Білім • 05 Наурыз, 2023

Оқушы қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

915 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Министр алдымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде болып, оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты. Ведомство басшысы оқытушы, студенттермен болған кездесуде білім сапасы мен ұстаздардың біліктілігі жайлы сөз қозғады.

Оқушы қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Ғани Бейсембаев 2025 жылға дейін елімізде «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 401 мектеп салу жоспарланғанын айтты. Сол арқылы білім ұялары әлемдік үлгідегі озық мектептердің дең­гейіне жетпек. Бұдан бөлек 7 мың мектеп білім берудің инновациялық технологияларына көшеді. Соның ішінде ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру жағынан оларды қала мектептерінен қалыс қалдырмау да министрліктің күн тәртібінен түспек емес. Аталған мақсатқа орай осы жылдан бастап ауыл мектептерінің оқушыларына арнайы республикалық олимпиада ұйымдастырылады. Министр болашақ педагогтерді дайындайтын жоғары оқу орындары келешек мамандардың сапасына жіті назар аудару керегін жеткізді.

Іс-сапар барысында министр Шымкент қалалық поли­ция департаментінде болды. Де­партамент бастығы Қайрат Дәлбеков Оқу-ағарту министріне Жедел басқару орталығының жұмысымен таныстырды.

– Мегаполисте 246 мектеп бар, соның 151-і – мемлекеттік, қалған 95-і – жекеменшік білім ұялары. Аталған мектептер бейнебақылау камераларымен және SOS дабыл түймелерімен толықтай жабдықталған әрі полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Бейнебақылау инспекторы әрбір іс-қимылды қадағалап отырады. Мұндай шара ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек. Осы­ның нәтижесінде былтыр кәмелетке толмағандар ара­сын­дағы қылмыстар мен құқық бұзу­шылықтардың саны шамалы азайды. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Мәселен, интернет жылдамдығы нашар. Бүгінде жедел басқару орталығының қызметі тікелей цифрлық жүйенің сапасына байланысты болып отыр. Екінші мәселе күзет агенттігі мамандарының кәсіби шеберлігіне қатысты. Олардың тарапынан кейде жақсы жұмыс нәтижесімен көріне алмау да қауіпсіздік саласында мәселе толық шешілмегенін аңғартады. Мектептер күзет агенттіктерімен тікелей келісім­шарт жасайтындықтан кәсіби шеберлікті арттыруға да баса көңіл бөлген жөн, – деді Қ.Дәлбеков.

Ғ.Бейсембаев қала әкімдігінің өкілдерінен полицияға және білім басқармасына ақпараттық-коммуникациялық желілердің сапасын жақсартуға көмек көрсетуін сұрады. Сондай-ақ министр бейнекамераларды орнату кезінде олардың сапасын да назардан тыс қалдырмауға шақырды және оқушылар саны мектептің шынайы мүмкіндігінен асып кетпеуі керегін ескертті. «Шымкент балалар үшін қауіпсіз қала болуға тиіс», деді ол.

Сондай-ақ ведомство басшысы «SOS» түймесінің қалай жұмыс істейтінін тексеріп көрді. Ол төрт мыңнан астам оқушы оқитын қаладағы Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясымен шұғыл байланысқа шықты.

Сапар аясында министр қаладағы №65 мектеп-гимна­зия­сының жанынан қосымша салынып жатқан ғимарат құры­лысымен танысты. Өткен жылдың наурыз айында іргетасының қа­зығы қағылған білім ордасында келешекте 600 бала оқиды. Ал оның құрылысы жоспарға сәйкес биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп отыр.

 

ШЫМКЕНТ