Руханият • 07 Наурыз, 2023

Тасқа таңбаланған есім

204 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің ата-бабаларымыздың мыңжылдық тарихында аналарға деген құрмет балбал тастардағы мүсіндерден де көрінетін шығар. Ұлы дала төсіндегі тас мүсіндер, балбал тасқа айналған әзіз аналар қасын керіп, ерінің қасында кең даласын әлі күнге күзетіп тұрғандай. Түркілер мәдениетіне жататын таңғажайып ескерткіштердің тылсымы, құпиялы күрсінісі жаныңды баурамай қоймайды. Еріксіз айналып келіп қайта қарайсың.

Тасқа таңбаланған есім

Тас та болса жаны бар сияқты, ойға жетелеп, жалғыз жанға ес болады. Ертедегі «алаң да алаң, алаң жұртпен» бірге жұмбақ дәуірлерге сапар шегесің. Әрі қарайғы ізді Қазтуған жыраудың өзі салып ала жөнеледі.

«Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт.

Анамыз біздің Бозтуған

Келін болып түскен жұрт...». Содан кейін барып «қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт», дейді. Атасы Сүйініштен соң бірден ана­сы Бозтуған есімін атағаннан-ақ шешеге деген құрмет атой салады. Бұл жерде бәсі ең биік сөз – жұрт, яғни ел мен жер, Отан деген сөз. Одан соң ата мен ана, елге қорған болып туған Қазтуған батыр (бала). «Отан – отбасынан басталады» деген мақалдың төркіні осы жерден шығады, демек. Бірден ел қорғаны батырларды мақтамай анасын айтады жырау. Ошақтың үш бұтындай осы ата-ана, балаларға, Қазтуғанша айтқанда, «жанға сақтау болған ЖҰРТ» екен. Қазақ оны да Жер-ана деп таниды. Бүгінде солай атаймыз. Бала елдік жағдайда кепілге жүруі мүмкін, ана сатылмаған дала заңында. Жазылмаған осы заң, осы ұстын көкейімізден өшкен жоқ. Аналарға деген құрметіміз де артпаса кемімеген. Қазақ сондай халық болып қала берсе, жер бетінен жойылып кетпесі тағы анық.

«Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа.

Өлетұғын тай үшін,

Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа.

Ашу – дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі терең қуысқа!..» (Асан қайғы)

Ақыл-ойы мен сана-сезімі осылай өлшеусіз кең пішілген халықтың кісі сыйлау, адамның қадіріне жетуі мен өмірді парықтауы өзгеше, анағұрлым жоғары. Ұлт пен ұлыстың өсіп-жетілуі, шаңырақтың құтайып, берекесінің артуы, ырысының тұрағы ғана емес, бесіктегі ұл-қыздың бойға жетіп, ат жалын тартып мінгенге дейінгі тәрбиесі аналар қолында болғанын көреміз. Әке әрдайым төрде, шаңырақтың төресі. Ол ұсынған жолды, үлгі-өнегені жеткізуші, ұрпақ бойына сіңіруші ана – мейірім ұстасы. Ұл-қыздары өсіп-жетілген соң оның да орны төр. Ақ әже, әзіз жан, қасиетті ананың талайы әулет қана емес, тұтас тайпаның ұранына айналғаны тарихтан мәлім.

Дүниеде қанша жан, қанша жүрек соқса, соның әрқайсысының түкпірінде ардақты ана есімі жазу­лы. Адам атаның қаны, ананың мейірім шуағы­нан дарыған қасиет пен махаббат арқылы өмір сүреді. Сол арқылы сүйіп-күйеді, сол арқылы ұлы ерлік­терге барады.

Ұлы жорық жырауы Доспамбет «Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы хан қызындай сұлтанның өзі еді» деп жау қолында жағдайсыз қалып бара жатып ел анасын есіне алып, тебіренеді. Ел мен жұрттың ертеңіне алаң көңілмен қарағанда әуелі халқының ар-намысына айналған ананы ойлайды. Доспамбет жырау ХVІ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін ғана өмір сүргенін ескерсек, қазақ аналарының бейнесі қадым заманнан із тартатынын пайымдау қиын емес. Есімі ұран болған берідегі аналарды айтпағанда. Сол көш қазірде тоқтап, тоқыраған жоқ. Ері жоқта тап келген дұшпанға бақан ұстап шапқан Байғозы батырдың қызы, Ағыбай батырдың анасы секілді қазақ қыздары, қазақ әйелдері, қазақ аналары махаббат пен елдіктің туын жыққан жоқ. Дулат Исабековтің «Әпкесінен», Ғалым Жайлыбайдың «Бір қап ұн. Асанәлі Әшімов» балладасынан, тағы басқа шығармалардан көрінеді.

«Қазақ поэзиясының тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі Бұқар жырау», дейді жазушы Мұхтар Мағауин. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет үлгілерінен жүлге тартып, ұлттық сана туын жоғары көтерген Бұқар жыраудың төмендегі мына сөзіне бір ауыз сөз қосудың өзі артық болғандай. Аяулы ана тақырыбын елдік тұрғысынан бағалайтын сана керек. Мұны бізге тек түйсініп оқу ғана қалады:

«Оныншы тілек тілеңіз:

Он ай сені көтерген,

Омыртқасы үзілген,

Аязды күнде айналған,

Бұлтты күнде толғанған,

Тар құрсағын кеңейткен,

Тас емшегін жібіткен,

Анаң бір аңырап қалмасқа.

Он бірінші тілек тілеңіз:

Он бармағы қыналы,

Омырауы жұпарлы,

Иісі жұпар аңқыған,

Дауысы қудай саңқыған,

Назыменен күлдірген,

Құлқыменен сүйдірген,

Ардақтап жүрген бикешің

Жылай да жесір қалмасқа».