«IBA тәуелсіз этика комитеті АҚШ, Канада, Чехия, Швеция және Жаңа Зеландия бокс федерацияларының өкілдеріне IBA Конституциясын және оның тәртіп пен этика кодексін бұзғаны үшін шағым түсірді», делінген IBA-ның ресми сайтындағы хабарламада.
Атап айтқанда, IBA АҚШ бокс федерациясының бас директоры Майк Макэт, Канада бокс федерациясының президенті Райан О’Ши, Чехия бокс ассоциациясының президенті Марек Шима, Швеция бокс ассоциациясының төрағасы Пер-Аксель Шехольм және Жаңа Зеландия бокс федерациясының президенті Стив Хартлиге қатысты тәртіптік іс қозғады. Сонымен қатар тәуелсіз этика комитеті өзге де ұлттық федерация басшыларының бойкотқа қатысы бар-жоғын тексеретінін де мәлімдеді. Осылайша, IBA жасырын түрде өздеріне қарсы шыққан ұлттық федерациялармен ашық айқасқа кіріскенін байқатты.
«Бокста кемсітушіліктің қандай да бір түріне орын жоқ және IBA мұндай жағдайды болдырмауды өзінің миссиясы деп санайды. Сонымен қатар Халықаралық бокс ассоциациясы халықаралық аренадағы өзінің адалдығы мен беделіне нұқсан келтіретін белгілі бір топ өкілдерінің қаралауына жол бермейді», делінген хабарламада.
Естеріңізде болса, 2022 жылдың қазанында IBA президенті Умар Кремлев Ресей мен Беларусь спортшылары 2023 жылы өтетін бокстан қыздар мен ерлер арасындағы әлем чемпионаттарында өз тулары астында өнер көрсететінін мәлімдеген болатын. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан салынған санкцияларға (өз туы астында жарыстарға қатыстырмау) қарамастан, IBA-ның қабылдаған осындай даулы шешіміне жоғарыда аттары аталған мемлекеттің бокс федерациялары өз наразылықтарын білдіріп, бірінен соң бірі әлем чемпионаттарына бойкот жариялай бастады. Сондай-ақ АҚШ бокс федерациясы халықаралық бокс ұйымының қаржылық басқаруы ашық түрде жарияланбайтынын және санкция салынған компаниялармен тығыз жұмыс істеуі бойкот жариялауға себеп болғанын мәлімдеген еді.
Әлемнің оннан аса мемлекеті бокс бәсекелеріне қатысудан бас тартатындарын айтса да, IBA президенті Умар Кремлев халықаралық федерациялар мен ХОК талабын орындауға бәрібір ниетті емес екенін жеткізді. Атап айтқанда, ол әр спортшыға өз елінің туы астында рингте өнер көрсетуіне және мемлекетінің әнұранын шырқатуға мүмкіндік беретініне уәде берді. Сонымен қатар Кремлев спортшыларды мұндай мүмкіндіктен айырып отырған шенеуніктер мен саясаткерлерге спортта орны жоқ екенін де жеткізді.
...Бірінші раунд барысында екі «боксшы» да ринг ортасында бір қарыс артқа шегінбей, өз мүддесі үшін ашық айқастан аянып қалған жоқ. Қазірше үзіліс. Екі тарап рингтің екі бұрышында «бапкерлерінің» ақыл-кеңесін тыңдап, екінші раундта ұстаздарының берген тапсырмаларын бұлжытпай орындау үшін дайындалып жатыр... Бұл тартыста кімнің жеңетіні әзірге белгісіз. Бірінші раундтан кейін таразы басы тең түсіп тұр.
Айта кетейік, Үндістан астанасы – Нью-Делиде жалауы желбірейтін әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 15-31 наурыз, Өзбекстанның Ташкент қаласындағы ерлер бәсекесі 1-14 мамыр аралығында өтеді деп жоспарланған.