Тимур Санжарұлының есімі еліміздің футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Футболшы ретінде Сегізбаев 19 жасында КСРО чемпионатында дебют жасап, «Қайрат» сапында өнер көрсетті. 1963 жылы Одақ кубогінің жартылай финалына шыққаны үшін «КСРО спорт шебері» атағын алды. 6 жыл қатарынан «Қайраттың» капитаны болды. Мансабын аяқтағаннан кейін «Автомобилист» (Қызылорда), «Шахтер» (Қарағанды), «Қайрат» (Алматы), «Мелиоратор» (Қызылорда) командалары мен Йемен құрамасында бапкер ретінде қызмет етті. 1989 жылдан 2001 жылға дейін еліміздің футбол федерациясының вице-президенті, бас хатшысы және президенті қызметін атқарды.
Биылғы чемпионаттың тұсауы Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда кесілді. Былтыр Қазақстан кубогінде жеңімпаз атанған жергілікті «Ордабасы» клубы алғашқы турда Ақтаудың «Каспийін» қабылдап, өз жанкүйерлерінің алдында қонақтарды ірі есеппен тізе бүктірді – 3:1.
Шымкенттік клуб қысқы трансфер кезеңінде белсенді жұмыс істеп, құрамын ұлттық құрама сапында доп тебетін беделді ойыншылармен толықтырды. Атап айтқанда, биылғы маусымда «Ордабасы» клубының намысын ел құрамасының капитаны Асхат Тағыберген, қорғаушылар – Сергей Малый, Темірлан Ерланов, жартылай қорғаушы Бауыржан Исламхан, тағы басқа Қазақстанның және шетелдің ең мықты деген футболшылары қорғайды.
«Каспиймен» өткен матчта алаң қожайындарының соққан үш голын да маусымаралық үзілісте команда құрамын толықтырған ойыншылар соғып, «Ордабасыға» жеңіс сыйлады. Мәселен, кездесудің есебін 16-минутта екі жылдық үзілістен кейін үлкен футболға оралған Бауыржан Исламхан ашып қана қоймай, жаңа маусымдағы бірінші голдың авторы атанды. Биылғы қазақ футболындағы ең ірі жаңалықтың бірі – Исламханның жасыл алаңға қайта оралуы десек, артық айтқандық болмас. Екінші таймның 49-минутында Асхат Тағыберген есепті еселей түссе, кейіннен «Ордабасының» өзбекстандық шабуылшысы Бобур Абухоликов таблодағы есепті 3:0-ге жеткізді. Қонақтар сапынан қарымта голды 71-минутта Георгий Панцулая соқты.
4 наурызға жоспарланған бірінші турдың екінші матчында жоғары лигаға қайта оралған Талдықорғанның «Жетісу» клубы былтырғы ел біріншілігінің күміс жүлдегері «Ақтөбені» қабылдап, тең дәрежеде өткен ойында бір доп айырмасымен жеңіліп қалды. Алматыдағы «Жас Қыран» стадионындағы кездесу 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Ойындағы жалғыз әрі жеңіс голын 83-минутта Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов соқты.
2022 жылғы маусымның қола жүлдегері атанған «Тобыл» да биылғы чемпионатты жеңіспен бастады. Бірінші турда Павлодардың «Ақсуын» қабылдаған қостанайлықтар еш қиындықсыз алғашқы үш ұпайын олжалады – 3:1. Матчтың есебін 9-минутта алаң иелерінен Милан Вукадинович ашса, 59-минутта Ислам Чесноков есепті еселей түсті. 66-шы минутта қонақтар сапынан Тони Сильва есеп айырмасын қысқартқанымен, қосымша уақытта Серж Дебле ойынның нүктесін қойды.
Бірінші турдың бірінші күніне жоспарланған соңғы матчта былтырғы ел чемпионы, биылғы суперкубок иегері «Астана» мен Қарағандының «Шахтері» шеберлік байқасты. «Астана Арена» стадионына жиналған жанкүйерлер аса тартысты матчтың куәсі болды. Үш гол соғылған бәсекеде «Астана» футболшыларының асығы алшысынан түсті – 2:1. 3-минутта елордалық клубтан Владислав Прокопенко дәлдік танытса, арада 20 минут өткенде биылғы чемпионаттың ең құнды футболшысының бірі саналған Дембо Дарбо ел чемпионатындағы алғашқы голын соғып, алаң иелерінің басымдығын еселей түсті – 2:0. Бірінші тайм аяқталғанға дейін қонақтар сапынан Шыңғыс Флюк мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартып үлгерді. Екінші таймда «кеншілер» командасы таразы басын теңестіруге тырысқанымен, «Астана» қақпасынан саңылау таба алмады.
Сонымен қатар кеше Шымкентте «Мақтаарал» Көкшетаудың «Оқжетпесін», Алматыда «Қайрат» Атыраудың «Атырауын» қабылдаса, жоғары топқа оралған «Қайсар» Қызылордада «Қызылжар» командасымен үш ұпайды сарапқа салды.