Он күнге жалғасқан кешенді жарыста Қазақстан құрамасының спортшылары 3 алтын, 5 күміс және 6 қола медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 6-орынға табан тіреді. Жалпы, Кузбастағы ойындарға спорттың бес түрінен 58 отандасымыз аттанған еді. Олар шорт-трек, конькимен жүгіру, кёрлинг, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, шаңғымен тұғырдан секіру спорт түрлерінен сынға түсті.
Кузбастағы ІІ «Азия балалары» ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын жүлдені Илья Мизерных (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), Мейіржан Төлеген (шорт-трек), Варвара Глухова (конькимен жүгіру) салған болса, Мейіржан Төлеген (шорт-трек, 1500 м), Илья Шильников (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада ерлер құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Мизерных пен Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру), спринтте ерлер құрамасы (конькимен жүгіру) күміс жүлдегер атанды.
Ал Малика Жолтабар (шорт-трек, 1500м), Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада қыздар құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Шильников пен Алёна Свериденко (шаңғымен тұғырдан секіру), Мадияр Мадихов (шорт-трек, 100 м), шаңғы жарысындағы достық эстафетасында Арина Андрющенко («Спорт» құрамасында) қола жүлдеге ие болды.
Жалпыкомандалық есепте Сібір федералды округі медаль жиынтығы бойынша бас жүлдені олжаласа, одан кейінгі орындарға Мәскеу облысы, Орал мен Қиыр Шығыс федералды округінің құрамалары жайғасты. Жас спортшылар биылғы сайыста 57 медаль жиынтығын сарапқа салды.
2023 жылғы Азия балаларының бәсекесіне Қазақстан құрамасынан бөлек, Армения, Ауғанстан, Беларус, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Непал, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекетінің спортшылары қатысты. Сондай-ақ Мәскеу облысы, Кузбасс аймағының құрамасы, Қиыр Шығыс федералды округі, Сібір федералды округі, Орал федералды округінің құрамасы, Башқұртстан, Саха және Татарстан республикаларының өкілдері де байрақты додада өнер көрсетті. Ал Таиланд, Ливан мен Ауғанстан құрамалары биыл алғаш рет «Азия балалары» ойындарына қатысқанын айта кеткен жөн.
Қазақстан 2019 жылы өткен алғашқы «Азия балалары» ойындарына 8 спорттан 74 спортшы апарып, жалпыкомандалық есепте 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен 11 құраманың ішінде 6-орыннан көрінген еді.