1977 жылы үлкен авиацияға баруды ұйғарған грузин ұшқышы Миминоның басынан кешкен оқиғасы қызық та қым-қуыт. Әсіресе атақты актер Фрунзик Мкртчян екеуінің тандемі тіпті фильмді түрлендіріп жіберген. Комедия – арманына қол созған ауыл баласының қанша биікке ұшса да туған жерден артық бақыт таппайтынын баяндайды. Мәскеуден келген стюардессаға ғашық болған қарапайым жігіттің махаббат дертті өмірінің шуақты сәтіндей тұнғиыққа тартады. Фильм жарыққа шыққаннан кейін «Чито-гврито...» әнін бүкіл ел айтып, Валико мен Рубиктің диологін қалжыңға айналып кетті.
Шығарма желісіне үңілсеңіз шытырман оқиғалар шеруі Қожанасырдың басынан кешкен хикаялары секілді күлкілі жағдайға толы. Дарынды режиссер Георгий Данелия түсірім барысында қос актердің шеберлігіне таңдай қағып, шек-сілесі қата күлгенін жасырмайды. Қызығы сол, фильмнің идеясы драматург Резо Габриадзенің тауда тұратын ұшқыштың түнде тікұшағын ағашқа шынжырлап қоятынын айтып бергеннен кейін туындаған. Осы қарапайым әңгімеден әсерленген режиссер кино түсіруге бекініп, сценарийге сезім иронияларын қосады. Бастапқыда комедияны «Ерекше ештеңе емес» деп атайды. Әйтседе, артынан ойын өзгертеді.
«Мосфильм» киностудиясы ақша бөліп, сценарий бекітілгеннен кейін, режиссер өлең жазып, керней тартатын «жүгері зауытындағы» ұшқыш туралы хикаяны түсіруден бас тартады. Түсірілімге бір-екі ай қалғанда әріптесі Рустам Ибрагимбековпен ақылдасып, халықаралық лайнерде ұшуды армандайтын әрі таудағы ауылдар арасында жүк таситын ауыл баласы туралы ойын айтады. Әрі қарай сценарийстер Резо Габриадзе мен Виктория Токарева жаңғыртып әкетеді.
Жаңа сценарий жазу барысында режиссер «Госкиноға» фильмнің атын өзгерткісі келетінін жеткізеді. Олар бірден «Мимино» сөзінің нені білдіретінін сұрайды. «Мимино» грузин тілінде «сұңқар» деген мағынаға ие. Бірақ, талғампаз «Госкино» бұл атауды ұнатпады. Төраға Филипп Ермаш таспаны фестивальдік фильм тұрғысынан бағалап, кинокартина Мәскеу халықаралық кинофестивалінде көрсетуге дайындалып жатқан. Сол заманда кеңестік фильмді «Ерекше ештеңе емес» деп қалай атауға болады?! Бұл үлкен қылмыспен пара-пар. Сөйтіп, «Мимино» неғұрлым қызықты атау ретінде мақұлданды.
Аталған фильм жарыққа шыққан соң Данелияның фильмографиясындағы шедеврге баланды. Режиссердің қолтаңба стилі шығармада айқын көрінді. Терең лирика мен жарқыраған юмордың үйлесімі көрермен біткеннің жүрегін жаулады. Сюжет терең символдық сипатқа ие, оның басы мен соңы кейіпкердің туған жердің үстінен ұшып бара жатқан кадрларымен үндесетіндей. Түпнұсқадағы қызықты деталь – шынжырдағы тікұшақ, яки Мимино шығу тегіне, шағын Отанына түптамырымен байланған. Кейіпкер шет елден қуаныш таппай, туған-туыстары мен жерлестеріне оралады.
Негізінде басты кейіпкерлер ұшқыш Вахтанг Кикабидзе мен дәрігер-эндокринолог Евгений Леонов болуы керек еді. О, баста режиссер сценарийді Вахтангтың болмысын елестетіп отырып жазған. Жұмыс барысында ойда жоқта жаңа кейіпкер пайда болады. Ол – армян жүргізушісі. Оның рөлін сол тұста-ақ даңқы шыққан Фрунзик Мкртчян сомдайды. Ал ұшқыш Валико қонақүй бөлмесінде кіммен орналасатынын тиын лақтыру арқылы шешеді. Бақ – Фрунзикке ауады. Осылайша, қос алыптың образы сол дәуірдің айнасына айналады.
Алғашында фильм музыкалық комедияға айналуы үшін көптеген көңілді ән жоспарланған, бірақ Вахтанг Кикабидзенің өтініші бойынша дені шырқалмады. Оның үстіне актер кадрда ән салмайтынын баса айтты. Себебі бұл кейіпкердің мінезімен сәйкеспейді. Байқағандарыңыздай Валико – біртоға грузин, оның орындауындағы жеңіл ырғақты әуен көзге қораш көрінетіні анық. Режиссер актердің пікірімен келісіп, Кикабидзеге сахна сыртынан әйгілі «Чито-гврито» туындысын орындатады. Аталған ән хитке айналып, актердің бағын еселеді.
Ескі дәуірден парағын қайыра ашқанда кеңес кино әлемінде «Мимино» секілді кіндік қаны тамған топыраққа адамзат кіндігімен байланатынын айтқан фильм жоқ-ау! Бәрібір адамның жығылар жайнамазы туған жердің шалғыны мен қыраты. Вахтанг пен Фрунзиктің достығы, кеңес халықтарының татулығын білдіргенімен, қасқырда орманына қарап ұлитынын еске түсірді. Қайталап көруден, жалықпайсыз!