Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Айталық, мұндай мектептерге берілетін мемлекеттік тапсырысты 3 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл қадам орта білімді дағдарыстан шығара ала ма? Жекеменшік мектептер білімді емес, бизнесті күйттеп, түбінде сан соғып қалмаймыз ба?
Деректерге сүйенсек, бүгінде республикада 563 жекеменшік мектеп тіркелген. Оның 161-інде – қазақша, 104-інде – орысша, 298-інде аралас тілде білім беріледі. Елімізде жыл сайын жекеменшік мектептер көрсеткішінің артуына байланысты қоғамда түрлі сауал да туындап отырғаны шындық. Ақылы мектептердің көбеюіне қатысты пікірлер де сан алуан.
Сарапшылардың біразы «Жекеменшік мектептер бәсекелестік туғызады. Бұл орын тапшылығының азаюына ықпал етіп қана қоймай, нарықта жаңа білім бағдарламасы бар, технологиялық мүмкіндігі жоғары, сапа мен білім көрсеткіштерін арттыруды көздейтін жаңа ойыншылар қатарын көбейтеді» деген пікірді қолдайды.
Ал енді бірі озық мектептер үлгісі негізінде мемлекеттік білім ордаларының материалдық базасын нығайтумен қатар білікті мамандар даярлауға басымдық беру жағын құптайды. Сонымен қатар жекеменшік мектептерді тіркеу мәселесінде қаперде ұстайтын жайттардың да барын алға тартты.
CPSC Intl компаниясының негізін қалаушы әрі директоры Асан Нұғмановтың айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептерінің үлгісін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында еліміздің бірқатар өңірінде және тірек орталықтарында қолданысқа енгізудің тиімділігі жоғары болмақ.
«Олай болса алдағы бес жылда мектептердің көрсеткіші жоғарылап, тағы бір бес жыл ішінде еліміздегі жүздеген мың оқушы репетиторлардың көмегінсіз әлемнің озық университеттеріне оқуға түсуге мүмкіндік алатыны сөзсіз. Бұған қоса мектептердегі білім сапасын арттыруда мұғалімдерді даярлауға кешенді сараптама жасау қажет. Аттестаттау аясының кеңейгенін де құптаймын. Республиканың түкпір-түкпірінен ұсыныс-пікірлер жинап, алдағы іс-қимыл жоспарын құру – уақыт күттірмейтін шаруа. Салыстырмалы түрде алғанда, мемлекеттік білім ордаларына қарағанда жекеменшік мектептердегі сапа жоғары. Жеке жарналар есебінен мектеп әкімшілігі жақсы жалақы, бонустар қарастыра алатыны анық. Осындай жүйені мемлекеттік мектептерде құруға не кедергі? Меніңше, бұл жерде директорлық корпусты күшейтуге мән беру қажет. Яғни қоғамдық пікірлер қорытындысы негізінде «біліктілігі жоғары» директорлар тобын құрып, олардың ішінен ең үздіктерін таңдау қажет», дейді А.Нұғманов.
Білім сапасының нәтижесі – сәулетімен көз тартар ғимараттар емес, білікті басшы, білімді мұғалім, жаңа технологиялар сияқты бір-бірімен тығыз байланысқан жүйенің тиімді жұмыс істеуі. Осы орайда техника тілін меңгерген мамандар мәселесін жиі көтеріп жүрген математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтың пікіріне сүйенсек, еліміздің білім кеңістігінде жоғары рейтингтегі Жәутіков атындағы физика-математика, Назарбаев зияткерлік мектептері, қазақ-түрік лицейі тәжірибесін қарапайым мектептерге енгізген жөн. Өйткені аталған мектептер сапалы білімі, олимпиадалық көрсеткіштерімен алда келеді.
«Ал аудандық жерлерде жыл сайын жоғары көрсеткішке ие болып жүрген мектептерді қаржыландыруды ұлғайтып, егер көрсеткіші төмен болып қалған жағдайда қаржыландыруды өзгеріссіз қалдыру мақсатындағы тәжірибені енгізу де – білім сапасына әсер ететін факторлардың бірі. Жалпы, елімізде жекеменшік мектептер санының көп болғаны жақсы үрдіс. Ең бастысы, олар елдің болашағына қызмет етіп, жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылса болғаны», дейді А.Жұмаділдаев.
Үздік жекеменшік мектептер тәжірибесін аймақтарда үлгі етуге қолдау білдірген Білім беру саласындағы ұлттық инвесторлар қауымдастығының президенті, «Дана» жекеменшік мектептер және «Еркемай» балабақшалар желісінің құрылтайшысы Күләнда Батырбекова мектеп ашып, балаға білім беру бизнес емес дейді. Оның мәні ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балаларға саналы тәрбие, сапалы білім берумен байланысты.
«Қазіргі кезде елімізде балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы жекеменшік сектордың қарқынды дамуына жол ашты. Алайда бүгін мейрамхана, дүкен ретінде жұмыс істеп тұрған ғимараттардың, коттедждердің ертең балабақша немесе жекеменшік мектеп ретінде жұмысын жалғастырып жатқанын көргенде, амалсыз қынжыласың. Олардың қатарында жалға алуға қомақты қаржы төлеп, тек пайданы көздеп отырғандары да бар. Осылайша, көптеген кәсіпкер пайданың көзін тауып, бала, білім мәселесін екінші орынға ысырып қойды. Сондықтан бұл мәселеге қатаң талаптар қоя отырып, олардың лицензиялануына, тіркелуіне қатысты талаптарды күшейту қажет. Мектепке инвестиция салу – балаға сапалы білім беру ғана емес, оның қауіпсіздігіне да кепілдік беру», дейді К.Батырбекова.
Жекеменшік мектептерді тіркеу мәселесіне байланысты жолдаған сауалымызға Оқу-ағарту министрлігі «Білім туралы» заңның 57-бабы 1-тармағына сәйкес заңды тұлғалардың білім беру қызметі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңмен лицензияланатынын мәлімдеді.
«Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы бұйрығымен бекітілген халықтың санитарлық-эпидемиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесіне сәйкес балалар мен жасөспірімдер тұратын барлық түрдегі, типтегі білім беру және тәрбиелеу объектілері эпидемиялық мәні жоғары нысандарға жатады. Тиісінше, нысанның нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиялық қорытындысы болуы қажет. Осы екі талапқа сай болғанда жекеменшік мектептер білім беру қызметімен айналысу құқығын алады. «Білім туралы» заңға сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру саласындағы заңнама мен нормативтік-құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады», делінген жауапхатта.
Осы орайда К.Батырбекова заңнама талаптарының орындалуын бақылап, сараптама жасайтын мекемелер тәуелсіз болуы керектігін алға тартты. Сарапшы атап өткендей, жекеменшік білім ошақтары қатардағы мектептерден оқ бойы озық тұруы қажет. Бұл бағытта да көзжұмбайлыққа салынбай, мамандар даярлау ісіне мән беру маңызды. Америка, Еуропа, Сингапур, Малайзия елдерінде жақсы жолға қойылған жекеменшік мектептер ісінен үлгі алған артық болмайды. Ал кадрлардың біліктілігін арттыруда озық елдерден келген мамандардан шеберлік сағаттарын алған әлдеқайда нәтижелі болатыны сөзсіз.
«Жекеменшік мектептер еліміздің білім саласында бәсекелестікті туғызуға ықпал етеді. Олай болса, әлеуметтік жағдайды түзетіп, инвестицияны білім саласына дұрыс жұмсауды трендке айналдыру, үлгі ететін жағдайға жеткізу маңызды. Мысалы, Испанияда мектептер бір ауысыммен оқиды. Бүгінде елімізде балалардың шығармашылығын дамыту жағы кенжелеп тұр. Осы орайда мемлекеттік саясатты жүйелі жүргізуді қолға ала отырып, саналы ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлетін уақыт келді», дейді К.Батырбекова.
Алдағы екі жыл ішінде елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 842 мың оқушыға арналған 401 мектеп салынбақ. Биылдың өзінде 200-ден астам мектеп бой көтереді деп жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде бір ғана Алматы қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында орын тапшылығын 23 мыңға азайту көзделген. Осы орайда К.Батырбекова «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруда өңірлердің қажеттілігі қатаң ескерілуі керек дейді.
«Жалтыраған мектептер салу міндет емес. Бастысы, білім саласындағы кем-кетіктерді саралай, зерделей отырып, сол қомақты қаржыны мықты мұғалімдер корпусын даярлауға, сапалы білімге, технологияларға жұмсаған әлдеқайда тиімді. Өзім басшылық етіп отырған мектеп желісінде мұғалімдер біліктілігін арттыруға жылына 10 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Директорларды таңдап, баптау ісі де уақыт күттірмейді. Бүгінде химия кабинеті бар, бірақ зертханасы жоқ, сөйте тұра үш лаборант жұмыс істейтін мектептер кездеседі. Қаржы балаға емес, далаға кетіп жатыр. Қазіргі кезде басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген сұранысы артып келеді. Сонымен қатар жекеменшік мектептерде қарапайым отбасылар балаларының еш қиындықсыз оқыту ісіне көңіл бөлу керек. Ал кәсіпкерлікке қаржылық сауаттылықты меңгерген, баламен жұмыс істей білетін мамандар қажет. Ертең пайда көрем дегендер бұл бизнестен кеткені жөн», дейді К.Батырбекова.
Сарапшылар пікіріне сүйенсек, қазіргі кезде жекеменшік мектептерді ашу науқанға айналып кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Осы орайда білім беру үрдісіне қатысты тиісті мекемелерге бағынбайтын жекеменшік мектептердің ішкі мәселесі де қатаң бақылауда болуға тиіс. Сала мамандары қауіптің алдын алуға, бала тағдырына немқұрайды қарамауға қатысты талаптардың қатаң бақылауда болуын қадағалаудың маңызды екенін айтты. Сондықтан жекеменшік мектептер жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстарды іске асыру қажет.
Еліміздегі жекеменшік мектептер олимпиадаларда ғана бақ сынаумен шектелмей, олардың мемлекеттік білім ордаларымен тәжірибе алмасуын дұрыс жолға қою да өзекті. Мектепішілік шараларда ата-аналардан белсенділік талап етіледі. Жекеменшік мектептер қоғамды жікке бөлудің емес, білім кеңістігінде ықпалдасудың үлгісіне айналуға тиіс. Оқушылардың, мұғалімдердің жетістіктері, әлеуметтік белсенділігі мемлекеттік және жекеменшік мектептердің арасындағы бәсекелестік емес, сапалы білімнің экожүйесіне айналуға тиіс. Ал білім беру ісі бизнес емес, елдің болашағы екенін қаперде ұстасақ екен.
АЛМАТЫ