Сенат • 03 Наурыз, 2023

Салық саясаты айқындалады

223 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Отырыс барысында Салық кодексіне енгізілген өзгерістер жаңа редакцияда мақұлданды.

Салық саясаты айқындалады

Атап айтқанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем­дер туралы» Қазақ­стан Республика­сы­ның Кодексі­не (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төле­нетін басқа да міндетті төлем­дер туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Палата депутаттары заң жобасының жаңашылдықтарын негізінен қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар толықтыру енгізуді ұсынды. Осылайша, құжат жаңа редакцияда қабылданды.

Мәселен, заң жобасы жөнін­де баян­дама жасаған сенатор Бекболат Орынбековтің айтуынша, бөлшек салық бойынша арнаулы режімге 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалану мүмкіндігі берілмек. Сондай-ақ осы бағыттағы салық режімі 4 пайызға дейін төмендетіледі.

Сенат төрағасы қабылдан­ған заң еліміздегі салық заңна­ма­сын одан әрі жетілдіру үшін әзірленгенін атап өтті. Нақ­ты айтқанда, жаңа нормалар азаматтардың төлем қабі­летті­лігін және банкроттығын қалпына кел­тіру, өсімдіктер дүниесі объекті­лерін пайдалану және халықтың көші-қоны саласындағы салық ережелерін нақтылайды.

«Сенат бұл заң жобасына бірқатар түзету енгізді. Олардың бір топтамасы бөлшек салықтың арнаулы режіміне қатысты. Бұл салық режімі пандемиядан зардап шеккен секторлар­да жұмыс істейтін кәсіпкерлер­ді қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен уақытша енгізілген еді. Мұндай шара шағын және орта бизнес субъектілеріне үлкен демеу болып, өзінің тиімділігін көрсетті. Сондықтан бөлшек салықты қалпына келтіріп, оның жұмысын мерзімсіз ету үшін тиісті түзетулер енгіздік. Осы заң салықтық міндеттемені орын­дауға байланысты қатынастарды жетілдіруге және салық салудың айқындылығын қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында «2014 жылғы 29 мамыр­дағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Оның нормалары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарларды әкелу кезінде жанама салықтар алу тәртібін реттейді. Сондай-ақ құжат ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің кәсіпкерлері ара­сындағы өзара сауданың артуына ықпал етуді көздейді.

«Хаттама арқылы ЕАЭО туралы шартқа Ресей Федера­циясының жекелеген арнайы экономикалық аймақтарында салық салу бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Жалпы, ЕАЭО туралы шартта оның жұмыс істеуінің және мүше мемлекеттердің, оның ішінде салық салу мәсе­лелері бойынша өзара іс-қимылының негізгі қағидаттары бекі­тілген. Атап айтқанда, жанама салық­тарды өндіріп алу тәр­тібі және оларды мүше мем­лекет­тердің өзара саудасында төлеу тетігі Шарттың №18 қосым­шасында көзделген.

Салық салудың негізгі қағи­даты – экспорттаушы үшін қосыл­ған құн салығының нөл­дік мөлшерлемесін қол­дану және межелі елдегі импорт­таушының қосылған құн салығын төлеуге қажеттілік. Мүше мемлекеттердің арнайы экономикалық аймақтарына тауарларды импорттау кезінде еркін кеден рәсімі қолданылады. Яғни Одақтың Кеден кодексінің 201-бабының 1-тармағына сәйкес тауарлар арнайы эконо­микалық аймақтарында кедендік баждарды, салықтарды және басқа да өтемақы баждарын төлемей орналастырылады және пайдаланылады», деді заң жобасы жөнінде баян­дама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Алайда Одақтың Кеден кодексі­нің 455-бабының 6-тар­мағына сәйкес Ресей Феде­рациясының 3 арнайы эконо­ми­ка­лық аймағында Одақ ел­дерінің аумағынан импорттала­тын тауарлар бойынша кедендік баждар мен салықтар бірден төленеді. Ал үшінші елдерден импорттаған кезде кедендік баждар мен салықтар төленбейді. Осылайша, осы аймақтарда кәсіпкерлер үшін Одақтың елдерінен гөрі үшінші елдерден тауарларды импорттау тиімдірек.

«Өз кезегінде, Хаттама нормалары аталған арнайы экономикалық аймақтарға Одақтан және үшінші елдерден тауарларды импорттау кезінде тең жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Хаттама Одақ елдерінен импортталған тауарлар бойынша көрсетілген аймақтарда 180 күн ішінде кейін­ге қалдыра отырып, қосыл­ған құн салығын төлеуді көздейді», деді Е.Жамаубаев.

Бұдан бөлек, сенаторлар «Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат көлеңкелі трафикті қысқарту­ға, кедендік бақылау процесін оңтайландыруға және көлік­тік-логис­тикалық қызметтер­ді да­­мытуға оң ықпал етуге бағытталған.

«Осы келісім тауарларды навига­циялық пломбаларды қолдана отырып, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы бойынша өткізу кезін­де қадағалау мүмкіндігін көздейді. Тауарлардың санаттары мен көлік ерекшеліктеріне байланысты өтпелі кезеңдер қа­растырылған. Бұл қадаға­лаудың әрбір кезеңінің басталуымен навигациялық пломба­ларды қолдану­дың тиім­ділігін жетіл­діруге мүмкін­дік береді. Бизнес үшін осы келісім­нің артық­шылығы – өз тауар­ларын Одақ кеңістігінде қауіпсіз транзиттеу, оған мүше мемле­кеттердің бақы­лаушы ор­ган­дары тарапынан бақы­лау­дың қосымша шарала­рын бол­дыр­мау мүмкіндігін жасау. Келісім мемлекет үшін ха­лық­­аралық тасымалдардың ашық­­тығын, «жалған транзит» пен «жалған импортты» бол­­дыр­­мауға және тиісінше бюджет­ке ақша түсімдерінің ұлғаюына мүмкіндік береді», деді Е.Жамаубаев.

Келісім қадағалау объекті­лерін, навигациялық мөрлерге қойылатын талаптарды, ұлттық опера­торлардың қызметін айқын­дайды. Одан бөлек, Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қадағалау органдарының өзара іс-қимыл нысандарын белгілейді.