Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Астанадағы «Сарыарқа» ойын-сауық орталығының бірінші қабатында дизайн және тігін цехы орналасқан Бибаят апайға арнайы барып кездесіп, төл мерекесімен құттықтадық. Әңгіме барысында ұққанымыз, кейіпкеріміз бұрымы желбіреген күнінен бастап көңілі әдемілікке, тігіншілік өнерге құштар болыпты. Бақытына орай мектептегі еңбек сабағынан дәріс жүргізген ұстаздары осы саланың тәп-тәуір шеберлері екен. Мектептегі ұстазының арқасында сәндік өнердің бастауын меңгеріп, әдемі арман, қиялдарын жүзеге асырудың жолы ашылған. Әйтсе де, әке-шешесі дарынды қыздарының бұл өнердің соңына түскенін қаламаған. Бірақ «өткір кездік қын түбінде жатпайды», анасының тыйым салғанына қарамастан, тігін машинасын айналшықтауды тастай алмады.
Бүгінде жасы егде тартқан апайымыз: «Ол заманда, яғни кеңес одағы кезінде қарапайым ауыл, ауданда сән өнеріне деген көзқарас пен жалпы түсінік тым төмен болатын. Сондықтан мектеп бітіргенде басқа мамандықты таңдауға мәжбүр болдық», дейді. Алматыда оқып, журналистикада қызмет істеген Бибаят апай студент шағында да, жұмыс істеп жүрген кезінде де тігіншілікті, дизайнды бірде-бір рет тоқтатпағанын айтады. Той-жиынға баратын қыз-келіншектерге ерекше сәнді киімдер тігіп беретін. Бұл тірлігінен табыс таппаса да жаны рахатқа бөленетін.
Қазіргі Ұлытау облысының «Жезқазған туы» газетінде корректор болып жұмысын бастап, әрі қарай журналистиканың қызығы мен шыжығы көп дүниесіне еніп кетті. Жезді өңірдің тұрмыс-тіршілігі туралы талай татымды, танымдық мақалаларды дүниеге әкелді. Бірақ бәрібір жан-жүрегі қалаған тігіншілік пен сәндік өнері өзіне тартып тұратын. Журналистика саласында жауапты хатшының орынбасарлығына дейін көтерілген Бибаят апай Жезқазған облысы таратылып, елордасы Сарыарқа төріне көшкен жылдары отбасымен Астанаға қоныс аударды. Жасы 55-ке келгенде әйел кісіге жаңа жерден жұмыс табу оңай ма? Әйтсе де, Бибаят апай оған мойымаған. Отағасына бала күнгі арманын айтып, жаңарған заманда жаңа кәсіп бастауды ұсынады. Өкінішке қарай, ол кезде тірлігі де, табысы да көмескі тігіншілік пен дизайнерлік кәсіппен айналысуды отағасы құптай қоймады.
Оған қараған Бибаят апай болмады. Тәуекелге бел буып, іске кірісіп кетті. Жаны қалаған жұмысы ә дегеннен-ақ талабы мен арманын тез-ақ алға жетелеп алып кетті. Дизайнын өзі жасап тіккен киім үлгілері көпшіліктің көңілінен шықты. Той-жиынға арнап тіккен сәндік көйлектері көздің жауын алатын. Содан өзінің кәсібін ашып, көп жетістіктерге қол жеткізді.
Қазақтың ұлттық киімдеріндегі айрықша нақыштарды заманауи киімдермен үйлестіріп жасаған дизайндары жұрттың назарын бірден аударды. Киім тігіп, жаңа брендтер жасап отыратын әлемдік алпауыт фирмалардың киімін қалталы адамның кез келгені алып кие беретіні мәлім. Ал Бибаят апайдың ұлттық нақышпен әдіптеп жасаған бірегей дизайндары ескімен жаңаның астасуы арқасында ерекше үйлесім тапқан, басқа еш жерден табылмайтын жаңа бренд еді. Оны 2018 жылы Франция астанасы Парижде өткен Global Fashion Startur көрмесіне қатысқанда еуропалық киім дизайнерлері жоғары бағалады.
– Сіздердің көне ұлттық дизайн өнерлеріңіздің сақталып қалғаны қандай жақсы. Ұлттық ою-өрнек нақыштарыңыз өте әдемі екен. Ұлттық әдіптеумен үйлесім тапқан мына киім үлгілеріңіз, сіздің өзіңіз тұрмақ біздің де жанымызға тым жақын сияқты. Ал біз ұлттық дәстүрден қол үзіп қалған соң, ерте дәуірден жалғасып келген көп өнерден айырылып қалдық, – дегенді сонда еуропалық киім дизайнерлері.
Ұлтымыздың түрлі ою-өрнегін пайдаланумен қатар, Бибаят апайдың бренд киімдер коллекциясында құрақ үлгіде тігілген киімдерді көріп таңғалдық. Біздің білуімізде қазақта құрақ көрпе, құрақ жастық болатын. Десек те, құрақ үлгіде тігілген көйлектері керемет әдемі шыққан. Оны көрген қыз-келіншектердің көңілі еріксіз ауатыны анық. Бұл үлгіні сән әлеміне қосылған мүлде жаңа дизайн деп атауға лайық.
Дизайн саласындағы жетістігі мен осы өнерді дамытуға қосқан еңбегі үшін еуразиялық дизайн одағының медалімен марапатталған кейіпкеріміз Aspara fashion week халықаралық байқауының тұрақты қатысушысы. Сондықтан саладағы тынымсыз ілгерілеу, барынша жаңарып, даму ісі бір сәтке де іркілген емес. Нәтижесінде, «Атамекен» ҰКП-ның кәсіпкерлік ұсыныстар бойынша «Бизнес Кеңесші» жобасы сертификатының және Президенттің «алтын сапа» сыйлығы сертификатының иегері болды.
Жаны сүйген кәсібімен шұғылданып, осыншама жетістікке жетіп жүрген Бибаят апайымыздың да көңілінде алаң бар. Ол салаға мемлекеттік көзқарастың оңалмай тұрғаны және ине мен жіпке, киім дизайны мен сәнге қазақ жастарының жақындағысы келмейтіні.
«Әрине жұмысы қиын, табысы да тым көп емес. Егер тігін саласына мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлінбесе, осы мимырт тірлік жалғаса бермек. Қазір елімізде дизайн, тігінші мамандары дайындалғанымен, олардың барып жұмыс істеп кететін жері жоқ. Оқуды жаңа бітірген жастардың бәрі де жеке кәсіп ашып кете бермейді ғой. Республиканың әр-әр жеріндегі қадау-қадау бірлі жарым тігінші-кәсіпкерлер ешқашан өз күштерімен Қытайдан, Өзбекстаннан, Қырғыз Республикасынан ағылатын арзан киім-кешек ағындарына бәсекелес бола алмайды. Осыны дұрыс түсініп, тігіншілер мәселесі мемлекеттік деңгейде қарастырылып, шешімін тапса, көптеген жасқа жұмыс орындары ашылар еді», деп ойын жеткізді Бибаят апай.
Кәсіпкердің көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Енді үкіметтегілер еліміздегі жеңіл өнеркәсіпке мойын бұрып, жақсы тілекті қаперге алса құба-құп!