«Орталық» стадионда өткен кездесудің бірінші таймын алаң иелері сәтті бастады. Матчтың 17-минутында Артур Шушеначев жеке шеберлігінің арқасында қарсылас команданың төрт ойыншысын алдап өтіп, допты қақпа торында тулатты. Арада бес минут өткенде Гүлжігіт Алықұлов «Атырау» қорғаушыларының қателігінен кейін есепті еселеді. Таблодағы көрсеткіш 2:0-ге жеткен соң, жергілікті жанкүйерлер өз командасының жеңісіне сенімді бола бастаған еді. Алайда ойынның 36-минутында қонақтар сапынан Демир Имери есеп айырмасын қысқартса, екінші таймның 66-минутында Евгений Козлов таразы басын теңестіріп кетті – 2:2. Осылайша, «Қайрат» маңызды екі ұпайынан айырылды.
Ал 5 наурызға жоспарланған тағы екі кездесуде «Мақтаарал» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубынан 1:0 есебімен жеңілсе, «Қайсар» да Қызылордада дәл сондай есеппен «Қызылжарға» жол берді. «Оқжетпес» сапынан Шоқан Абзалов гол соқса, «Қызылжардан» Рафаэль Сабино дәлдік танытты. Екінші тур ойындары 9-10 наурыз күндеріне жоспарланған.