Сұхбат • 07 Наурыз, 2023

Қорғаныс саласы қазақша сөйлейді

510 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қорғаныс саласында да қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін қомақты жұмыс жасалып жатқаны анық. Осы бағытқа өз қызметін арнап, үздіксіз еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Қорғаныс министрлігі Әкімшілік департаменті лингвистикалық сараптама басқармасының басшысы, полковник  Айнұр Оразғалиева. Мемлекеттік тілдің дамуына жауапты маманнан әскери саладағы қазақ тілінің жай-күйі туралы сұрап білген едік.

Қорғаныс саласы қазақша сөйлейді

– Айнұр Болатқызы, өзі­ңіз қызмет етіп отырған мем­лекеттік тілді дамыту бас­қар­масы қалай құрылды?

– Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы Қорғаныс ми­нистрінің 2003 жылғы директивасына сәйкес генерал-лейтенант Абай Тасболатовтың бастамасымен құрылып, оқу-әдістемелік, бақылау және редакциялау бағытында жұмыс істеп келеді. Дәл сол кезеңде Қарулы Күштерде мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту мәселесі өзекті болып, оны іс жүзінде іске асыру үшін ең алдымен нормативтік-құқықтық база жасау қажет болды. Осыған байланысты Үкімет тарапынан қабылданған тілді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламалары негізге алынып, Қарулы Күш­тердің дербес басшылық құжат­тары әзірленді.

– Осы кезеңде әскердегі қа­зақ тілінің қолданыс аясы қан­шалықты өрістеді?

– «Көш жүре түзеледі» де­мекші, осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен қазіргі жағдай са­лыстыруға келмейді. Бұл да біздің мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңейтудегі бір­ден-бір жетістігіміз деп ай­туға болады. Басқармадан келі­су­ден өтпей ешқандай құжат жөнелтілмейді. Яғни бұл жерде білікті мамандарға үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап өту қажет. Бұл жұмыстың нә­тижесін Үкімет тарапынан нор­мативтік-құқықтық актілер жобасының мемлекеттік тіл­дегі сапасына жүргізілген жыл сайынғы мониторингтен бай­қау­ға болады. Мәселен, осы мо­ниторинг нәтижесі бойынша Қорғаныс министрлігі осы жылға дейін тек жақсы жағынан аталып, сынға іліккен емес. Бұл көрсеткіш біз үшін өте маңызды әрі атқарған жұмысымыздың ба­ғасы деп білеміз. Әрине, біз баға үшін қызмет етпейміз. Біздің бас­ты мақсат – әскерде мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын ке­ңейту бағытында мақсаттарға қол жеткізіп, жұмыстан нәтиже шығару. Қазір мемлекеттік тілде құжат айналымының ауқымы өткен жылмен салыстырғанда біршама артты, бұл көрсеткіш 2021 жылы 98 пайыз болса, 2022 жылы 99 пайызға жетті.

– Тілді дамытуды маман­дар­сыз елестету мүмкін емес. Осы салада қызмет етіп жүр­ген­дер көп пе?

– Жаңа ғана атап өткен көр­сеткіш – әскерде жергілікті жерде өз міндетін адал орындап, ат салысып жүрген барлық тіл маманының көп жылғы еңбегі. Білікті маман ретінде майорлар А.Ақабаева, М.Мамедов, Қ.Қал­мұрзаева, 3-санатты сержант Г.Әріпбек, қызметкер Ф.Ұзы­ханова, запастағы подполковниктер Т.Сары, Ғ.Баймұханов, З.Бидалова, А.Қапсаттарованы атап өткім келеді. Әрине, бұл жерде осының барлығын ұйымдастырып, іске асырып отыр­ған басқарма тіл ма­ман­дарының еңбегі әрқашанда ерекше. Жалпы, Қарулы Күштерде жеке құрамның мемлекеттік тілді үйреніп, құжатты орындауы үшін барлық жағдай жасалған. Басқарманың білікті мамандары «Руханият» орталығының қолдауымен әскери салада жеке құрамды мемлекеттік тіл­ге оқытып-үйрету бойынша Қазтест жүйесіне негізделіп жа­салған үш деңгейге арналған әдістемелік оқу құралын дайындап шығарды. Қазіргі уақытта осы оқу құралы іс жүзінде әдістемелік құрал ретінде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Уақыт талабына сәйкес жаңғыртылған оқыту әдістемесі практикаға ен­гізілді. Бұл әдістемеде «ми­нимум – грамматика, мак­симум – практика» қағидаты не­гі­зін­де білім алушының тілді мең­геруі үшін сөз байлығын дамы­ту, өз ойын толық жеткі­зе білуге қолжетімділік қалып­тас­тырылған.

– Қазір Қарулы Күштерде қазақ тілін үйренуге ниеттілер қатары көбейген болар?

– 2021 оқу жылында Қорға­ныс министрлігінің орталық ап­паратында – 63, ал Қарулы Күштерде 13 111 тіл үйренуші білім алды. Ал 2022-2023 оқу жыл­дарында орталық аппаратта – 50, ал Қарулы Күштерде 12 998 тіл үй­ренуші білім алуда.

– Ал құжаттардың мемле­кет­тік тілде жүргізілу көрсет­кіші қандай? Аударма жүзінде қалып қойған жоқ па? Әлде қазақша құжат толтыратындар саны артты ма?

– Бұрын барлық құжат аудармашы арқылы мемлекеттік тілге аударылып, одан кейін жолданатын болса, қазір әрбір орындаушы мемлекеттік тілдегі құжатты өзі орындауға тырыса­тынын атап өту қажет. Бұл – оқы­тушы­лар­дың жұмыс нәтижесі. Тілдің әскердегі қазіргі жай-күйі барынша дамып, өз қолданысын тапқан деп айтуға болады. Бұл ба­ғыттағы іс-шаралардың өз дең­гейінде іске асырылуы Қорғаныс министрлігі басшылығының ұдайы бақылауында. Министрлік басшылығы барлық жиналыс­ты мемлекеттік тілде өткізуді тәжірибеге енгізіп, бұл игі бас­тама жалғасын тауып келеді. Ал насихаттау іс-шарасына тоқ­­талатын болсам, жыл са­йын Қарулы Күштер ауқымында тіл мәдениетін жетілдіру, үш­тіл­ділікті көпшілікке танымал ету мақсатында «Тіл шебері», Қа­зақстан халқы тілдері күнін ме­рекелеу құрметіне «Тіл – татулық тірегі» конкурстарын өткізу дәстүрге айналды.

– Тілдің қолданыс аясын ке­ңейтуге көп жағдайда салаға қа­тысты көмекші құралдар тап­шылығы айтылады. Сіз­дің­ше әскер бойынша тілге қа­тыс­­ты сөздіктер жеткілікті ме?

– Мәдениет министрлігінің Тіл­дерді дамыту комитеті мен Педагогика ғылымдары академиясы арасында жасалған шарт негізінде 2012-2014 жылдары 30 томдық казақша-орысша, орыс­ша-қазақша салалық термино­ло­гиялық сөздіктің «Әскери іс» атты 11-томы шығарылды. Осы сөздік Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде термин­дер­­ді біріздендіру, реттеу, тер­ми­но­логиялық қорды толықтыру мақ­сатында әзірленді. Сөздіктің 11-томында шамамен 12 мың термин мен әскери команда қамтылған. Бұл, әрине, әскери ғылым саласындағы ғалымдар мен мамандардың көп жылғы еңбегінің нәтижесі. Олар – әс­кери салада көп жыл еңбек сіңірген, мол тәжірибесі бар ге­нералдар, офицерлер мен тіл м­а­мандары. Сөздікті дайындау­да құрамына ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кан­дидаттары, сондай-ақ редак­циялау бөлімінің мамандары кір­ген шығармашылық ұжым жұ­мыс істеді. Әрбір автор­лық ұжымның құрамында А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары бірлесіп жұмыс істеді. Ғылыми тұрғыдан ауқымды жұмыс та­лап етілген бұл істе бас­қар­ма редакциялық бөлімі ма­манда­рының зор еңбегі туралы ерекше атап өткім келеді. Олар көп жылдан бері осы бағыттағы жүйенің қалыптасып, дұрыс жолға қойылуына ат салысып жүрген бағыт аға офицер, подполковник С.Құсайынова, майор А.Ақымбекова, қызметкерлер К.Сыздықова, А.Сармолдина, Р.Бектелеуова, А.Назенова. Сөздік жинақталғаннан кейін он­дағы терминдер Үкімет жа­нын­дағы Республикалық тер­ми­нологиялық комиссиямен бірге талқыланды. Бұл жерде әрбір термин жеке қаралды, терминжасамның ғылыми мә­се­­лелері көтерілді, салалық терминдерді қалыптастыру жолдары, сөзжасам, қазақ тілінің емлелері мен қағидаларын сақтау проблемалары қаралды.

– Нәтижесі оң болды ма сонда?..

– Әрине, осындай отырыс­тарда бір шешімге келу оңай бол­ған жоқ. Сондықтан терминдерді жүйелі түрде талқылау әдістері пайдаланылды. Жаңа термин жасау – бұл халықтың ортақ ісі. Сондықтан осы аса маңызды жұ­мысқа жұртшылықты тарту мақсатында терминдер әр жыл сайын «Ана тілі» газетінде аудармасымен жеке беріліп, ал 2014 жылы Педагогика ғылымдары академиясының сайтында жи­нақ­талып жұртшылықтың жария талқылауына ұсынылды. Тек осы рәсімдерден кейін ғана сөз­дік шығарылуға берілді. Осы сөздіктің басты жаңалығы – әс­кери командаларды Үкімет жанындағы республикалық тер­минологиялық комиссия бекітіп, ол қазір әскерде іс жүзінде та­быс­ты қолданылып келеді.

 

Әңгімелескен

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»