– Шөбереңіз бе? – деп сұрадық біз жүзге аяқ басқан әжеден.
– Жоқ, шөпшегім ғой, баладан немере, немереден шөбере, шөбереден шөпшек ыстық болады екен.
– Жүздің де ауылы алыс емес-ау? – дейміз біз сәтімен сөз сабақтағымыз келіп.
– Негізі ауылдың көнекөз қариялары ескі жаңа жылды тойлап жатқанда өмірге келгенсің дейтін. Демек қаңтардың не 13-і, не 14-і болып тұр. Ал құжатымды мамыр айының 5-і деп жазылған. Ертеректе қазақ құжатқа көңіл аудара бермеді ғой, әрі 1924 жыл. Ол кезде құжат түгендеу кімнің ойында болды дейсің, – дейді асыл әже Майра Баубекқызы.
– Анығын айтыңыз, – дейміз біз әзілге сүйеп көптен білетін, жеңге есебіндегі әжейге еркелеп. – Ертең тексереді.
– Қой әрі, – дейді әжей. – Жел тербеткен жапырақтай қалтырап отырған мені тексеріп не қылсын?
Содан соң біздің сөзімізге риясыз бір күліп, жадырап қалды. Іле сыр сандықтың тиегі ағытылған. Әжеміз Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы Жұмысшы ауылының тумасы. Табиғаты көркем өлке. Іргеде талай ақынның жырына арқау болған күміс толқынды Қамысақты өзені толқи ағып жатыр. Көз ұшында дарқан даланың панасындай Жалғыз Жамантау. Етегі толған бал бұлақ. Бірі – Сандыбай бұлағы. Кәдімгі Үкілі Ыбырайдың әкесі Сандыбай атамыздың атымен аталады. Үйір-үйір шоқ қайыңдардың арғы бетінде, Жұмысшы ауылынан тай шаптырым жерде Алаш аспанын әнмен тербеген Ақан серінің бейіті. Майра апамыздың жан жары да ілкідегі айтулы тұлғалардың қатарында. Аталарына ұқсап өнер қумағанымен, адал еңбекпен аты шыққан. Кәдімгі Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Октябрь Революциясы, Халықтар достығы ордендерімен марапатталған Тұрлыбек Әбілпейісов. Заманында аты аңызға айналған адам.
Тұрлыбек атамыз бен Майра әжеміз өмірге тоғыз бала әкеліпті. Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, жас отау шаңырағын 1944 жылы көтерген. Көкірекке қатталып қалған көне суреттерді тірілтті. Тыңдап отырсаң бір жыр іспетті. Жазсаң бір кітап. Әдеп пен инабаттың, ізгілік пен ізеттің оқулығы іспетті. Майра апай жастық шағында трактор да тізгіндеген. Тұрлыбек атамыз даңғайыр диқан. Екеуі Айыртаудың құтты даласында ақық дән аялаған. Заманында көкшетаулық көрнекті ақын Еркеш Ибрагим жыр арнаған.
– Ақын досым, нені көрдің,
нені ұқтың?
– Мынау дала майданы екен
жорықтың.
Қырмандарда сел боп аққан
дән көрдім,
Дән емес-ау, сел боп жатқан
ән көрдім.
Сап-сары боп теңіздей толқып жататын Сарыарқаның солтүстік қиырында ғайыптан тайып түсіп қалған бір шөкім көгілдір жақұттай көкөрім Көкшетаудың солтүстік күнбатыс беткейіндегі Айыртау алқабы сан ақындардың жырына арқау болған ғажайып өлке.
– 1941 жылы шалғайда, бірақ сұмдық өрті тым жақын, жаныңды күйдіріп, жүрегіңді удай ашытатын соғыс жүріп жатты. Алыста, тым алыста. Ал қайғысы мен қасіреті тап жаныңнан табылатын, жаныңнан ғана емес, кеудеңдегі жұдырықтай жүрегіңнің ішіне қоныстанған алапат қайғы болатын. Жан жарым Тұрлыбек 14 жасынан бастап қан майданға аттанған әкелер мен ағаларға тиесілі колхоздың шаруасына білек сыбана кірісті. Осы күні еске алып, ой елегінен өткізіп отырса, пешенесіне жазылған пенденің сыбағасы бес батпан екен, – дейді Майра апай терең бір күрсініп алып.
Он сегізге толған шағында Бурабайдың баурайындағы Қотыркөл селосындағы республикалық механизация мектебін бітірді. Содан кейін комбайншының көмекшісі болып жұмыс істей бастады. Комбайншы Иван Ситниковтың қарамағында екі жыл жүріп, сол кездегі техниканың тілін бір адамдай игеріп шықты. Қамысақты МТС-інің директоры Талғат Тегісов ағасы танапта тыным таппайтын Тұрлыбектің айрықша қажыр-қайратына тәнті болатын. Сол тәнтілігі шығар, екі жылдан кейін жеке комбайнға ие болды. Ол кездегі комбайн С-1, «Сталинец» деп аталады. Бір маусымдағы жоспары 180 гектар жердің астығын бастыру. Бірінші жылы жалғыз комбайнмен 1200 гектар жердің астығын бастырып шықты. Жеті есеге жуық. Демек, жалғыз өзі бір бригаданың жұмысын атқарды деген сөз.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, шоқ жұлдыздай шағын ауылдағы қыз-келіншектің ынтымағы жарасты болған. Еміс-еміс есінде қалған дүние, жаз шыға төңіректің бәрі жасыл шалғынға малынып, сұлудай сыланып тұрған кезінде текемет басып, алаша тоқитындары. Бәлкім ол да ел бірлігін нығайтатын әрекет шығар. Ал, арыдан жалғасқан ата салт қаймағы бұзылмаған қалпында. Бүгінгі қазақтың басындағы ең үлкен мәселе, келін тәрбиесіне әжеміз де қынжылады екен. Жоқ, өз қолындағы келіндеріне емес, жалпы жұрттың, арыдағы ағайынның.
– Мен осы шаңыраққа келін болып түскелі 35 жыл, – дейді келіні Гүлбике. – Осы уақыт ішінде анамның қабақ шытқанын көрмеппін. Тоғыз баласынан өрбіген отызға жуық немересімен, қырыққа таяу шөбересі бар. Қазір он шақты шөпшегінің қызығын көріп отыр. Тұспалдап айтып жатқаным, ілкідегі қазақ бала санын айтпаған ғой. Тіл-көз бар дегендей. Қара шаңырақтың киесі де, иесі де осы әжеміз.
Босағасына береке байланған облыс орталығындағы қара шаңырақтан қуана аттандық. Ене сыйлай білетін келін, ұлтын ұлықтайтын әже бар екен. Бұрынғының берекесі үзілмепті, кейінгіге жұғысты болсын деп тіледік іштей.
Көкшетау