Экономика • 05 Наурыз, 2023

Жаңа компания өзара сауданы жандандырады

170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту үшін «УзКазТрейд» ЖШҚ сыртқы сауда компаниясы құрылды. Экспорттық-импорттық кәсіпорынның құрылтайшылары – «QazTrade» сау­да саясатын дамыту орталығы» АҚ және «УзТрейд» АҚ.

Жаңа компания өзара сауданы жандандырады

Қазақстан мен Өзбекстан мем­лекеттері басшыларының уағ­да­лас­тықтарын дамыту үшін елдеріміз арасында логис­тикалық маршруттарды, сондай-ақ экспорттық-импорт­тық операцияларға арналған қыз­мет­тер­ді кеңейту жөніндегі жобалар белсенді түрде іске асырылуда. Өзара сауданы ұлғайту – екі тарап та жүзеге асыруға мүдделі бірінші кезектегі міндеттердің бірі.

Сыртқы сауда компа­ния­сы­ның қызметі екі елдің ірі кәсіп­орындарының өнімдеріне нарықтық зерттеулер мен бәсекелестік талдау жүргізуге, дайын өнімді өндіруге тапсырыстарды орналастыру, өзара сауда процестерін оңтайландыру және үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге, бизнесті серти­фи­каттауға және өнімді экспорт­тауға ілгерілетуге, сондай-ақ олардың тапсырыстары бойынша технологиялық жаб­дықтарды, қосалқы бөлшек­терді, жинақ­тауыш­тарды жеткізуге жәр­дем­десуге, Өзбекстан мен Қазақс­тан­да үшінші елдерден импортты алмастыру үшін өндірілген шикізат пен материалдар, жаңа сатып алушылар мен тұтынушыларды іздеуге бағытталатын болады.

«QazTrade» АҚ Бас директоры Нұралы Бөкейханов атап өткендей, бір­лес­кен компания құру қазақстандық кәсіпорындарға екі елдің нарықтарына тауарларды жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, өзара саудадағы шектеу­лер мен кедергілерді алып тас­тау бойынша ұсыныстар әзірлеуге жәрдемдесетін болады.

«Бастапқы кезеңде біздің ішкі нарық­тың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Өзбекстаннан жеміс-көкөніс өнім­де­рін сатып алу жоспарлануда. Бұдан басқа, Ауғанстанға одан әрі экспорттау мүмкіндігімен Өзбекстан аума­ғын­­­да қазақстандық ұн тарту өнім­де­рін сатуға көмектесетін боламыз. Біз өзбек тарапымен логистикалық шы­ғыстарға преференциялар беру туралы уағдаластық», деді Сауда саясатын дамыту орталығының басшысы.

Бұдан басқа, жобаны іске асыру қазақстандық нарықтың үшінші елдер­ден келетін импортқа тәуелділігін қыс­­қарту жөніндегі мемлекеттік ша­ра­лар­дың тиім­­ді­лігін арттыруға ық­пал ететін болады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5,0 млрд долларға жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29,8%-ға жоғары (3,8 млрд доллар). Қазақстандық тауарларды экспорттық жеткізу көлемі 33%-ға өсіп, 3,7 млрд долларды құрады. Экспорттың өсуі негізінен кенді және мыс концентраттарын (өсімі 4,8 есе), бидайды (32,3%-ға), жеңіл автомобильдерді (83,7%-ға), күнбағыс майын (97,2%-ға), жаңа және салқындатылған сиыр еті (өсімі 4,1 есе), өңделмеген алюминийді (70,4%-ға)
жеткізудің ұлғаюына байланысты болды).

Өткен жылы Өзбекстаннан Қазақ­станға импорты 21,4%-ға өсіп, 1,3 млрд долларды құрады. Негізінен Қазақстан автомобильдерге арналған шанақтарды, ұшқынмен тұтанатын іштен жану қоз­ғалтқыштарын, жүзімді, қоспасыз болаттан жасалған жалпақ жалатылған илемді, қорғасын кендері мен концентраттарын, құрылыс кірпіштерін, еденге арналған блоктарды және керамикадан жасалған ұқсас бұйымдарды, автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтарды, этилен полимерлерін сатып алады.