Аймақта ұйымдастырылған семинар-кеңес аясында ОСК басшысы аумақтық сайлау комиссиясының жұмысымен танысып, сайлау учаскелерінің дайындығын тексерді, сондай-ақ алдағы сайлауға дайындық бойынша аумақтық мемлекеттік органдармен кеңес өткізді. Кеңеске Ортсайлауком мүшесі Шавқат Өтемісов пен комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты.
Сапардың бірінші күні Нұрлан Әбдіров Орал қаласында учаскелік, облыстық және қалалық округтік комиссияларға барып, ағымдағы сайлау науқанын ұйымдастыру барысымен танысты. Содан кейін Ортсайлауком төрағасы Байтерек ауданындағы учаскелік сайлау және округтік комиссияларға барды.
Кездесулер барысында дауыс беру күніне учаскелердің дайындығына және азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
Комиссия төрағасы кейбір учаскелерде учаскелік комиссия мүшелеріне дауыс беруге арналған үй-жайларда комиссия мүшелерінің үстелдерін және қоғамдық бірлестіктер өкілдеріне арналған орындарды орналастыру бойынша нақты ұсыныстар берді. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров комиссиялардың назарын дауыс беруді ұйымдастыру және дауыстарды санау рәсімі кезінде қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдеріне қажетті шолуды қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды.
«Алдағы сайлауда дауыс беру бюллетеньдерінің саны кемінде екі есе артады. Сондықтан дауыс беру жәшіктерінің сапасына баса назар аудару қажет. Бұл аспект те маңызды», деді Ортсайлауком басшысы.
Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, сайлау үдерісіне қатысушылардың барлығы дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі мінез-құлық ережелерін міндетті түрде білуі керек. Атап айтқанда, байқаушылар, кандидаттардың сенім білдірілген адамдары мен БАҚ өкілдері дауыс беруге арналған үй-жайға келген сәттен бастап осы ережелердің мазмұнымен міндетті түрде танысуы қажет.
Сайлау учаскелерінің бірінде ОСК басшысына «Электрондық үкімет порталында» азаматтарды тіркеу орнының деректерін тексеру бойынша онлайн-сервистің жұмысы айқын көрсетілді.
Кездесулер барысында ОСК төрағасы комиссия мүшелерінен сайлау науқанында депутаттыққа кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңдерінде қандай мәселелерге тап болғанын, осы науқанның барлық заңнамалық жаңалықтары мен ерекшеліктерін түсіндірді. Ол сондай-ақ комиссиялардың барлық мүшелерін үздіксіз және сапалы оқыту қажеттілігіне назар аударып, дауыс беру күніне дейін тиісті сертификат алу арқылы аяқталуға тиіс екеніне ерекше тоқталды.
Нұрлан Әбдіров комиссия мүшелерін сайлауалды бағдарламалары мен уәделерін орындамауына байланысты депутаттардың мандатын қайтарып алуға сайлаушылардың құқығы бар екендігіне дайын болуға шақырды. Мұндай жағдайларда заңға сәйкес жаңа сайлау тағайындалады, сондықтан аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы тұрақты сипатқа ие болмақ.
Іс-шараның екінші күні Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен жергілікті атқарушы органдар, облыстық прокуратура, полиция, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменттері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерінің, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдерінің, ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақ мерзімді Миссиясының мүшелері Томас Холцер (Швейцария) және Елена Баландинаның (Ресей Федерациясы), сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Сөз басында Нұрлан Әбдіров ағымдағы сайлау науқанының маңыздылығы мен ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталып, сайлау туралы заңнаманың новеллаларын атап өтті. Саяси партиялар мен бірмандаттық кандидаттардың тізімдерін ұсыну және тіркеу кезеңдерінің негізгі қорытындылары туралы да айтты.
Кеңес барысында ОСК төрағасы сайлаушылар тізімі, сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінде қажетті жағдай жасау, сайлау бюллетеньдерін учаскелерге уақтылы жеткізу және басқа да маңызды мәсеелер бойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерді тыңдады.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов отырысқа қатысушыларды сайлау инфрақұрылымының дайындығы және азаматтарды ақпараттандыру мәселелері бойынша хабардар етті. Оның мәлімдеуінше, облыста 689 сайлау комиссиясы, оның ішінде 14 аумақтық, 171 округтік және 504 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Аймақ бойынша тізімдегі сайлаушылар саны 442 350 адамды құрады.
«Сайлаушыларды ақпараттандыру үшін Call-орталықтардың жұмысы ұйымдастырылып, «Smart Uralsk» мобильді қосымшасы әзірленді, сондай-ақ азаматтар сайлаушылар тізімінде өздерін тексеріп, барлық қажетті ақпаратты ала алатын телеграмм-бот жұмыс істейді. Сондай-ақ аймақта үгіт-насихат баспа материалдарын орналастыру үшін 541 орын және кандидаттардың сайлаушылармен кездесу үшін 262 орын белгіленген», деп атап өтті ол.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың хабарлауынша, өңірде 504 сайлау учаскесі бар болса, 689 сайлау комиссиясы, оның ішінде 171 аудандық сайлау комиссиясы, 14 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді.
«Азаматтарды ақпараттандыру мақсатында сайлау туралы 200-ден астам баннер орнатылды, 8000-нан астам ынталандырушы плакат басылды. Сайлаушылар тізіміне енгізілген әрбір тұрғынға (442 350 адам) сайлауға жеке шақырулар дайындалды, олар 4 наурыздан бастап тапсырыла бастайды», деді Ғайса Қапақов.
Аумақтық сайлау комиссиясының басшысы өңірде 2 182 мүгедектігі бар адамға сайлау учаскелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету кезінде ерекше назар аударылғанын да баяндады. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері арбаға байланған 493, көру қабілетінің жоғалуымен 1 336 және есту қабілетінің жоғалуымен 353 адаммен жеке байланыс орнатты. Дауыс беру орындары олардың қажеттіліктеріне толығымен сәйкес келеді.
Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алпамыс Көшкінбаев дауыс беру күні көру функциялары бұзылған немесе көру қабілеті толық жоғалған адамдарға сайлау бюллетенін толтыру тәртібінің аудио нұсқасы, сайлау бойынша ақпаратты тыңдау, қосымша жарықтандыру және оптикалық түзету құралдары (лупа) қамтамасыз етілетінін хабарлады.
«Кресло-арбаны пайдаланатын сайлаушылар үшін жасырын дауыс беруге және жүріп-тұруға арналған кабиналардың ыңғайлылығы, сондай-ақ ақпараттық материалдармен танысудың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Сөйлеу немесе есту қабілеті бұзылған адамдар үшін дыбыс күшейткіші мен құлаққап орнатылады. Сондай-ақ сурдоаудармашылардың қызметтері, оның ішінде онлайн режімінде көзделеді. Облыста сайлау күні міндетті түрде «Инватакси» қызметі жұмыс істейді», деді ол.
ОСК төрағасы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау органдарына 1, 2 топтағы мүгедектерге және егде жастағы адамдарға ерекше назар аударып, олар үшін барлық қажетті жағдайларды дайындауы қажет екенін атап өтті.
Кеңесте дауыс беру күні облыста құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин баяндады. Ол сайлауды әзірлеу мен өткізу кезінде құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында полицияның жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылатынын хабарласа, облыс прокуроры Серік Шалабаев сайлау кезінде заңның сақтауын қадағалауды жүзеге асыру туралы айтты.
Өз кезегінде Нұрлан Әбдіров дауыс беру күні полиция қызметкерлері учаскеде УСК төрағасының шақыруынсыз болмауға тиіс екенін атап өтіп, сайлау бюллетеньдерін қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды. Ол сондай-ақ өңірдегі сайлау процесінің барлық қатысушыларын заң талаптарына сәйкес ашық және әділ сайлау өткізуге бар күш-жігерін жұмсауға шақырды.
Учаскелік комиссия мүшелерімен кездесу аясында «Дауыс беру күні» іскерлік ойынын қолдана отырып, комиссия мүшелерін даярлау бойынша оқыту тренингі өткізілді. Тренингтің мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелерінің дауыс берудің барлық рәсімдерін сапалы меңгеру, сайлауға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері, есептен шығару куәліктері, азаматтардың ауызша және жазбаша өтініштерімен жұмыс істеудің, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен қарым-қатынас жасаудың практикалық дағдыларын игеру.
Екі күндік семинар-кеңестің қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына учаскелерді ақпараттық-техникалық жарақтандыру, олардың азаматтар үшін, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігі мен ыңғайлылығы, дауыс беру күні тиімді байқау үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Осы мәселелердің барлығы Ортсайлаком бақылауында болады.