25 Маусым, 2014

Күрк-күрк жөтелетіндер күрт азайып келеді

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Адам баласының бақытты болуы­ның оннан тоғызы денсаулығына байланысты екен. «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесі реформаланды. Елдің барлық өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алу үшін қажетті жағдай жасалды», деген еді Елбасымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясында. Әйтсе де өз денсаулығына өте енжар қарайтын адамдар көп. Әсіресе, біздің қаракөз ағайындар. Жөтеліп, бір-екі күн төсек тартып жатып қалса, «Жақсылап терлесем, жазылып кетемін» деп арқаны кеңге салады. Сөйтіп, дертін ушықтырып алады. Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша туберкулезге қарсы 800 төсек моностатус режімінде жұмыс істеп тұр. Денсаулық кепілі иммунитетке байланысты екенін есте сақтаған жөн. Адам қуатты болуы үшін дұрыс, құнарлы тағамдармен тамақтану керек, спортпен шұғылданып, таза ауада жеткілікті мөлшерде жүруі қажет. Облыста мектепке дейінгі балалар мекемелерінде 13 сана­ториялық топ (325 орын) сауық­тыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Мектеп жасын­дағы және жасөспірімдерді сауықтыру жұ­мыстары Т.Рысқұлов ауданы, Каменка ауылындағы облыстық туберкулезге қарсы базасындағы 80 орындық шипажайда және Меркі ауданы, Гранитогорск ауылындағы 200 орындық мектеп-интернатында жүргізілуде. 2007 жылы облыста тек 5 ауданда ғана санаториялық топтар болса, 2013 жылдан бастап барлық аудандарда және Тараз қаласында осындай топтар ашылды. Туберкулезге қарсы жүргі­зіліп жатқан іс-шаралардың нәтижесінде облыста туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақ­талып, аурушаңдық және туберкулезден өлім көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Мысалыға, 2012 жыл мен 2013 жылды салыстырғанда, облыста аурушаңдық көрсеткіші 9,4 пайызға төмендеді және 100 мың тұрғынға шаққанда 70,6-ны құра­ды, 2012 жылы бұл көрсеткіш 77,9 болатын. Ал, өлім көрсеткіші 13,0 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 5,4-ке тұрақтады. Ал, 2012 жылы аурушаңдық көрсеткіші 6,2-ні құраған болатын. Сондай-ақ, облыс бойынша балалардың туберкулезбен аурушаңдығы 45,6 пайызға төмен­дегенін көрсетіп отыр. 100 мың тұр­ғынға шаққанда 2012 жылы 10,7, ал, 2013 жылы 5,5. Жасөспірімдер арасында 2012 жылы 81,4, ал, 2013 жылы 68,2-ні құрады. Яғни, бұл дерттің көрсеткіші 16,3 пайызға төмендеген деген сөз. Әйтсе де облыста бұл салада әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер баршылық. Соның бірі ретінде науқастарға тиімді әлеуметтік қолдау көрсету, туберкулездің жұқпалы түрін таратпау, диспансер медицина қызметкерлерінің жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақса­тында (арнайы дайындықтан өткен) күзет қызметін күшейту, фти­зиатр-дәрігерлерінің, психолог мамандарының жетіспеушілігін шешуді айта кетуіміз қажет. Айман КАБДРАХИМОВА, Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері. Жамбыл облысы.