Атап айтқанда, жарыстың алғашқы күнінде 60 килодағы отандасымыз Нұрқанат Серікбаев финалдық сынға алқынбай жеткенімен, бас жүлде үшін өткен бәсекеде кореялық Ким Вон Джинге есе жіберіп, Ташкент татамиінде күміс жүлдегер атанды. Жерлесіміз турнирдің іріктеуінде әзербайжандық Ровшан Алиев пен саудиялық Мутаз Хавджаны тізе бүктірсе, ширек финалда жарыс қожайыны Дильшодбек Баратовтан айласын асырды. Ал жартылай финалда грузиялық Лухуми Чхвимианиді жеңіп кетті.
Келесі күні Нұрқанаттың ізін ала 73 килодағы Азия чемпионы Данияр Шамшаев та финалдық сайысқа жолдама алды. Өкінішке қарай, бас жүлде үшін өткен белдесуде Шамшаев та қарсыласына жол беріп қойды. Отандасымыз ақтық сында жарыс қожайыны Муроджан Юлдошевтің осал тұсын таба алмады. Шамшаев бастапқы бәсекелерінде франциялық Аксус Бенджамин мен қырғыз Шыңғысхан Сагиналиевтің адымын аштырмаса, ширек финалда түркиялық татами шеберінің жолын кесті. Жартылай финалда швейцариялық Нилл Штамптан басым түсті.