Суретті түсірген Қайырбек ЕРБОЛАТҰЛЫ
– Бұл бастаманың тарихы 2018 жылдан басталады. Сол кезде мектептің бірнеше мұғалімі наурыз айында ұлттық киім киіп жүретін. Келе-келе бұған бастауыш сынып оқушылары қосылды. Ал қазір мектебімізде білім алып жүрген 2 мыңнан аса оқушы, бүкіл ұстаз ұжымы көктемнің алғашқы күнінен бастап қазақы қамзол-бешпент кие бастайды. Бұл біздің шәкірттеріміздің ата-аналары ерекше қолдаған әдемі дәстүр болды, – дейді мектеп директорының орынбасары Жанна Ғабдықызы.
Расында да, №30 мектепте ата-аналар қауымы ерекше белсенді көрінеді. Мәселен, сыныпта көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасының балалары болса, көмектесіп, демеушілік көрсетіп жібереді екен. Кейбір сыныпқа қамзол мен бешпентті шебер тігінші ананың өзі тігіп берген.
14 наурыз – Батыс Қазақстанда үлкен-кіші бір-бірімен құшақ жая көрісетін халықтық мереке. Дәл сол күні №30 мектептің ауласы керемет тойға, жайнаған жәрмеңкеге айналады. Аулаға қазандық құрылып, ұлттық тағамға толы дастарқан жайылады. Бұл да Хиуаз мектебінде бірнеше жылдан бері қалыптасқан дәстүр. «Биыл біздің ата-аналарымыз Ұлыстың ұлы күніне орай балаларға арнап ертегі қойылым көрсетпекші. Қазір соған дайындық қызу жүріп жатыр», дейді Жанна Ғабдықызы.
Айта кетейік, Хиуаз мектебінің керемет үлгісі бүгінде қаладағы өзге мектептерге де тарай бастаған. Сондай-ақ шаһар көшелерінде ұлттық нақышты киімдер киіп, дәстүр мен мәдениетімізді насихаттаушылар көбейіп келеді.
Батыс Қазақстан облысы