарай: қарындас, жеңгей, апа, әже, қария деп тұрса. Қазақ жастарға: айналайын, қарағым, туысқан, ағайын, азамат, балам, қызым, інішек дейді, неге осы түсініктер қоғамда өз орнын таппай тұр.
Тәрбие жүйесімен арнайы шұғылданатын елімізде ғылыми-зерттеу орталықтары бар. Солар не қарап отыр деген ой маған еріксіз келе береді немесе мектептердегі тәрбие сағаттарында не айтылады? Ойлаймын, ер азаматтарға мырза десек, әйел затына (қоғамдағы орнына қарай) ханым десек, несі мін!
* * *
Халқымыз ағаның атқаратын қызметін ағалық дейді. Сонда ағалық деген не? XV ғасырдың жырауы Доспамбетте аттарын алмаға байлаған ағалар көп еді дейді. Нендей мағынада айтылған сөз. Аттарын алмаға байлаудың мәнісін дөп ашып айта алмаймын, білетіндер толықтырсын. Доспамбет «ағалар» деп ерекше пафоспен айтып тұр. Сондағы оның ағалары кімдер? Әрине, үлкендер, кісілікті жандар, үлгілі іс пен сөз иелері. Қазақ: «Ағасы тұрып інісі сөйлегеннен без», дейді. Бұл бар жағдайға келмейтін шығар, бірақ ол оқиғаға қатысты айтылған. Аға тәжірибелі, ол сабырлы, ол парасатты, бірақ қазақ тарихында інілердің суырылып ағалары алдында сөз бастағандары болған. Қазақ елін шауып кеткен Қоңтажыға мал-жанды даулап келген үлкендер (билер) сөзі әсер етпегенде бала Қазыбек:
– Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! – дейді. Сонда қалмақ ханы:
– Өй өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті.
– Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ, руым қаракесек, – депті.
– Дауысың қаз дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы! – депті хан. Сонда Қазыбек:
– Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күн боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір де біз көмір,
Еріткелі келгенбіз,
Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге,
Танысқалы келгенбіз.
Танысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан да, біз арыстан,
Алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімбіз,
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең жөндеп бітімді айт,
Бермесең дірілдемей жөніңді айт,
Не тұрысатын жеріңді айт! – депті.
Сонда Қоңтажы сөзге тоқтап, қазақтардың шабылған мал-жанын аман-есен елге қайтарған екен.
Қазыбек бидің Қаз дауысты атануы осы оқиғаға қатысты. Сол кезде Қазыбек он бес жастар шамасында.
Міне, аға тұрып інісі сөйлейтін осындай шақ болады, оған да қазақ: «Ақыл жастан, асыл тастан», деп тұжырымын жасаған.
Бұл айтылмаса сөздің атасы өледі деген жағдайға байланысты болатын оқиға. Қалыпты жағдайда алғашқы сөз ағанікі, сөздің мәнісі бұзылып бара жатқанда ғана іні алға шығып сөз айтқан:
Ел аузындағы әңгіме. Бірде Абай ағамызға сәлем бермекші болып екі адам келіпті. Абай әдетте келген адамдарды аңғармақ болып, сұрақ-сауалдар беріп байқайды екен. Егер қонақтардан аларлық үлгі-өнеге, сөз болса, мәслихат құрып отырады да, мәнсіз әңгіме басталса, Әйгерімге:
– Қонақтарға тамақ беріңдер, – деп шығарып жібереді екен.
Осы жолы да әңгіме басталып, Абай кенеттен:
– Осы тәтті де не тәтті, қатты да не қатты, – депті сәлем берушілерге қарата. «Аға тұрып іні сөйлегеннен без», деген ата салтымен үлкені:
– Абай аға, ірімшікті қантқа қосып... – деп сөз бастағанда, қасындағы жасы кіші іні:
– Жоқ, Абай ағам оны сұрап отырған жоқ, Абай аға тәттіде жан тәтті, қатты да жоқшылық қатты, депті.
Абай разы болып бұлармен дастарқандас болып, сұхбат құрыпты дейді айтушылар.
Бұл ақыл жастан дегенге тағы бір дәлел.
* * *
Кеңес заманында бөшкеге сыятын суды шелекке құйып рәсуә болған халықпыз. Қазақ сөзінің ұлағаты сұйылып, мәнсізденіп, тозып еді, ендігі кезде солардың табиғи мазмұнына қайта оралуымыз керек. Қазақ сөзі оның даласының тілдік көрінісі, мағынасы кең, ауқымды. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кейінгі жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша шетелдік профессорларды студенттерге, магистранттарға дәріс оқулары үшін арнайы шақырамыз. Сондай профессорлардың бірі АҚШ-тың Кентукки университетінен келген Стефан Берд-Полланмен үшінші күні сұхбаттасып отырмыз. Ол бұрын Қазақ елінде мүлдем болмаған, қазақ халқын көрмеген, білгені шамалы, Астанаға тұңғыш келуі екен. Ол кісімен философияның кәсіби мәселелерін қозғап отырып, арасында біздің ел туралы сөз болғанда:
– Сіздер, қазақтар әдет-түсініктеріңіз тура заңға ғана сыйып тұрмайтын кең, ашық пейілді халық екенсіздер, – дейді.
Қонақ аз отырып көп сынайды деген осы, үш күннің ішінде біздің ділімізді аңғарып қойған. Қонақ сөзінде астар да барын аңғару керек, бізде заң дегеннің тым қатал екенін де оның байқағаны болар.
Рас, онымыз бар, бірақ ағалығымыз сатулы болып, үлкендеріміз оны тауарға айналдырып бұлдай бастағанын көргенде, оны ағалық деп атаудан сақтана бастайсың, әсіресе, осы жағымсыз жағдайды қазіргі жастар аңғарып, айтып қалуда, бұл ұрпақтың ауыр сыны.
Қазақ басынан рухани қасіретті кешкен халық. Рух діңгегі – дін. Атеизм өз дегенін жасады. Діни сезім адамдарды жұмсартушы еді, атеизм адамдардың жүрегін қарайтты, мінезін өзгертті, тік айту дәстүрге айналды. Халқымызда ауыр қазаны да тік айтпай, тұспалдап жеткізуші еді. Атеизм дәуірінде «бет жырта» айту мақтанышқа айналды, ол туыстыққа да, адамшылыққа да жатпайтын жат әдет, сол қазақ қауымының қат-қабаттарында орын алып үлгерді. Үлкеннің бетінен алу – айып. Ойланып сөйлеу адамшылық, кісілік белгісі. Мінез сабырлығы ағалықтың негізі. Шын мәнісінде ағалық деген елдік мінез, оған жетудің жолдары бар, өкінішке қарай, ағалықты біз билікпен араластырып алдық. Әрине, биліктегі адам сөзі ағалық мағынада болса бір жөн, ал олай болмаса не істемекпіз, ойланған жөн!
Ағалық деген өнегелік. Ғылыми тілде оны «лидерлік» деп те атауға болар. Қазақ: «Жүзден біреу шешен, мыңнан біреу көсем», деген. Яғни, ағалық шешендікке қарағанда сирек кездесетін құбылыс, ағалық көсемдікке қатысты түсінік. Сөз қысқасы, жасы үлкеннің бәрі аға емес. Аға болу жол. Жол көрсетіп, бағыт анықтау. Бұл жасқа қарамайды.
Ағалық табиғи, биологиялық, жасқа үнемі де сәйкес келе бермейтін өнегелік.
Ағалық болмысын өзі де о дүниелік болған тамаша ақын Сәкен Иманасовтың жазушы Әнуар Әлімжановты жоқтауында қанық етіп айтып еді:
Ағам бар еді мір тілді,
Жағам бар еді – жыртылды!
Қан жылап тұрған жүрекпен
Жұбатам қалай жұртымды?!
Жасырып жерге мәрт ұлды,
Жұбатам қалай халқымды? –
Телегей теңіз дариясы
Тебірене тұрып тартылды!
Төре де болып төрге өтті,
Турасын айтып, ер кетті.
Барлайтын елдің ертеңін,
Шарлап та келіп жер-көкті!
Қайығы жүйрік кемеден,
Жазығы биік төбеден.
Алдына келген адамның
Атасы басқа демеген.
Беткейі шүйгін бел еді,
Белден де биік беделі.
Атқа да мінді, таққа да,
«Астым ғой елден!» демеді.
Алды бір Жайық, кең Еділ,
(Асықтың екен неге бұл?)
Сендей-ақ болар дейтін ек
Халқының қамын жеген ұл!
* * *
Ағалық табиғаты ақсақалдықпен үндес. Аға жас келе ақсақал болуы табиғи жағдай. Осы мәселеге орайлас Мекемтас Мырзахметов қаһарман Бауыржан Момышұлы айтты деген естелігін жариялады. Баукеңмен шамалас, аралас бір адам келіп Баукеңе:
– Ей, шал, – деп сөз бастаса керек.
Сонда Баукең өз мінезіне сай орыстың бір сөзін қоса:
– Сен мені шал деп тұрсың, білесің бе кімді шал дейтінін, – депті.
Анау аңтарылып қалса керек, сонда Баукең:
– Сен тыңда, ұғып ал. Адам шайтан емес, қартаяды. Сен айтқан жасқа жетеді, бірақ баласына, әйеліне сөзі өтпейді, жұмысы табақ босату. Мұны шал дейді. Адам жасқа келеді, бірақ оны отбасы, төңірегі, ауыл-аймағы қадір тұтады, сөзін насихат көріп тыңдайды. Оны қария дейді. Адам қартаяды, бірақ оны ауыл-аймақтан асып ел тыңдайды, аталы сөз айтады, ірі іске араласады. Бабамыз Төле би айтқандай, «туғанды емес, тура би» болады, ондай адамды ақсақал дейді. Сен мені осы үшеуінің қайсысына жатқызып тұрсың? – деп тағы бір орыстың осындай айтылған сөзін айтыпты, жарықтық Баукең.
Сөз ұлағатын білу деген – өнер. Сөзге қатысты өнерсіздік жайылып барады. Тіл өзімдікі деп аталы сөздерге тіміскілеп еніп, оңды-солды қолдану – әдепсіздік.
Бір жиында әлдекімді жеріне жеткізе мадақтамақ болған азамат:
– Бұл кісі ақсақалдықтан абыздыққа бастаған, – деп айтып қалды.
Ойландым. Сонда ақсақал кім, абыз кім?
Жұрт абызды ақсақалдан жоғары қоймақ ниетте. Заманында Коммунистік партияның басшылығы «ақсақализмге қарсы» арнайы қаулы қабылдап еді, соған қарағанда ақсақалдық осал шаруа емес. Біз ақсақалдықты менсінбеушілік сыңайын танытудамыз, онымыз қалай? Абыз деген сакралды ұғым, оның дінге қатысты мағынасы молдау, оны да ойға алып қойған жөн.
* * *
Қазақты халық ретінде Кеңес өкіметінің ірітіп жібере алмағаны (олардың мақсаты осы еді) ел ішінде ағалық, ақсақалдық дәстүрдің сақталмағандығынан. Ойлаймын, Тәуелсіздікке де жеткізген осы ағалықты, ақсақалдықты дәстүр ретінде сақтап қалғанымыздан. Соның бір айғағы деп осы жылдың 7 мамырында Бауыржан Момышұлы туралы көркем фильм көрдік. Қойған – «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы жұрт ықыласына іліккен Ахан Сатаев.
Фильм тәуір, бірақ Баукең бейнесін соғыс арқылы ашпақ болған ниетті қабылдай алмадым. Өткен алапат қанды қырғын «біздің соғыс» емес. Ол фашизм мен болшевизм арасынан қаулап кеткен өрт-қырғын. Келе-келе ол соғыстың мән-мағынасы ашылғанда, түсінік өзгереді. Сол соғысқа ұл-қыздары қатысқан кейбір бұрынғы одақтас республикалар (қазіргі егеменді елдер) 9 мамырды тойлаудан бас тартып жатыр. Бұл әншейін басталған үрдіс емес. Әкем соғыстан мүгедек болып оралды, төрт туысы қаза тапты, хабарсыз кетті, сонда айтатын:
– Балам, қалайша жеңіс күнін тойлайсыңдар, бұл соғыста қырылып қалдық қой, – деп.
Жастау кезімде әке сөзін теріс деп санайтынмын, есейе келе, әке сөзінің растығына көзім жете бастады.
Асылы 9 мамырда мешіттерде қыршынынан қиылған боздақтарға дұға оқып, оларды еске түсіру күні деп атаған жөн болар.
Баукеннің ғажаптығы соғыстағы ерлігі ғана емес, оның ерлігі қазақ болуында. Жас офицер кезінде, ол өзін еркін қазақпын деп сезінген. Ол сезіну аты-жөнін қазақша жазудан басталды. Коммунистердің қылышынан қан тамып тұрған кезде төл құжатынан Бауыржан Момышұлы деп жаздырта алғаны нағыз ерлік, Махамбеттің мінезі. Ол тұңғыш тәуелсіз қазақ. Бүгінде егемен елдің ата-текті қазақша жазуға мүмкіндік берген заңы бар, бірақ санаға сіңіп кеткен кеңестік сенім – қазақтардың әлі де көбісінің санасынан шықпай жатыр.
Санасына ағалық жас кезінен енген алғашқы тәуелсіз қазақ – Бауыржан Момышұлы. Фильм Баукеннің тұңғыш тәуелсіз қазақ екеніне құрылу керек еді демекпін.
* * *
Аға о дүниелік болғанда Кереку өңірінің басшысы Қанат Бозымбаев телефон шалып:
– Сіз ел ағасысыз ғой, – деп сөз бастап ниет көңілін білдірді.
– Рахмет! Алла разы болсын, – дедім.
Көргені, түйгені бар, әкім. Ойланып қалдым. Қоғамда ауық-ауық ел ағасы деген сөз айтылып қалып жүр, бірақ ол хабарларда «ел ағасының» байлығын, кеңес заманында белгілі басшы болғандарын дәріптеу басым. Ел ағасы деген соң, оның тегіс елге, жұртқа айтар аталы сөзі, ерен ісі, төл қазақы мінезі болса керек, журналистердің осындай асыл қасиеттерді насихаттағаны жөн емес пе?
Иә, сонымен Ел ағасы дегенге келсем, ол бүгін пайда болған неологизм емес. Қазақ бабам айтатын «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» деп.
* * *
Ел ағасы кім және кімдер? Санасында Карл Маркс, Владимир Ленин тұнып тұрған социалистер ел ағасы бола ала ма? Жасы жетіп, бірақ байлыққа малынып, кісілікке шыға алмай әлем шарлап әлек болғандар ел ағасы атана ма? Немерелерімен орыс тілінде шүлдірлеп отырғандар ше? Мен нақтылы айта алмаймын, істің ақ-қарасын айқындайтын оқиға, тағдыр, түп-тамырына келсек, бәрі Алладан.
Кісілік, жан жомарттығы деген де айғайлап тұратын қасиеттер емес, олардың табиғаты қарапайым, істері ізгі, олар нарықтан тек пайда қуған пысықтар үшін Дон Кихот мінездері болып көрінуі ғажап емес. Сөз реті келген соң айта кетейін, Сервантестің кейіпкері Дон Кихот табиғатында тазалық, ізгілікке құштарлық жатқан жоқ па? Мадақ, мансап іздеп соның соңына шам алып түсушілер ел ағасы атана ма, ол арасын да ашып айта алмаймын.
Кісілік, ерлік, сірә, өзінің сәтін тосып та жатады, Махамбет сияқты жалаң қылыш қалпында да, хакім Абайдай «сабыр түбі сары алтын» деп парасат мінезде де болмақ.
Ел ағасы кім дегенде айтарым, ол халықтың мәдени-тарихи тәжірибесін бойына сіңіріп, өмір сүру қалпына айналдырған ізгі жан. Бұл бір. Екіншіден заманның ағымын, елдің қамын, саясаттың оң, солын аңғарып сабырлы мінез танытатын адам болса керек. Үшіншіден ел ағасы міндетті түрде болашақты болжай алатын парасат иесі болуы табиғи жағдай, себебі, тізесінде келешектен үміт күтіп немересі отыр.
Мен қазақтың ел ағаларының барына, олардың ойшыл Асан қайғы айтқан «судағы ақ шортан қарағай басын шалған» заманда көрініп, «адасқан көптің атының басын бұрайтынына» кәміл сенемін. Олай болмаса қарға тамырлы қазақ атанып, кең далаға иелік құрмас едік.
Ғарифолла Есім,
академик.
АСТАНА.