Қоғам • 02 Наурыз, 2023

Көрерменін күтетін премьералар

230 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қайта жасақ­талған «Гүлдер» ансамблі мен Қ.Қуанышбаев атындағы мемле­кеттік академиялық драма театрының осы жылғы жоспарларына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Көрерменін күтетін премьералар

Жиында Қ.Қуанышбаев атын­дағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма теат­ры­ның директоры Айболат Жау­дыр, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұр­лан Жұманиязов, «Гүлдер» ансам­блінің көркемдік жетекшісі және дирижері Серік Дәулетов алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Айболат Жаудырдың айтуынша, өнер ұжымы биыл 8 премьера жоспарлап отыр.

«Наурыз айының 3, 4, 5 күн­де­рі Еркін Жуасбектің «Үйлену» ­музы­калық комедиясының пре­мье­расын ұсынамыз. Режиссері – Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қай­­раткері Нұрлан Жұма­ния­зов. Композиторы – Серікжан Әбді­нұров. Спектакль театрдың ха­лық аспаптар ансамблінің сү­йе­мелдеуімен өтеді. Дирижері – Ма­рал­жан Мырзақұлова. Сондай-ақ Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» туындысы желісімен қойылым дайындалып жатыр. Жанры – мелодрама. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин. Премьерасы 11, 12 нау­рыз күндері өтеді. Одан бө­лек, еркін шығармашылыққа арнал­ған «Qalleki» театр­ зертха­насы «Кешкі тоғыз» спек­такль-концертінің премьера­сын ұсынады. Режиссері – Бә­зіл ­Сұл­танғазы. Зертхананың мақ­саты – шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнер­ге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау», деді театр директоры.

Сәуір айында театр сахнасында Болат Ұзақовтың режиссерлігімен сахналанған «Жошы хан» тарихи драмасы да ұсынылады. Туынды авторы – Думан Рамазан. Оған қоса Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовтың 75 жылдығына орай «Әке» спек­таклінің премьерасы жоспарланып отыр.

М.Булгаковтың туындысы же­лісімен «Жендеттер», М.Ха­се­нов­тің шығармасы негізінде «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» спектакльдері де көрерменді қуант­­пақ. Режиссері – Нұрлан Жұманиязов.

«Қазан айында Ж.Шайхис­ламұлы «Қыз Жібек» спектаклі­нің премьерасы ұсынылады. Жаңа қойылымды сахналау үшін Қазақстан, Ресей театр фести­валь­дерінің лауреаты, Ре­сей театр­ өнері институтының (ГИТИС) студенті, Д.А.Крымов пен Е.Б.Ка­менькович шеберханасында тәлім алып жүрген режиссер Әлі­бек Өмірбекұлы шақырылады. Құр­ман­ғазының 200 жылдығына орай халық аспаптар ансамблі­нің «Күй атасы – Құрманғазы» атты концерті өтеді. Театр ұжымы ма­мыр айының 2-8 күндері ара­лы­ғында Алматы қаласына гастрольдік сапармен барады. Ал 19-25 маусым аралығында Пет­ропавл қаласында аталған облыс әкімдігінің қолдауымен Темір­бек Жүргеновтің 125 жыл­дығына арналған Қазақстан драма театр­ларының XXІХ республикалық фестивалін өткізейін деп отырмыз», деді Нұрлан Жұманиязов.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік кон­церттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова «Гүлдер» ансамблінің тұсаукесер концерті жоғары деңгейде өткенін айтты.

«Алдағы жұмыс жоспары бо­йынша жаңа құрамдағы «Гүл­дер» ән-би ансамблінің елі­міз­дегі және шетелдердегі гастрольдік іс-сапары басталады. Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Мажарстан, Бельгия, Франция елдерінде өнер көрсетеді. Алдағы міндет – жаңа құрамдағы «Гүлдер» ансам­блін және өзге де мәдениет жау­һарларын халықаралық кәсіби ареналарға шығару, дүниежүзіне көрсету. Одан бөлек, ансамбльдің мұрағаттағы материалдарымен көп жұмыс істедік. Түрлі фотосуреттер, бейнематериалдар мен костюмдер, 6-8 деректі фильм табылды. Осы тұста атап өте­тетін жайт, ансамбльдің арда­герлері Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова, Қа­паш Құлышева, Алтынбүбі Омар­бекова, Татьяна Ауталипова құнды жәдігерлерді күні бүгінге дейін көзінің қара­шығындай сақтап, бізге аманат етті. Татьяна Қайырбайқызы­ның арқасында Алтын қордан екі қо­йылым тап­тық. Олар – «Бипыл», «Аса­таяқ» және «Малайзия», деді А.Райымқұлова.

Сондай-ақ спикер Алтын қор­дан алынған «16 қыз», «Су тасушы», «Куә бол» әуендеріне «Гүл­дер» ансамблінің көркемдік же­тек­шісі Серік Дәулетовтің бас­тамасымен жаңадан аранжировка жазылғанын атап өтті.