Сайлау • 06 Наурыз, 2023

Сайлауға дайындық – жіті назарда

259 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлауды әзірлеу мен өткізу шеңберінде өңірлерге инспекциялық сапарлары жалғасып келеді. Жақында комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров Батыс Қазақстан облысында болды.

Сайлауға дайындық – жіті назарда

Аймақта ұйымдастырылған се­минар-кеңес аясында ОСК басшысы аумақтық сайлау комиссиясының жұ­мысымен танысып, сайлау учас­келерінің дайын­дығын тексерді, сон­дай-ақ алдағы сайлауға дайындық бо­йынша аумақтық мемлекеттік орган­дар­­мен кеңес өткізді. Кеңеске Ор­т­сайлауком мүшесі Шавқат Өте­місов пен комиссия аппаратының жауапты қыз­­меткерлері де қатысты.

Сапардың бірінші күні Нұрлан Әб­діров Орал қаласында учаскелік, об­лыстық және қалалық округтік ко­миссияларға барып, ағымдағы сайлау науқанын ұйымдастыру барысымен танысты. Содан кейін Ортсайлауком төр­ағасы Байтерек ауданындағы учаскелік сайлау және округтік комиссияларға барды.

Кездесулер барысында дауыс беру күніне учаскелердің дайындығына және азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар және ерекше қажет­тіліктері бар адам­дардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

Комиссия төрағасы кейбір учаскелерде учаскелік комиссия мүшелеріне дауыс беруге арналған үй-жайларда ко­миссия мүшелерінің үстелдерін және қоғамдық бірлестіктер өкіл­деріне ар­налған орындарды орналас­тыру бойын­ша нақты ұсыныстар берді. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров комиссиялардың назарын дауыс беруді ұйымдастыру және дауыстарды санау рәсімі кезінде қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық бай­қаушылар мен БАҚ өкілдеріне қа­жетті шолуды қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды.

«Алдағы сайлауда дауыс беру бюл­летеньдерінің саны кемінде екі есе артады. Сондықтан дауыс беру жәшіктерінің сапасына баса назар ауда­ру қажет. Бұл аспект те маңызды», деді Ортсайлауком басшысы.

Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, сайлау үдерісіне қатысушылардың барлығы дауыс беру күні сайлау учас­келеріндегі мінез-құлық ере­же­лерін міндетті түрде білуі керек. Атап айтқанда, байқаушылар, кандидаттардың сенім білдірілген адамдары мен БАҚ өкілдері дауыс беруге арналған үй-жайға келген сәттен бастап осы ережелердің мазмұнымен міндетті түрде танысуы қажет.

Сайлау учаскелерінің бірінде ОСК басшысына «Электрондық үкімет порталында» азаматтарды тіркеу орнының деректерін тексеру бойынша онлайн-сервистің жұмысы айқын көрсетілді.

Кездесулер барысында ОСК төр­­ағасы комиссия мүшелерінен сай­лау науқанында депутаттыққа кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңдерінде қандай мәселелерге тап болғанын, осы науқанның бар­лық заңнамалық жаңа­лықтары мен ерекшеліктерін түсіндірді. Ол сондай-ақ комиссиялардың барлық мүшелерін үздіксіз және сапалы оқыту қажет­тілігіне назар аударып, дауыс беру күніне дейін тиісті сертификат алу ар­қылы аяқталуға тиіс екеніне ерекше тоқталды.

Нұрлан Әбдіров комиссия мү­шелерін сайлауалды бағдарламалары мен уәде­лерін орындамауына байланысты депу­таттардың мандатын қайтарып алуға сайлаушылардың құ­қығы бар екен­дігіне дайын болуға шақырды. Мұндай жағдайларда заңға сәйкес жаңа сай­лау тағайындалады, сондықтан аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы тұрақты сипатқа ие болмақ.

Іс-шараның екінші күні Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен жергілікті атқарушы органдар, облыстық прокуратура, полиция, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменттері, аумақ­тық сайлау комиссияларының мүше­лерінің, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдерінің, ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақ мерзімді Миссиясының мүшелері Томас Холцер (Швейцария) және Елена Баландинаның (Ресей Федерациясы), сондай-ақ БАҚ өкіл­дерінің қатысуымен кеңес өтті.

Сөз басында Нұрлан Әбдіров ағым­­дағы сайлау науқанының маңыз­дылығы мен ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталып, сайлау туралы заң­наманың новеллаларын атап өтті. Саяси партиялар мен бірмандаттық кандидаттардың тізімдерін ұсыну және тіркеу кезең­дерінің негізгі қорытындылары туралы да айтты.

Кеңес барысында ОСК төрағасы сайлаушылар тізімі, сайлауды ұйым­дас­­тырушылық, материалдық-техни­калық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскеле­рінде қажетті жағдай жасау, сайлау бюллетеньдерін учаскелерге уақтылы жеткізу және басқа да маңызды мәсе­елер бойынша өңірде жүргізіліп жат­қан жұмыстар туралы есептерді тыңдады.

Облыс әкімінің орынбасары Ба­қыт­жан Нарымбетов отырыс­қа қа­тысушыларды сайлау инфрақұ­ры­лымының дайындығы және аза­маттарды ақпараттандыру мә­селелері бойынша хабардар етті. Оның мәлімдеуінше, облыста 689 сай­лау ко­мис­сиясы, оның ішінде 14 аумақтық, 171 округтік және 504 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Аймақ бойынша тізім­дегі сайлаушылар саны 442 350 адам­ды құрады.

«Сайлаушыларды ақпараттан­дыру үшін Call-орталықтардың жұмысы ұйымдастырылып, «Smart Uralsk» мо­бильді қосымшасы әзір­ленді, сондай-ақ азаматтар сайлаушылар тізімінде өздерін тексеріп, барлық қажетті ақ­па­ратты ала алатын телеграмм-бот жұ­мыс істейді. Сондай-ақ аймақта үгіт-насихат баспа материалдарын ор­наластыру үшін 541 орын және кан­дидаттардың сайлаушылармен кездесу үшін 262 орын белгіленген», деп атап өтті ол.

БҚО аумақтық сайлау комис­сиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың хабарлауынша, өңірде 504 сайлау учаскесі бар болса, 689 сайлау комиссиясы, оның ішінде 171 аудандық сайлау комиссия­сы, 14 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді.

«Азаматтарды ақпараттандыру мақ­сатында сайлау туралы 200-ден ас­там баннер орнатылды, 8000-нан астам ын­таландырушы плакат ба­сылды. Сай­лаушылар тізіміне ен­гізілген әрбір тұрғынға (442 350 адам) сайлауға жеке шақырулар дайындалды, олар 4 наурыздан бастап тапсырыла бастайды», деді Ғайса Қапақов.

Аумақтық сайлау комиссиясының басшысы өңірде 2 182 мүгедектігі бар адамға сайлау учаскелерін ма­териалдық-техникалық қамтама­сыз ету кезінде ерекше назар ауда­рылғанын да баяндады. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері арбаға байланған 493, көру қабі­летінің жоғалуымен 1 336 және есту қабілетінің жоғалуымен 353 адаммен жеке байланыс орнатты. Дауыс беру орындары олардың қажеттіліктеріне толығымен сәйкес келеді.

Ал облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының басшысы Алпамыс Көшкінбаев дауыс беру күні көру функциялары бұзылған немесе көру қабілеті толық жоғалған адамдарға сайлау бюл­­летенін толтыру тәртібінің аудио нұсқасы, сайлау бойынша ақпаратты тың­дау, қосымша жарықтандыру және оп­тикалық түзету құралдары (лупа) қам­тамасыз етілетінін хабарлады.

«Кресло-арбаны пайдаланатын сай­лаушылар үшін жасырын дауыс беруге және жүріп-тұруға арналған каби­налардың ыңғайлылығы, сондай-ақ ақ­параттық материалдармен танысудың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Сөй­леу немесе есту қабілеті бұзылған адамдар үшін дыбыс күшейткіші мен құ­лаққап орнатылады. Сондай-ақ сур­доаудармашылардың қызметтері, оның ішінде онлайн режімінде көзделеді. Облыста сайлау күні мін­детті түрде «Ин­ватакси» қызметі жұ­мыс істейді», деді ол.

ОСК төрағасы жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік қорғау органдарына 1, 2 топтағы мүгедектерге және егде жастағы адамдарға ерекше назар аударып, олар үшін барлық қажетті жағдайларды дайындауы қажет екенін атап өтті.

Кеңесте дауыс беру күні облыста құ­қықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойын­ша қабылданып жатқан шаралар туралы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин баяндады. Ол сайлауды әзірлеу мен өт­кізу ке­зінде құқықтық тәртіп пен заң­ды­лықты қамтамасыз ету мақсатында полицияның жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыс­тырылатынын хабарласа, облыс прокуроры Серік Шалабаев сайлау кезінде заңның сақтауын қадағалауды жүзеге асыру туралы айтты.

Өз кезегінде Нұрлан Әбдіров дауы­с беру күні полиция қызметкерлері учас­кеде УСК төрағасының шақы­руын­сыз болмауға тиіс екенін атап өтіп, сайлау бюллетеньдерін қор­ғауды қамтамасыз етуді тапсырды. Ол сондай-ақ өңір­дегі сайлау процесінің барлық қатысу­шы­ларын заң талаптарына сәйкес ашық және әділ сайлау өткізуге бар күш-жігерін жұмсауға шақырды.

Учаскелік комиссия мүшелерімен кездесу аясында «Дауыс беру күні» іс­керлік ойынын қолдана отырып, комиссия мүшелерін даярлау бойынша оқыту тренингі өткізілді. Тренингтің мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелерінің дауыс берудің барлық рәсімдерін сапалы меңгеру, сайлауға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері, есептен шығару куәліктері, азаматтардың ауызша және жазбаша өтініштерімен жұмыс істеудің, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен қарым-қатынас жасаудың практи­калық дағдыларын игеру.

Екі күндік семинар-кеңестің қоры­тындысы бойынша Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік сайлау комис­сияларының төрағаларына учас­келерді ақпараттық-техникалық жарақтандыру, олардың азаматтар үшін, оның ішінде мү­гедектігі бар адамдар үшін қолжетім­ділігі мен ыңғайлылығы, дауыс беру күні тиімді байқау үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Осы мәсе­лелердің бар­лығы Ортсайлаком бақылауында болады.