Ұзақ жылдар бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан айтыс додасына өңірдің барлық ауданынан талантты жасөспірімдер қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Өнер додасының жеңімпаздары республикалық айтысқа жолдама алатыны белгілі. Содан да болса керек, өңірлік деңгейдегі жыр аламанына оқушылар сақадай сай дайындықпен келіпті. Олардың өзара сөз қағысуы, уытты әзілдері оқушылардан гөрі үлкендер арасындағы тартысты еске түсірді. Бәлкім тәлімгерлері тыңғылықты дайындаған да шығар...
Тартысты өткен жыр додасының жеңімпаздарын анықтау белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасына оңай соққан жоқ. Әйтсе де, мың ойлана, он толғана келе олар облыстық айтыстың бас жүлдесін Жамбыл ауданынан келген Алина Айдаралыға берсе, жүлделі бірінші орын қордайлық Санжар Тынышбекке бұйырды.
Өңірлік додада жеңімпаз атанған екі жас айтыскер енді республикалық деңгейде өтетін «Жыр алыбы – Жамбылым» атты оқушылар айтысында өңір намысын қорғайтын болады.