Тұлға • 02 Наурыз, 2023

Ардакүрең ақын ардақталды

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтаңгер ақын, белгілі қоғам қай­раткері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Ғалым Жайлыбайдың жыр кеші Қызыл­жар өңірінде жалғасты. Қазақ­тың қара өлеңінің сынын бұзбай, көркем лирикамен ұштастырған оның өлеңдерін қызылжарлықтар жақсы көреді.

Ардакүрең ақын ардақталды

Ақынды облыс әкімі Айдарбек Сапа­ров­тың атынан Ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов құттықтап, өңір басшысы құттықтауын жеткізді. «Біз сізді бүгінгі қазақ поэзиясы алыптарының қатарында жақсы білеміз. Сіздің өлеңдеріңіз поэзияны ежелгі қазақ өлеңінің сарынынан ажы­ратпай, оны жаңа түрмен құлпыртып, бүгінгі замандастарымыздың жүрегіне қондыра білді. Сонымен қатар сіз әлеуметтік салмағы ауыр өлеңдер де тудырып, ойлы оқыр­ман­ның санасына қазыналы жүк тастап ке­лесіз. Жазықсыздан лагерьге қамалған әйел-аналар туралы жазылған «Қара орамал» атты поэмаңыз қазір әлемнің 16 тіліне ауда­рылып, дүние жүзін шарлап кетті. Ке­ңес­тік қанды қасаптың зардабын танытуда мұндай шығармаларға баға жетпейді. Сіздің «Жанымның жапырақтары», «Жүрегімнің жұлдызы», «Құсқанаты», «Ардакүрең», «Ақ сиса», «Тамакөшкен», «Есіл ағады», «Ай сынығы», «Ай таңбалы арғымақ», т.б. жыр жинақтарыңыз Қызылжар өңірі тұрғында­рына жақсы таныс», делінген құттықтауда. Сонымен бірге әкім Ғалекең­нің солтүстікте қазақ өнері мен әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны да айтылыпты. «Облысымызда айтыс, мүшәйра немесе атақты адамдарымыздың мерейтойлары болса сіз елімізге белгілі алма­тылық, астаналық жыр сүлейлерін, атақты ақын-жазушыларды алып келіп, біздің өңірдің мәдени іс-шарасына зор салмақ бересіз», депті әкім өзінің құттықтауында.

«Ай таңбалы арғымақ» атты әдеби кеште ақын өзінің өлеңдерін оқыды, солтүстіктің әдебиетсүйер қауымы атынан профессор Зарқын Тайшыбай, Жарасбай Сүлейменов, осы кешке Көкшетаудан арнайы келген жазушы Жабал Ерғалиев тағы басқалар сөйлеп, ақынды құттықтады.

Өңірімізге белгілі меценат, кәсіпкер Жомарт Омаров ақынға шапан жауып, астына ат мінгізді.

 

ПЕТРОПАВЛ