Халық • 07 Наурыз, 2023

Тұрғын үйге кезек көп

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Баспанамен қамту – қашанда өзекті мәселе. Жетісуда кезекте тұрған халықтың қарасы көп. Мәселен, іргедегі Ескелді ауданында 1 300-ден аса адам пәтерін күтіп отыр. Жақында Қарабұлақ ауылында 60 пәтерлік көпқабатты үй пайдалануға берілмек. Бірақ бұл мәселені толықтай шеше алмасы анық. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңір тұрғындарымен кездескенде осы түйткілге ерекше тоқталды.

Тұрғын үйге кезек көп

Облыс орталығына жақын Ескелді ауданы үнемі сынның астында қалып келеді. Жайылым жер мәселесі де өршіп тұр. Өңір басшысы аудан әкіміне ескерту берді. Әрине, ескертумен мәселе шешіле қойса, жақсы ғой. Тұрғын үйдің жайы да кезекте тұрған халықтың шыдамын тауысты.

«Жыл сайын кезекке тұрғандар саны көбейеді. Себебі жас отбасылар қатарға қосылады, жас мамандар ауылдарға тартылады, тағы сол сияқты себептері бар. Сон­дықтан аудан орталықтарында жыл сайын кем дегенде 60 пәтерлік бір үй салуы­мыз керек. Оған қоса бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі бойынша тұр­ғын үйге демеушілер тартуға да ден қойып жатырмыз. Жалпы, тұрғын үй, ауыз су, газ тарту, жол жөндеу – бұл мәсе­лелердің қай-қайсысы болса да, айна­лып келгенде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуге тиіс», дейді Б.Исабаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шілде айында 60 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Бұған қоса тағы бір 60 пәтерлік үй құрылысына қажетті құжаттар дайындалу үстінде.

Былтыр Ескелді ауданында 10 елді мекеннің жергілікті жолы жөнделген. Биыл да осындай қарқын сақталады. Яғни аудандағы облыстық маңыздағы жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға биыл 300 млн теңге, ал 17,3 шақырым аудандық және ауыл ішілік жолдарды орташа жөндеуге 759 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сол сияқты Бақтыбай ауылына кіреберістегі көпір күрделі жөндеуден өткізіледі.

Өткен жылы Қарабұлақ ауылы орталық ауыз сумен қамтылса, биыл аудандағы Ақтұма, Алдабергенов, Сырымбет, Ақешкі ауылдарында су жүйелерін салу мен қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл өңірге газ тарту да – маңызды мәселелердің қатарында. Мұнда 21 елді мекен газдандыруға жатады. Әзірге Қарабұлақ, Өрқусақ, Екпінді, Сырымбет ауылдарындағы 14,4 мың адам көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алған. Қазір тағы 7 елді мекенге газ тарату желі­лерінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба­ның құны – 4,4 млрд теңге. Қалған 3 ауыл­ды газдандыру бойынша жобалау меке­мелерімен келісімшарттар жасалып жатыр.

Халықпен кездесуде өңір басшы­сы әлеуметтік саладағы істер жайына жіті тоқталды. Соның ішінде бейімделген мектептердің мәселесін шешу, мате­риалдық-техникалық базасын жақсарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын тілге тиек етті.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында да атқарылған шараларды атап өтті. Мәселен, денсаулық сақтау саласында 2022 жылы жергілікті бюд­жет есебінен 93,8 млн теңгеге Қоржын­бай, Абай және Теректі ауылдарында модульдік конструкциялар базасында медициналық пункттер орнатылған. Биыл Өтенай, Жеңдік, Бөктерлі ауылдарында блок-модульді медициналық пункттер мен Қарабұлақ ауылында жедел жәрдем стансасын орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Жетісу ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 124,7 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Биыл ауданға 2 санитариялық автокөлік сатып алынады.

Былтыр Көкжазық, Жалғызағаш және Қоңыр ауылдарының тұрғындары жаңадан мәдениет үйін салып беру жөнінде мәселе көтерген еді. Соған бай­ла­нысты осы жылы Қоңыр ауылына қанатқақты жоба ретінде блокты-модульді мәдениет үйі орнатылмақ. Оған бюджеттен 158 млн теңге бөлініп, конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Келесі жылы осындай жобамен Көк­жа­зық, Жалғызағаш ауылдарында да мәдениет үйлерін орнату мәселесі қарастырылады.

Ескелдіде ауыз су мәселесі де тұр­ғын­­дардың титығына тиіп бітті. Қазір Жаңалық, Жалғызағаш және Ақтасты ауылдарындағы су құбырларын қайта жаңғырту және салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген. Жаңа­лық ауылындағы жерасты суларын бекітуге конкурс жарияланды, Ақтасты және Жалғызағаш ауылдары бойынша жоба сараптамадан өтіп жатыр. Үш ауылдың су жүйелерінің құры­лы­сы­на қажетті сома 2024 жылдың респуб­ликалық бюджеті есебінен сұралады.

Айта кетейік, 2022-2023 жылдары Ескелді ауданына инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға және қайта жаңғыртуға бюджеттен 7 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Облыс басшысы аудан әкіміне бөлінген қаражаттың уақтылы игерілуін және нысандардың белгіленген мерзімде қолданысқа берілуін тапсырды.

 

Жетісу облысы