«Әжелер – әлімсақтан ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы. Сондықтан бұл іс-шараның жастар үшін өнегесі мол. Ағайын-туманың бірлігін сақтап, жас келіндерге жол көрсеткен, немере-шөберелерін құндылықтардың қайнарымен сусындатқан асыл жандар өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп отыр», деген қала әкімі абзал аналарды алда келе жатқан мерекемен құттықтады.
Шаһар басшысы осы кеште еліміздің гүлденуіне айрықша үлес қосып, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген белгілі азаматтардың аналары мен жұбайларына көктемнің шуақты мейрамы қарсаңында арнайы сый-құрмет көрсетті.
Облыс аумағынан 10 ансамбль қатысқан өнер мерекесінде Қызылорда қалалық білім бөлімі жанынан құрылған «Асыл жандар» ұжымы «Көрермендер көзайымы» атанса, Асқар Тоқмағамбетов мәдениет үйінің «Ұлағат» ансамблі мен Жалағаш ауданы Мөрәлі Шәменов ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Асыл ана» ансамблі 3-орын алды.
Өнер сайысының екінші жүлдесі Сырдария ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов мәдениет орталығының жанындағы «Асыл ана» ансамбліне бұйырды. Ал Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет үйінің «Өнеге» ансамблі бірінші орын алып, бас жүлдеге Қармақшы аудандық Шәмшәт Төлепова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблі лайық деп танылды.
Барлық қатысушы мен жеңімпазға арнайы Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
ҚЫЗЫЛОРДА