Министрдің айтуынша, жаңартылған стандарттарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға ерекше мән беріледі. Сонымен қатар IT саласын дамыту мен цифрлық құзыреттерді қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі болмақ.
Оқушылар көктемгі каникулда қанша күн демалады?
«Негізгі назар бастауыш білім беру деңгейін нығайтуға аударылады. Өйткені дәл осы кезеңде баланың әрі қарайғы білім жолын айқындайтын базалық білім, дағдылар мен құндылықтар қалыптасады. Біз тек оқу бағдарламаларының мазмұнын ғана емес, оқулықтардың сапасын да қайта қараймыз. Сонымен қатар жыл сайын бірінші сынып оқушылары негізгі пәндер бойынша жұмыс дәптерлерімен қамтамасыз етіледі», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Жаңа өзгерістер аясында оқу бағдарламалары да жаңартылып, пәндердің мазмұны қайта қаралады. Мәселен, 8-9 сыныптар үшін «Қазақстан географиясы» пәнін аптасына екі сағат көлемінде қайта енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған мектеп оқулықтары жаңартылмақ.
Жалпы, білім беру жүйесіндегі бұл өзгерістер оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасап, заман талабына сай білікті кадр даярлауды көздейді.